Алматыда каратэден кадеттер, жасөспірімдер мен жастар және ересектер арасындағы Азия чемпионаты басталды. Құрлықтық дода алғашында Кувейтте өтуі тиіс болған. Алайда пандемияға байланысты кейінге шегеріліп, Алматыда ұйымдастырылып жатыр. Қазақстандық федерацияның ұсынысы бойынша аталған Азия чемпионаты команданың бас бапкері, осыдан бір жыл бұрын өмірден өткен Жасталап Санауовтың рухына арналған. Біріншілікте 23 елден келген 450 спортшы бақ сынауда. Олардың қатарында каратэден Олимпиада чемпионы жапониялық Рё Киюна да бар. Сондай-ақ Қазақстан намысын Олимпиада жүлдегері Софья Берульцева, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Нұрқанат Әжіқанов, Дидар Әмірәлі, Еркінбек Байтөреевтер қорғайды. Мамандардың айтуынша, Азия чемпионатындағы Қазақстанның ең басты қарсыласы Иран құрамасы болмақ.
А.ЖАСАНҰЛЫ