Жаураған жұртты жылытар кім?
Жаураған жұртты жылытар кім?
215
оқылды
Қыс келсе, кей өңір­де жылу болмай, жау­раған жұрттың базынасын ес­тиміз. Шыны сол, елімізде жылу-электр орталықтары, қазандықтардың барлығы дерлік тозған. Кей аймақта тозу көрсеткіші 90 пайызға жетіпті. Бюджеттен мил­лиард­таған қаржы бөліп, қазандық саламыз. Бірақ жаңасынан қайыр болмай тұр. Ал оның себебі тереңде жатыр. Жылу мен электрге байланысты саланың бар­лығы тоқырап біткен.

Павлодар тұрғындары дірдектеп отыр

Павлодар қаласынан 40 ша­қырым жерде Ақсу атты метал­лургтердің шағын шаһары бар. Мұнда тұрғын үйлер мен нысан­дардың барлығы соңғы жарты ғасырдан бері Ақсу фер­ро­қорытпа зауыты арқылы жылы­тылады. Бірақ кәсіпорын желі­лерінің әбден тозығы жеткен. Үнемі апаттық жағдай. Желтоқ­санның басында қазандықтар тағы да істен шығып, бүтін қа­ланың тұрғындары түгел жау­рапты. Жалғыз кәсіпорынға тәуелді болмау үшін осыдан бес жыл бұрын әкімдікке қарасты дербес қазандық құрылысы басталған. Сол үшін 2016 жылы бюджеттен 6,3 миллиард теңге, 2017 жылы тағы 1,7 миллиард тең­ге бөлінген. Құрылыс ма­те­риал­дары қымбаттады деген желеумен сонда да қаржы жетпей қалып, жауаптылар тағы бюд­жеттің түбін қазады. Бас-аяғы жобаның жалпы құны 11 мил­лиард теңгеге жеткен. Қош, құ­рылыс толық аяқталған. Қуат­тылығы 180 гигакалорийді құ­райтын алты қазандық дайын тұр, бірақ жылу берілмей жатыр. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов оның тек келесі жылы қолда­ныс­қа тапсырылатынын айтыпты. Себебі тарифке қатысты мәселе бар. Екі қазандықтан берілетін жылу тарифі екі түрлі. Жаңа қа­зандықты салуға көп қаржы жұмсалғандықтан, оның тариф­тік бағасы ескісінен анағұрлым қымбат екен. Ал тұрғындар мен кәсіпкерлерге салмақ салмау үшін тиімді бағаны белгілеу қажет. Осы үшін 1 жыл шығын болмақ, ал 11 миллиард теңгенің қазандығы құр тұрады. Ақсуды айтпағанның өзінде, Павлодар қаласы тұрғын­да­рының да жылуға жарып отыр­ғаны шамалы екен. Мұндағы екі бірдей шағынауданның жұрт­шы­лығы былтыр қыс бойы тоңған. Сол себепті №42 жылу магистралі салынған. «Ай – Су мелиорация» атты мердігер компания 8 айдың ішінде 4 шақырымдық құбыр тартыпты. Өңір қазынасынан 3 миллиард теңге шығындаған. Бұл жолы да жаңа магистраль іске қосылмаған. Сорғы стансасы орнатылмаған екен. «Жылу құбырлары №1 жылу-электр орталығынан 30 метр төмен орналасқан, орталықтан берілетін жылу магистраль ар­қылы үйлерге дұрыс тарамайды. Оны реттеу үшін сорғы стансасын салу керек. Тиісті қондырғылар қарашаның басында ғана жет­кізілді. Сол себепті оны қара­шаның соңында ғана іске қо­самыз», – деген Павлодар қала­сының әкімі Асайын Байханов. Шенеунік сөзінде тұрмады. Қараша өтті, сорғы стансасы әлі қосылмады. «Усолка» мен «Дач­ный» шағынаудандарының тұр­ғындары жылусыз отыр. 3 мил­лиард теңге бөліп, жаңа ма­гистраль салынды, жылу маусы­мы басталды. Көмір мен жылу электр энергиясына бай Пав­лодар облысының халқы жаурап отыр. Жылу бермейтін болса, мол қаржы не үшін шығындалды?

Аймақтарда жағдай мәз емес

Жылуға жарымаған былай тұрсын, еліміздің жылу стан­саларында апаттар жиі болады. «Қазақстанның жылу электр стансалары мен қазандықтардың жұмысы туралы» статистикаға қарасақ, 2020 жылы жылу энер­гиясы көздері мен жылу желі­лерінде 52 апат тіркелген. 2017 жылдың 1 қаңтарында Қара­ғанды облысындағы Шахан кентінде жылу қазандығы жа­рылып, бес қабатты үй қи­рады. Үйіндінің астында тоғыз адам, соның ішінде үш бала көз жұмды. Бірақ жауаптылар сол оқиғадан сабақ алмағандай. Өйткені Шахан жұртшылығы биыл қыста тағы да жылу көрмей, суықтан жау­раған. Ал тұрғындар әкімнің жоғарыға «жалған» есеп бере­тінін айтып, шу шығарғанын да білеміз. Тексеріс кезінде кем­шілік көп анықталған, әйткен­мен басшылар жұртты кезекті рет «бәрін қатырамызбен» ты­ныш­тандырғанға ұқсайды. Биыл қыста Теміртау қала­сында бір емес, үш қазандық істен шығып, халық 30 градус аязда жылусыз қалып еді. Күн суытса жылусыз қалатын құбы­лысқа теміртаулықтардың бойы үйреніп бара жатқандай. Себебі жылу қазандықтары әбден ескірген, жылда жамап-жасқа­ғанымен, апат қайталана береді. Ал жылу орталықтарына жауап­ты сол баяғы алпауыт «Арселор Миттал». Компанияның «жаңа қазандықтар саламыз» дегеніне алты жыл өткен. Алпауыт Те­міртау билігі түгілі Үкімет дең­гейінде де ескерту алды, бірақ әлі күнге дейін міз бақпай отыр. Жезқазғандықтар да кейде жылуға зәру. Себебі қазандық агрегаттарының 75 пайыздан астамы тозған. 2023 жылы мәселе аздап шешіледі деген дәме бар. Биыл жазда Kazakhmys Energy компаниясы төзімді тауысып жүріп, бір қазандықты ауыс­тыратынын хабарлады. Сол үшін 8 миллиард теңге шығын болмақ. Жалпы алғанда, бұл проблема бүгін-ертең шешімін таппайтын сыңайлы. Өйткені саланы елеусіз қалдырғанымыз айдан анық.

Сала толық тоқырады

2018 жылы мамырда сол кездегі Президенттің көмекшісі Әлихан Смайылов «Жылу энер­гетикасы туралы» жеке заң қа­былдау туралы бастама көтерді, тіпті Үкіметке тапсырма берген. 4 айдан кейін Әлихан Асханұлы бас қаржыгер болып ауысты да, жоба іске аспай қалды. Таяуда елдің бас энергетигі Мағзұм Мырзағалиев осы жобаны қайта қолға алып жатқанын хабарлап, көңілге бір демеу болды. Өкі­ніштісі сол, елдегі жылумен қамтитын жүйелер тозды, әлі де тозып жатыр. Жылу-электр орталық­тарының негізгі жабдықтарының тозуы ел бойынша орта есеппен 55,42 пайызға жеткен. Жамбыл облысында 89,3 пайыз. Жағ­дайды бағамдай беріңіз, жақсы деген көрсеткіш Атырау облы­сында – 37,2 пайыз. Нұр-Сұлтанның өзінде тозу деңгейі 34,6 пайызға барған. Жауапты мемлекеттік орган мамандары­нан, сарапшылардан тұратын үкіметтік комиссия барлық өңір­ге сапарлап, «кешенді техни­калық-экономикалық бағалау» жүргізген кезде саладағы жағдай ауыр екеніне көз жеткізген. Сарапшылар «Сектордың бар­лық кәсіпорнында білікті маман тапшылығы, қызметкерлердің орташа жасының өсуі байқалады. Технологиялық процесті бас­қарудың заманауи толыққанды жүйелері жоқ болып шықты. Жылу энергетикасы секторында қолданылатын техникалық стан­дарттар халықаралық практи­каны ескере отырып, жаңартуды, заңнамалық шаралар қабыл­дауды талап етеді. Жылу энер­гетикасы секторы инвесторлар үшін де, мамандық таңдайтын жастарға да қызық емес», – деген қорытындыға келген. Республикадағы жылу же­лілері 30-50 жыл бұрын салынған. Яғни, бәрі ескі. Тағы бір қызық, Қазақстанда қазандықтан шық­қан жылудың шамамен 28 пайызы тұтынушыға жетпей, жолай құбырларда жоғалады. Ал Финляндияда жылу энергиясы шығынының бұл көрсеткіші 8 пайыз ғана. Сараптамалық деректерге жүгінсек, Қазақстанда ғимараттардың жылу энергиясын шығындауы жылына 1 шаршы метрге 240 кВт*сағат. Бұл көр­сеткіш Швецияда – 82, Гер­манияда – 120, Францияда – 126. Демек, саладан бір оңған тұсты аңғармайсыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай көміртегіден толық арылу мін­детін қойғанын білеміз. Энер­гетика ведомствосының мәлі­метінше, заңнама жылу энерге­ти­касы саласында зиянды шы­ғарын­дыны азайтатын, жылу ысырабын төмендететін және басқа инновацияларды енгізуді көздейтін жобаларға ешқандай ынталандыру, қолдау шараларын қарастырмайды. Сонда карбо­низация деңгейін қалай нөлге түсіреміз? Еліміздегі жалпы қуаттың 70 пайызы көмірден алынады. Жылу энергетикасы саласына инновациялар енгізу жайын қарастырмай, міндетті орындауымыз неғайбіл.