Оқиға Атырау облысы Индербор кентінде болды. Экс-полицей ағасын өлтіріп, оның мәйітін 3 ай ауласында жасырған. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.
Қылмыс марқұмның ұлы әкесіне іздеу салған соң ғана ашылып отыр. Көршілерінің айтуынша, бауырлар өзара арақ ішіп, арты жанжалға ұласқан. Інісі мәйітті ауласындағы қоқыс жинайтын шұңқырға жасырған көрінеді.Марқұм шаруа қожалығында мал баққан. Соңғы рет 20 қыркүйекте ауылға келіпті. Содан кейін оны көрмеген. Күдікке ілінген туған інісі, бұрын полицияда еңбек еткен. Қазір зейнет демалысында екен.Көршісі Гүлшат Жантасова: «Шошып кеттік. Көршіміз Жеңістің үйіне кіруге қорықтық. Осы жерде 15 машина тұрды. Атыраудан эксперттер, прокурорлар келді. Қылмысқа барады деп ойламаймын. Бірақ адам барып тұр ғой... Арақ ішкендікі болған шығар сол. Ішіп жүрді тілі ащы кісі ғой. Ұрынған болар...», – дейді.
Ал кент әкімі марқұмды ауылдан көп көрмегенін айтты. Әлеуметтік жағдайы төмен болса да, көмек сұрап келген емес. Көпбалалы әке. Тұрмысы төмен. Марқұмның ұлы ағасының жауапқа тартылуына қарсы.Көршісі Амандық Қалиев: «Өте жақсы адам. Отставкаға шыққан жігіт. Ол майор шенімен пенсияға шықты», – дейді.
Индер аудандық полициясы «Кісі өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіліп жатыр.«Ол кісі – ағам, ана кісі – әкем. Ажал солай келіп тұрса, оған кім қарсы тұрады? Кім кедергі жасай алады. Адам өлтіріп алғаннан кейін не істеп, не қойғанын білмейді де... Бізге өлтіріп алғанын айтты», – дейді ол.
Бұған дейін Атырау облысында ағасының мәйітін 7 ай үйінде сақтаған мұғалім туралы жазған болатынбыз.