Президент Жарлығымен Алексей Цой отставкаға кетті. А.Цой ДСМ басшысының орынтағына 2020 жылы 25 маусымда ғана отырған еді, яғни лауазымын 542 күн атқарды. Бірақ мерекелік күндер мен демалыстарды алып тастағанда, небәрі 365 жұмыс күні қалады. Тура 1 жыл. Ғаламат жоба, іргелі бетбұрыс жасауға бұл мерзім жеткіліксіз секілді. Дегенмен Цой мырзаның министр ретінде нендей өзгерістер жасағанын, нені орындау қолынан келмегенін сараптап көрдік. Саясаттанушылар мен сарапшылар кешелі бері Денсаулық сақтау министрінің жұмысынан босатылуының астар-мәнісін іздеп, жорамал құруда. Министрліктегілер оның өз еркімен кеткенін хабарлады: осыны сұрап, біраз бұрын өтініш жазған көрінеді. Қаңқу сөзге дем бермеу үшін Алексей Цой кеше не себепті биік лауазымды тәрк еткенін өзі түсіндірді. Айтуынша, мемлекеттік қызметті тастап, азаматтық секторға түбегейлі ауысуға шешім қабылдапты. Енді ғылыммен, әлеуметтік бастамалармен айналысып, сол арқылы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға үлес қоспақ. Әйтсе де, нақты қандай жаңа жұмыс тапқанын айтпады: «Таяу уақытта еңбек жолымның жаңа бағдарын айқындаймын. Алда жаңа жобалар күтіп тұр», – деп қысқа қайырды. Рақым Ошақбаев Цойдың былтыр министр болғысы келмегенін, ел басшылығы міндет қойған соң көнгенін айтады. Өзге сарапшылар А.Цой министр болғалы қазақстандықтар оның отставкаға кетуін талап етіп, бірнеше рет петиция жазғанына назар аудартады. Осыған қарашада пікір білдірген Алексей Цой елдің бұл талабын сабырлы қабылдайтынын, оған ренжімейтінін жеткізді, яғни осыдан бір айдай бұрын ол қызметінен кету ниеті жоғын білдірген. Одан ертеректе, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бастау алған вакцина салу науқаны сәтсіздікке ұшыраса, ДСМ тиісті шара қабылдамаса, министр Цойдың лауазымынан айырылатынын қатаң ескерткен-тін. ДСМ басшысы сондай-ақ Мәжіліс депутаттарының да қатаң сынына ұшырады. Осы жағдайдың бәрі жинақтала келе Цой мырзаны мемлекеттік қызметтен кетуге итермелегенге ұқсайды.
Не бітірді?
Министр болғалы не бітіргені жайында Алексей Цойдың өзі айтып берді. Басты бір жетістігі ретінде елдегі коронавирус індетінің таралу қарқынының айтарлықтай бәсеңдегенін атады. Министрліктің ресми мәліметінше, 20 желтоқсандағы жағдай бойынша бір тәулік ішінде 379 адам коронавирус жұқтырған, 2 адам қайтыс болған. Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылғы 29 шілдеде Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны бір тәулікте 7 778 адамға жетіп, рекорд орнатылды. Яғни, індеттің таралу жылдамдығы бүгінде 20,5 есеге төмендеген. Алексей Цой келесі жетістігі ретінде денсаулық сақтау жүйесінің әлеуеті көтерілгенін атап өтті. «Біз эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге үн қату үшін қажетті шарттарды түздік: әрбір өңірде жаңа инфекциялық ауруханалар тұрғызылды, жедел жәрдем машиналарының паркі жаңғыртылды. Ауылда ӨЖЖ аппараттары, жылжымалы медициналық кешендер пайда болды. Отандық фармацевтикалық өнеркәсіп өндірістің жоғарғы өсімін паш етіп келеді. Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың тиісті қоры жасалды. Санэпидемқызметтің және зертханалық қызметтің әлеуеті күшейтілді. QazVac вакцинасы шығарылуда. Қысқа уақыт ішінде денсаулық сақтау саласы нығайды. Медицина қызметкерлерінің жалақысын жүйелі негізде жоғарылатуға қол жеткіздік», – деді Алексей Цой. Бұдан бөлек, жетістіктер қатарында түрмелердегі медқызметті ІІМ-нен ДСМ-ге беруді, фармөнеркәсіпті дамытуды, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және медқызметкерлердің мәртебесін көтеруді қарастыратын заң жобаларының әзірленуі бар екен. Мембағдарлама орнын басқан «Саламатты ұлт» ұлттық жобасы қабылданды. Денсаулық сақтау саласында Цой билік еткен кезең мобильді бригадалар дәуірі ретінде де есте қалмақ. Коронавирус жұқтырған азаматтарға жедел жәрдем емес, бригада келетін болды. Министр Цой мобильді медицинаны белсенді енгізді. Үйде медициналық көмек көрсету үшін мобильді бригадалардың саны 3 мың 700-ге жетті, оның 49%-ы ауылда. Бұл ретте 2020 жылы олар 750 мыңнан астам медициналық қызмет көрсеткен. 2021 жылғы жартыжылдықта олар 1,2 миллион рет шақыруларға аттанған. Осы құрылым КВИ жұқтырған науқастарға үй жағдайында медициналық көмек көрсетуде маңызды рөл атқарды. Осы кезеңде ауруханаларға қарағанда, емханалар күшейтілді: денсаулық сақтауға бөлінген қаражаттың жалпы көлеміндегі алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландырудың үлесі 52,4%-ға дейін жеткізілді.Не бітіре алмады?
Медицина ғылымдарының кандидаты Сәбит Камалиев денсаулық сақтау саласын толық цифрландыруға осымен үшінші министрдің тісі батпағанын айтады. Медұйымдардың компьютермен толық жабдықталмағанына, дәрігерлердің компьютерде есеп толтыруға көп уақыт кетіретініне көп сын айтылып жүр. Ел бұрыннан жарнамаланған электронды денсаулық паспортына әлі күнге түбегейлі көшкен жоқ. «Бірақ цифрландыру – тек компьютер не электронды паспорт қана емес. Мысалы, ДСМ мәліметінше, 2021 жылдың 11 айында облыстық ауруханалар мен республикалық клиникалар 19 040 телемедициналық консультация өткізді. Оның 15 669-ы – облыстық ауруханалардың, 3 371-і – республикалық клиникалардың еншісінде. Айталық, биылғы І жартыжылдықта тек МӘМС аясында ғана ауруханалар мен клиникалар 41,1 миллион консультация өткізген. 558 мың операция жасалған. Яғни, телемедицинаның үлесі бар-жоғы 0,05% ғана болып тұр. Телемедицина көмегімен жасалған ота жоқтың қасы», – деді сарапшы. Негізі, пандемия дәуірінде дәл осы телемедицина қарыштап дамуы тиіс еді. Олай болмады. А.Цойдың министр кезіндегі қызметін бағалаған саясаттанушылар оның коронавирус пандемиясын тоқтатуға сіңірген еңбегін атап өтуде. Бірақ саясаттанушы-ғалым Зейін Сабырқұлов мұны жетістік санамайды: «А.Цой министр болған күні, яғни былтырғы 25 маусымда Қазақстанда бір тәулік ішінде КВИ жұқтырудың 520 дерегі тіркелгені есте. Ол кезде бүкіл республика бойынша коронавируспен ауырғандар саны 19 285 болатын. Цой тұсында бұл сан миллионға жуықтады (983 мың). Яғни, ол келгелі елдегі эпидемиялық ахуал өте нашарлады. Антирекордтар жасалды. Оның үстіне, індеттің келесі жылы қайта өршімейтініне еш кепіл жоқ. Демек, Цой жеңімпаз ретінде кетіп бара жатқан жоқ», – дейді ол.Министрдің түбіне Pfizer жетті ме?
Экс-министр халықты вакцинациялау ісін аяғына дейін жеткізе алмады. Жыл басында ВАК ұсынымына сүйене отырып, ел басшылығы ДСМ алдына биылғы 1 қыркүйекке дейін 10 миллион адамды вакцинациялау міндетін қойды. Бұл міндет әлі күнге орындалмады! 2021 жылғы 20 желтоқсандағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 8 899 669 адамға ғана вакцинаның І компоненті салынған. Осы кезеңде ВАК ДДСҰ ұсынымын басшылыққа ала отырып, вакцинациялауға жататын тұрғындар санын 11 миллионға дейін арттырды. Мұның сыртында балалар, жүкті және жас босанған аналар да вакцина алатын контингент қатарына қосылды. Яғни, меже алыстай түсті. Ведомствоаралық комиссияның дерегінше, 19 желтоқсанда Pfizer-дің «Комирнати» вакцинасының 1 дозасын жалпы саны 213 251 адам еккізген. Оның ішінде 169 430-ы – жасөспірім, 12 665-і – жүкті әйел, 31 156-сы – бала емізетін әйел. Қазақстандықтардың үлкен бөлігі америкалық-германиялық осы вакцинаны асыға күткені мәлім. Алайда ол келгенімен, егілу қарқыны өте төмен. Бір тәулік ішінде Pfizer вакцинасын небәрі 3 153 адам ғана салғызған. Неге? Мұның мәнісі қарапайым: Қазақстанда Pfizer екпесі балалар мен аналардың шектеулі санатына ғана егіледі. Өзге адамдардың тіпті ақылы негізде вакцина алуына жағдай жасалмады. Салдарынан шетелде оқитын студенттер, іссапарға шығатын қызметкерлер мен кәсіпкерлер, Еуропа мен Америкаға саяхаттайтын туристер, соларда жұмыс істейтін мигрант-азаматтар зардап шекті. Мысалы, Райгүл Нұрмұхаметқызы умра, кіші қажылық жасау үшін Pfizer-мен егілу қажет болғанын, Сауд Арабиясы біздегі басқа вакциналарды мойындамайтынын айтады. Бизнесмендер, қарапайым адамдар Pfizer-ді салғызу үшін Өзбекстанға сапарлап жүр. Яғни, Қазақстан вакциналық туризмді дамыту мүмкіндігінен айырылып қалды. ДСМ «ақылы негізде егу үшін вакцинаның қосымша көлемін жеткізу» жөнінде Pfizer-мен келісімге келе алмапты, келіссөз жалғасуда. Ақылы егу кабинеттері арқылы вакцинациялау тетіктері де әзірленбеген. ДСМ-нің тағы бір міндетті жарға жыққаны анықталды. Президенттің тапсырмасымен 2019 жылғы шілдеден бастап дәріханалардағы барлық дәрі-дәрмектің шекті бағалары белгіленді. Бұл медикаменттер саласындағы қымбатшылықты құрықтау үшін қажет еді. «Медициналық-фармацевтикалық ақпарат орталығы» сараптамалық компаниясының өкілі Роза Ормантаеваның айтуынша, «бағаны мемлекеттік реттеу күткендей нәтиже бермеді, қайта ол бағаның негізсіз өсуіне түрткі болды». Салдарынан енді келесі 2022 жылдан бастап бағалар еркіне жіберілетін болды. Бұл дәрі-дәрмектің, дәрумендердің күрт қымбаттауына әкеліп соқтыруы мүмкін. Ендеше жаңа министрге бәрібір ауыр мұра қалып тұр. Жағдайды түзеу үшін қанша уақыт қажет болатыны белгісіз.