«Шыңырау» фильмінің таныстырылымы өтті
«Шыңырау» фильмінің таныстырылымы өтті
599
оқылды

Алматыда белгілі  жазушы, қоғам қайраткері  Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің желісімен түсірілген көркем туындының ресми көрсетілімі өтті.

«Аталған көркем картина бұған дейін 10-нан астам әртүрлі халықаралық кинофестивальдерге қатысып үлгергенімен отандық көрермендерге арналған премьерасы пандемияға байланысты кейінге шегерілген болатын. Соның реті бүгін келіп отыр. Шараға қаржылай демеушілік көрсеткен «Қазақстан Коммерция» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы, белгілі меценат, мемлекет және қоғам қайраткері Жауғашты Жоланұлы Набиевке алғыс айтамыз», – деді таныстырылымға қатысқан жазушының немересі Абыл Кекілбаев. Фильмнің сценарийін осы туындыға режиссерлік еткен Жаңабек Жетіруовтың өзі жазған.    width=

«Шыңыраудың премьерасын негізі 2019 жылы 20 наурызға жоспарлаған болатынбыз. Алайда, өздеріңіз білесіздер пандемияға байланысты шектеулер болып кейінге шегеруге тура келді», – деді Жаңабек Жетіруов.

Көрсетілім артынан өткен баспасөз жиынында сөз алған «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Айдархан Әділбаев пандемияға қатьысты шектеулер болмағанда, бұл туынды бұдан да көптеген кино байқауға қатысып, жүлделі орындар алатынын атап өтті. Бұған дейін Әбіш Кекілбаевтың өмір жолын арқау еткен деректі фильм түсірілгенін де айтты. «Осыдан тура он жыл бұрын, тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Астана қаласында Жаңабек ағамыз түсірген, заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық жолына арналған деректі фильмнің тұсаукесерін өткізіп едік. Енді міне, Әбіш ағамыздың повесі желісімен түсірілген тамаша көркем фильмнің тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Әрине, пандемия болмаса, бұл фильм талай фестивальдерде жүлделі орындардан көрінетін еді.  Соған қарамастан, «Шыңырау» фильмі 10-ға жуық халықаралық беделді кинофестивальге қатысып, көрермен мен киносыншылардың ықыласына бөленді»,– деді Айдархан Әділбаев. Әдебиетке жаңалық алып келген әйгілі повесть баспадан 1982 жылы жарық көрген-тін. Содан бері бірнеше режиссер оны экранға шығаруға ниеттенген көрінеді. Тек нақты қадам 2009 жылы жасалған. «2009 жылы «Қазақфильм» киностудиясының сол кездегі президенті Ермек Аманшаевтың ұйытқы болуымен Әбіш атамның повесін экранға шығару бойынша нақты жұмыс басталды. Бұл жұмыс Жаңабек Жетіруовқа тапсырылды. Ол кісі повесть авторымен бірнеше рет кездесіп, сценаридің алғашқы нұсқасын өзіне мақұлдатқан болатын. Өкінішке қарай, атамыз фильмді түсіру жұмысы басталғанын көрмей кетті. 2019 жылы Астанада «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің бағдарламасында «Шыңырау» фильмі алғаш рет көрсетілді», – дейді Кекілбаевтың немересі. Фильмге Үстірт жазығында құдық қазуды кәсіп еткен екі қарапайым құдықшының арасындағы пендешілік  бәсекесі арқау болады.

Көркем шығарма желісімен түсірілген туындыда басты  рөлде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдабек Шалбаев ойнайды. Сонымен қатар түрлі образдық бейнелерді сомдауға  Мұхамеджан Мырзакеев, Мақсат Сәбитов, Қанат Құрымбаев,  «Дарын» жастар сыйлығының иегері Асылхан Төлепов,  Айжан Жаңабекқызы, Анар Бейсенбина сынды белгілі театр және кино актерлері қатысқан.