Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) әлем чемпионы Деметриус Андраде (31-0, 19 КО) мен Жәнібек Әлімханұлы (11-0, 7 КО) арасындағы жекпе-жектің промоутерлік саудасы өтетінін жария етті. WBO боксшылардың өкілдеріне хабарлама жолдаған. Ол бойынша тараптар кемі 200 мың доллар ұсыныспен бокс кешін ұйымдастыру құқы үшін таласа алады. Ресми құжатта сауда шарттары көрсетілген. Бұл айқас гонорары шамамен екі түрлі бөлінеді – 75 пен 25 немесе 80 мен 20. Оның үлкен бөлігі чемпионға тиесілі, ал азы үміткерге. Ал сауданың болжалды уақыты – 2022 жылдың 15 қаңтары. Әлімханұлы Twitter-де WBO шешіміне қатысты: «Оңай жұмыс», – деп жазды. Бұған дейін қазақстандық боксшы келесі жекпе-жегі туралы ақпараттың жақын арада шығатыны туралы хабарлаған болатын. Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Әлімханұлын орта салмақтағы әлем чемпионы Андрадемен жұдырықтасуға міндетті қарсылас ретінде белгіледі.
А.ЖАСАНҰЛЫ