Қызылорда облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілген бір айлық «Тәуелсіздік – ел тұғыры» акциясы қорытындыланды. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының бастамасымен қолға алынған акция аясында 300-ден аса түрлі форматтағы іс-шара өткізіліп, оларға 9 000-ға жуық азамат қатысты. Айлық шараға партия ардагерлері мен бастауыш партия ұйымдары, мәслихаттардағы фракция мүшелері мен жасотандықтар және көптеген белсенді азамат атсалысты. «Nur Otan» партиясының фракция мүшелері саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген Жол картасының индикаторларын қаржыландыру мәселелерін талқылап, бекітті. Бұл өз кезегінде жоспарланған жұмыстардың дер кезінде атқарылуына, Жол картасының уақытылы іске асырылуына септігін тигізетін болады. Сондай-ақ жұмыс аптасында белгіленген іс-шаралар да назардан тыс қалған жоқ. Партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтіп, онда облыс көлемінде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласы бойынша жемқорлықтың алдын алу жөнінде атқарылған жұмыстар талқыға салынды. Ол туралы облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Тілеумбетовтің есебі тыңдалды. Атап өту керек, 2021 жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 18,5 млрд теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 330 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары мен көпір өткелдері және көшелер жөндеуден өткізілуде. Бұдан бөлек, партия филиал жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшесі М.Нәлібаев Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/4 мекемесінің қызметкерлерімен кездесіп, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау мақсатын да түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыс әкімінің орынбасарлары Б.Жаханов пен Б.Шаменова және облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшесі А.Оңғарбаев қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындар өтінішін тыңдады. Офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылған қабылдауға 30-дан астам азамат келіп, өздерін толғандырған мәселесіне қолдау тапты.