Дәрінің де бағасы удай
Дәрінің де бағасы удай
444
оқылды
Осы күні көп саланы жайлап жатқан қымбатшылық елді алаңдатып отыр. Жаз басында құрылыс материалдары мен азық-түлік қымбат­тап жатқанда дәрі құны да тұ­рақты болмайтынын болжа­дық. Айтып, ауыз жиғанша болған жоқ, күз басында дәрі құны шарықтады. Енді бұл саладағы қымбатшылықтың тыйылар сыңайы жоқ тәрізді. Себебі алдағы уақытта мың­даған препарат құны көте­рілетін тәрізді. 

Импортқа тәуелді сала ырыққа көнбейді

Таяуда Қазақстанда 2,5 мыңға жуық дәрі-дәрмек бағасы еркін айналымға жіберілуі мүмкін екені хабарланды. Бәсекелестікті қорғау агенттігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, қазір осы мәселені пысықтап жатыр. Егер баға еркін айналымға жіберілсе, 2,5 мың препараттың құны қалай болатынын жауапты мекемелер кесіп айта алмайды. Дегенмен қымбат­тайтыны сөзсіз. Онсыз да халық дәрі құны қалтаны қағып жат­қанына шағым айтып жүргенде бұл да жығылғанға жұдырық болмақ. Ал Бәсекелестікті қорғау агент­тігінің дәрі бағасы мемлекет тарапынан реттеліп отырған соң фармацевтика нарығы тежелгенін айтқан. Оған қоса, отандық өндіру­шілерге жаңа инновациялық дәрілерді енгізуге мүмкіндік бермейді екен. Яғни, мемлекет бекіткен шекті мөлшерден қымбатқа түсетін дәрілерге сұраныс болса да, рұқсат болмаған соң дәріханаларға жеткізілмейді. Бұл жағдайда да қиындық көретін – ем іздеген жұрт. «Мемлекеттік реттеудің де өз кемшіліктері бар. Бағаны қоюда ашықтық болмайды, дәрілік заттар тізбегі азаяды. Қазір қайта реттеуге үш кезең бойынша көшу талқы­ланып жатыр. Алдымен рецептсіз дәрі-дәрмектер, гомеопатиялық, диеталық қоспалар, дәрумендер бойынша қарастырылады. Олар­дың барлығы да биржадан тыс еркін сатылымда. Екінші кезеңде рецепт бойынша дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер. Одан кейін мемлекеттік реттеуде қалатын­дарды қоспағанда, қалған пре­параттардың мәселесі қаралады»,– дейді Қаржы нарықтары және басқа салалар басқармасының бас кеңесшісі Светлана Каюпова. Әзірге медициналық тегін кө­мектің, әлеуметтік сақтандырудың шеңберінде онкологиялық науқас­тар, орфандық аурулар, коронавирус инфекциясын емдеуге арналған дәрілер мемлекеттің реттеуінде қала береді. Жалпы, Қазақстанда 7,5 мыңға жуық дәрілік зат тіркелген. Оның 7 023-нің бағасы бекітілген. Мәселенің бір түйіні мынада – еліміз дәрі-дәрмек бо­йынша импортқа тәуелді. Дәрі­лердің 88 пайызы шетелден келеді, тек 12 пайызы өзімізде өндіріледі. Шетелден жеткізілген дәрі баға­сына жол шығыны мен салық, өзге де пайыздар қосылады. Құнның тұрақсыздығына отандық өндіріс­тің ішкі сұранысты толық қамта­масыз ете алмауы әсер етті. 2019 жылы фармацевтикадағы отандық өндіріс 23 пайызға артқаны мәлім. Бірақ ішкі сұранысты айтарлықтай өтей алмаған екенбіз. Мысалы, отандық өнімдер антибиотиктерге деген сұраныстың 12 пайызын, витаминдер мен провитаминдерге деген сұраныстың бар болғаны 5 пайызын қамтамасыз еткен. Сарапшы мамандар әуелден-ақ бағаның төмендемей, қымбат­шылықтың жалғаса беретінін болжаған. Айтқандары айдай келді. графика Айтпақшы, әлем елдерінің тәжірибесінде нарықтағы бағаны қалыптастырудың түрлі әдісі бар. Ел экономикасы үшін маңызды тауар мен қызмет түрлеріне нақты баға қойылып, қатаң бақыланады. Өнімге қойылатын талапта тауар құны әрі кеткенде 30 пайызға дейін өзгеріп отырады. Осыны ескеріп, «мемлекет дәрі құнын ылғи қада­ғалап, құнның қымбаттамауына септессін» дейтіндер бар. Иә, кей мемлекеттерде дәрі-дәрмек бағасы үнемі қатаң тексеріледі. Мысалы, Түркияда дәрі құны жиі қадағалана­тындықтан, әлем елдерімен салыс­тырғанда баға төмен. Соның кесірінен кейбір әлемдік фармкомпания­лар Түркияға дәрі-дәрмектерін жөнелтуден түбегейлі бас тартқан кездер де болған. Осылай кей нау­қастар өзіне қажетті дәріге мүлде қол жеткізе алмай қалуы мүмкін. Сондықтан қатаң қадағалауды да жөнді жол дей алмаймыз.

Қай дәрі қанша қымбаттады?

Шыны сол, соңғы кезде шенділер кез келген саладағы кемшілік пен қымбатшылыққа пандемияны айыптайтын әдет тауып алды. Дәрі қымбаттауына да осы себепті алға тартады. Бірақ саладағы қымбат­шылық пандемияның алдында-ақ басталған. Мәселен, 2018 жылы антибиотиктер, витаминдер, жү­рек-қан тамырларына арналған препараттар және анальгетиктердің бағасы 10 пайызға артты. 2019 жылы жалпы дәрі-дәрмек 8,7 пайызға қымбаттаған. Ал өткен жылдың халі баршаға белгілі. Биыл көктемнің басында дәрі-дәрмек тағы қымбаттап үлгерді. Наурызда йодтың 5% ерітіндісі 31 пайызға дейін, этил спиртінің құны 30 пайызға дейін өскен. Energyprom-ның есептеуінше, негізгі дәрі-дәрмектердің бағасы 10-15 пайызға дейін шарықтапты. Сөзіміз жалған болмасын, дәрілерге жеке-жеке тоқталып, баға қанша өскенін дәйекпен келтірейік. Әуелі корона­вирусқа қарсы дәрмектерді айтсақ. Құрамында ацетилцистеин белсенді заты бар жөтелге қарсы «АЦЦ» мен «Флуимуцил» препарат­тарының орташа бағасы 2020 жылы көктемде 1 600-2 500 теңгеге дейін болған. Кейінгі орташа баға 3 000-3 500 теңгеге жуықтады. Вирусқа қарсы «Ингавирин 90» препараты бұрын 4,5 мың теңге шамасында болса, қазір 5,2-6,8 мың теңгеден саудаланады. Ең арзан дәрілердің бірі саналатын «Аспирин» де қымбаттамай қалмапты – 2020 жылдың басында бір данасы 30 теңге еді, қазір 60-70 теңге шамасында. Бұдан бөлек, жұрт көп тұтынатын препараттар жайына келсек. Биыл қыркүйекке дейін 30 мл «Хилак форте» дәрісі 1 300 теңге болған, қазір 1 860 теңгеге жетті. 30 капсулалық «Эссенциале форте Н» жазда 2 600 теңге болған, бүгінде 3 000 теңге тұрады. Кең қолданыс­тағы ауырсынғанды басатын «Но-шпа» (40 мг, 100 таблетка) 2 425 теңге, қазір 2 700 теңгеге өсті. 125 мл «Аквалор» күз басында 1 850 теңге тұрған, қазір 2665 теңге. Бұл қатарды осылай толықтырып, тізе беруге болады.

Шенділер бос уәдеге тойдырған ба?

Биыл көктемнің басында Мә­жіліс депутаттары халықты қажетті препаратпен толық қамтамасыз ету үшін дәрінің шекті бағасын қайта қарауды ұсынған еді. Ал соның алдында ғана таяуда қызметінен кеткен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп жұмыс істегеннен кейін дәрілік препараттардың бағасын 27 пайызға дейін төмендеттік» деп жария етті. Алайда мына жақта баға көтеріліп жатқанда ел кімге сенерін білмеді. Дәріханалар сөресінде тұрған дәрі құны мен министрдің алға тартқан дерегі бір-біріне мүлде ұқсамайтындай көрінгені рас. Жаз­да шенділер былтырғыдай тапшылық болмайды әрі дәрі-дәрмек бағасы да қымбаттамайды деп уәде бере бастады. Дәрі құнына қатысты есеп берген Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы Нұрлыбек Асылбеков жағдай толық бақылауда екенін айтқан. «Баға көтерген жайт тіркелген жоқ. COVID-19-ды емдеу хаттамасында ұсынылған дәрі-дәрмек дәріханаларда бар, шағымдар жоқ, баға диапазонына және сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бізде болған жағдайға және бағаның көтерілуіне байланысты ковидке қарсы препараттардың бағасын төмендету туралы шешім қабылданды. Өткен жылдың соңында нормативтік-құқықтық актілер қабылданды, шекті бағалар реттеудің ерекше тәртібімен төмендетілді. Үстеме бағалар екі есе төмендетілді», – деген еді. Өткен жылдарды есепке алмай-ақ қояйық, биылғыны шолсақ, көктем басында баға өсті, күзде тағы, енді 2,5 мың дәрінің бағасы еркін айналымға жіберілмек. Шамасы дәрі-дәрмекке қатысты қымбатшылықтың тоқтайтын сыңайы жоқ.