Осы күні көп саланы жайлап жатқан қымбатшылық елді алаңдатып отыр. Жаз басында құрылыс материалдары мен азық-түлік қымбаттап жатқанда дәрі құны да тұрақты болмайтынын болжадық. Айтып, ауыз жиғанша болған жоқ, күз басында дәрі құны шарықтады. Енді бұл саладағы қымбатшылықтың тыйылар сыңайы жоқ тәрізді. Себебі алдағы уақытта мыңдаған препарат құны көтерілетін тәрізді.
Импортқа тәуелді сала ырыққа көнбейді
Таяуда Қазақстанда 2,5 мыңға жуық дәрі-дәрмек бағасы еркін айналымға жіберілуі мүмкін екені хабарланды. Бәсекелестікті қорғау агенттігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, қазір осы мәселені пысықтап жатыр. Егер баға еркін айналымға жіберілсе, 2,5 мың препараттың құны қалай болатынын жауапты мекемелер кесіп айта алмайды. Дегенмен қымбаттайтыны сөзсіз. Онсыз да халық дәрі құны қалтаны қағып жатқанына шағым айтып жүргенде бұл да жығылғанға жұдырық болмақ. Ал Бәсекелестікті қорғау агенттігінің дәрі бағасы мемлекет тарапынан реттеліп отырған соң фармацевтика нарығы тежелгенін айтқан. Оған қоса, отандық өндірушілерге жаңа инновациялық дәрілерді енгізуге мүмкіндік бермейді екен. Яғни, мемлекет бекіткен шекті мөлшерден қымбатқа түсетін дәрілерге сұраныс болса да, рұқсат болмаған соң дәріханаларға жеткізілмейді. Бұл жағдайда да қиындық көретін – ем іздеген жұрт. «Мемлекеттік реттеудің де өз кемшіліктері бар. Бағаны қоюда ашықтық болмайды, дәрілік заттар тізбегі азаяды. Қазір қайта реттеуге үш кезең бойынша көшу талқыланып жатыр. Алдымен рецептсіз дәрі-дәрмектер, гомеопатиялық, диеталық қоспалар, дәрумендер бойынша қарастырылады. Олардың барлығы да биржадан тыс еркін сатылымда. Екінші кезеңде рецепт бойынша дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер. Одан кейін мемлекеттік реттеуде қалатындарды қоспағанда, қалған препараттардың мәселесі қаралады»,– дейді Қаржы нарықтары және басқа салалар басқармасының бас кеңесшісі Светлана Каюпова. Әзірге медициналық тегін көмектің, әлеуметтік сақтандырудың шеңберінде онкологиялық науқастар, орфандық аурулар, коронавирус инфекциясын емдеуге арналған дәрілер мемлекеттің реттеуінде қала береді. Жалпы, Қазақстанда 7,5 мыңға жуық дәрілік зат тіркелген. Оның 7 023-нің бағасы бекітілген. Мәселенің бір түйіні мынада – еліміз дәрі-дәрмек бойынша импортқа тәуелді. Дәрілердің 88 пайызы шетелден келеді, тек 12 пайызы өзімізде өндіріледі. Шетелден жеткізілген дәрі бағасына жол шығыны мен салық, өзге де пайыздар қосылады. Құнның тұрақсыздығына отандық өндірістің ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмауы әсер етті. 2019 жылы фармацевтикадағы отандық өндіріс 23 пайызға артқаны мәлім. Бірақ ішкі сұранысты айтарлықтай өтей алмаған екенбіз. Мысалы, отандық өнімдер антибиотиктерге деген сұраныстың 12 пайызын, витаминдер мен провитаминдерге деген сұраныстың бар болғаны 5 пайызын қамтамасыз еткен. Сарапшы мамандар әуелден-ақ бағаның төмендемей, қымбатшылықтың жалғаса беретінін болжаған. Айтқандары айдай келді.Қай дәрі қанша қымбаттады?
Шыны сол, соңғы кезде шенділер кез келген саладағы кемшілік пен қымбатшылыққа пандемияны айыптайтын әдет тауып алды. Дәрі қымбаттауына да осы себепті алға тартады. Бірақ саладағы қымбатшылық пандемияның алдында-ақ басталған. Мәселен, 2018 жылы антибиотиктер, витаминдер, жүрек-қан тамырларына арналған препараттар және анальгетиктердің бағасы 10 пайызға артты. 2019 жылы жалпы дәрі-дәрмек 8,7 пайызға қымбаттаған. Ал өткен жылдың халі баршаға белгілі. Биыл көктемнің басында дәрі-дәрмек тағы қымбаттап үлгерді. Наурызда йодтың 5% ерітіндісі 31 пайызға дейін, этил спиртінің құны 30 пайызға дейін өскен. Energyprom-ның есептеуінше, негізгі дәрі-дәрмектердің бағасы 10-15 пайызға дейін шарықтапты. Сөзіміз жалған болмасын, дәрілерге жеке-жеке тоқталып, баға қанша өскенін дәйекпен келтірейік. Әуелі коронавирусқа қарсы дәрмектерді айтсақ. Құрамында ацетилцистеин белсенді заты бар жөтелге қарсы «АЦЦ» мен «Флуимуцил» препараттарының орташа бағасы 2020 жылы көктемде 1 600-2 500 теңгеге дейін болған. Кейінгі орташа баға 3 000-3 500 теңгеге жуықтады. Вирусқа қарсы «Ингавирин 90» препараты бұрын 4,5 мың теңге шамасында болса, қазір 5,2-6,8 мың теңгеден саудаланады. Ең арзан дәрілердің бірі саналатын «Аспирин» де қымбаттамай қалмапты – 2020 жылдың басында бір данасы 30 теңге еді, қазір 60-70 теңге шамасында. Бұдан бөлек, жұрт көп тұтынатын препараттар жайына келсек. Биыл қыркүйекке дейін 30 мл «Хилак форте» дәрісі 1 300 теңге болған, қазір 1 860 теңгеге жетті. 30 капсулалық «Эссенциале форте Н» жазда 2 600 теңге болған, бүгінде 3 000 теңге тұрады. Кең қолданыстағы ауырсынғанды басатын «Но-шпа» (40 мг, 100 таблетка) 2 425 теңге, қазір 2 700 теңгеге өсті. 125 мл «Аквалор» күз басында 1 850 теңге тұрған, қазір 2665 теңге. Бұл қатарды осылай толықтырып, тізе беруге болады.Шенділер бос уәдеге тойдырған ба?
Биыл көктемнің басында Мәжіліс депутаттары халықты қажетті препаратпен толық қамтамасыз ету үшін дәрінің шекті бағасын қайта қарауды ұсынған еді. Ал соның алдында ғана таяуда қызметінен кеткен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп жұмыс істегеннен кейін дәрілік препараттардың бағасын 27 пайызға дейін төмендеттік» деп жария етті. Алайда мына жақта баға көтеріліп жатқанда ел кімге сенерін білмеді. Дәріханалар сөресінде тұрған дәрі құны мен министрдің алға тартқан дерегі бір-біріне мүлде ұқсамайтындай көрінгені рас. Жазда шенділер былтырғыдай тапшылық болмайды әрі дәрі-дәрмек бағасы да қымбаттамайды деп уәде бере бастады. Дәрі құнына қатысты есеп берген Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы Нұрлыбек Асылбеков жағдай толық бақылауда екенін айтқан. «Баға көтерген жайт тіркелген жоқ. COVID-19-ды емдеу хаттамасында ұсынылған дәрі-дәрмек дәріханаларда бар, шағымдар жоқ, баға диапазонына және сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бізде болған жағдайға және бағаның көтерілуіне байланысты ковидке қарсы препараттардың бағасын төмендету туралы шешім қабылданды. Өткен жылдың соңында нормативтік-құқықтық актілер қабылданды, шекті бағалар реттеудің ерекше тәртібімен төмендетілді. Үстеме бағалар екі есе төмендетілді», – деген еді. Өткен жылдарды есепке алмай-ақ қояйық, биылғыны шолсақ, көктем басында баға өсті, күзде тағы, енді 2,5 мың дәрінің бағасы еркін айналымға жіберілмек. Шамасы дәрі-дәрмекке қатысты қымбатшылықтың тоқтайтын сыңайы жоқ.