Салт-дәстүрімізді насихаттауға қолдау көрсеткен Nur Otan-ға мүше болдым – Бахаргүл Төлегенқызы
Салт-дәстүрімізді насихаттауға қолдау көрсеткен Nur Otan-ға мүше болдым – Бахаргүл Төлегенқызы
209
оқылды

Жаңа жыл қарсаңында танымал топтамашы-этнограф, қазақ ұлттық кәдесыйларын жасап шығаратын «Әдемі-ай» компаниясының президенті Nur Otan партиясына мүше болуға ниет білдіргенін айтты. Ол бұл туралы фейсбуктегі жеке парақшасында хабарлады.

«Биыл еліміз үшін атаулы жыл – Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына мерейлі 30 жыл толды. Осындай мерекелі жылы отбасымыз қуанышқа кенеліп, тұла бойым тұңғышым Әдеміні ұзатып, құда-жекжатты болдық. Айтулы мерекемен қатар ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді насихаттап келе жатқан «Әдемі-ай» компаниясына – 20 жыл толды. Компаниямыздың халыққа ұсынар кәдесыйлары жаңа тартымды топтамалармен толықты. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында осы жаңа топтамалардың тұсауын кесу салтанатын өткіздік. Тараз қаласында компаниямыздың филиалы ашылды. Тағы бір маңызды іс-шара «Қазақ қызымын» деген тақырыппен кітабым жарыққа шықты. Туынды жалпы оқырманға арналған мотивациялық эссе ретінде жазылған. Қазақтың салт-дәстүрін насихаттау үшін ауқымды сұхбаттар бердім. Осындай азды-көпті еңбегім мемлекет тарапынан еленіп, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болдым. Бұл марапат мен үшін үлкен мәртебе. Аталған іс-шараларда және салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттауға қолдау көрсетіп келе жатқан Nur Otan партиясына үлкен алғысымды білдіремін. Ал өздеріңіз білетіндей, мен бұған дейін «Ауыл» партиясының мүшесі болдым. Алайда халықты береке мен бірлікке бастаған билеуші партияның әр азаматқа берер мүмкіншілігі мол екеніне, нақты істеріне көз жеткіздім. Сондықтан да Nur Otan партиясына мүше боламын деп шешім қабылдадым. Алдағы уақытта Nur Otan-мен бірге ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға арналған мәдени іс-шараларда белсенділік танытып, жемісті еңбек атқаратынымызға сенімім мол. Барлығымыз ел мүддесі мен жарқын болашақ үшін қызмет етіп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде таныта берейік! Бұл баршамыздың міндетіміз!» – деп жазды Бахаргүл Төлегенқызы.