Шымкенттің қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Бахрейн Корольдігінде қыздарды жыныстық құлдыққа сатқан 16 адамға үкім оқылды. Үкімді оқыған судья Әбсаттар Шахиддинов айыпталушылардың 1 жылдан 14 жылға бейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілгенін атап өтті.
Естеріңізде болса, бұл оқиға ақпан айында әшкере болған. Негізінен Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан 36 қыз шетел асып, жұмысқа кеткен болатын. Олар өздерінің жыныстық құлдыққа түскенін барғаннан соң ғана білген. Осынау сұмдық жағдайға алғашқы үкім тамыз айында оқылды. Ол кезде әл-Фараби аудандық сотында қыздарды шетелге жыныстық құлдыққа сатқан Шымкенттің үш тұрғынына үкім шығарылған. Оларға алты жылдан аса мерзімге бас бостандығына айыру жазасы тағайындалды. Бұл жолғы Бахрейн оқиғасына қатысты атышулы сот процесінде транс-ұлттық қылмыстық топтың ұйымдастырушылары ретінде 16 адам айыпталушы ретінде тергеліп, енді міне оларға да сот үкімі оқылды. Олардың арасында қазақстандықтардан бөлек, Ресей азаматтары да бар. Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің «Трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», «адам саудасы», «кәмелетке толмағандар саудасы», «қылмыстық жолмен алған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту» баптары бойынша кінә артылды. Жәбірленушілердің басым бөлігі жетімдер үйінде, арнайы мектеп-интернаттарында және тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленген екен. Арасында кәмелет жасқа толмаған қыздар да бар.Ұйымдасқан қылмыстық топты құрушы ретінде 14 жылға бас бостандығынан айырылған 36 жастағы Саодат Азадова 2016 жылдың басында өзінің танысынан Бахрейн Королдігінде Қазақстаннан кәмелет жасқа толмаған жас қыздарды сатып алады деген ақпарат алады. Яғни жас қыздарды жыныстық құлдыққа үнемі жіберіп отырғаны үшін едәуір қаржы беретінін естиді. Бұл істі жалғыз өзі атқара алмайтын болған соң жанына сыбайлас іздестіре бастайды. Арнайы топ құрып, кірісіп кетеді. Осындай жоспары бойынша Бахрейн азаматын араға салып, ойлаған істерін жүзеге асыра бастайды.Бұл жақтан жоғары жалақыға жұмыс ұсынып, шетелге апарған соң оларды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлейді. Алданған қыздардың құжатын тартып алып, жүріп-тұруын шектейді. Бахрейнге әрбір жіберген қыздары үшін банк арқылы 2000-5000 АҚШ доллары түсіп отырған. Бұл іске өзінің анасын да араластырып жібереді. (1958 жылғы анасы да 1 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды). Демек, ақша анасының есепшотына аударылып тұрған. Осылайша 2016 жылдың шілдесі мен 2020 жылдың наурызы арасында 38 қызды (арасында жасөспірімдер де бар) құлдыққа сатып, осы аралықта королдіктен сыйақы ретінде 149 771 АҚШ долларын, яғни 48 847 842 теңге алған. Судья Ә. Шахиддиновтың айтуынша 150 томнан тұратын іс сотқа 14 мамырда түскен. Іс жабық түрде қаралып, 27 мамырда сот тергеуі басталған. Сотталушылардың екеуі Қазақстанда тұратын Ресей азаматы. Адам саудасымен айналысқан Рано, Әсел, Елмира есімді айыпталушылар жәбірленушілермен татуласуына және кәмелет жасқа толмаған балалары бар екені ескеріліп, қылмыстық жауаптан босатылыпты. Судья сотталушылар тағылған айыпты толық және ішінара мойындағанын айтады.