Қазақстанның төрт облысында жаңа колониялар салынады
Қазақстанның төрт облысында жаңа колониялар салынады
© azattyq-ruhy.kz
Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде жазаларды орындау саласын реформалауға қатысты баспасөз конференциясы өтті. Шараға ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов және Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев қатысты, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшысы ҚАЖ жаңа мекемелерінің құрылысы туралы айтып берді.
«Бастапқы кезеңде 2022-2024 жылдар аралығында Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 4 құрылыс салу жоспарланған. 2024-2029 жылдар аралығында Білім министрлігі мектеп құрылысына ұқсас жан басына қаржыландыру әдісімен тағы 16 мекеме салуды жоспарлап отыр», – деді комитет төрағасы.
Жанат Ешмағамбетовтың айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) шеңберінде жаңа колониялар салу неғұрлым ұтымды болып табылады. «Құрылыстың бұл түрі инвестордың қаражаты есебінен бюджетке жүктемені азайтады, ол өз кезегінде салынған ақшаны келісілген мерзімде қайтарады», – деді маман. Ведомствода қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстар өткен ғасырдың 30-70 жылдары салынғанын, олардың басым бөлігі ескірген және апаттық жағдайда екенін, сондай-ақ қылмыстық заңнаманың қатаңдатылуына байланысты 2020 жылдан бастап түрмедегі адамдардың көбеюі байқалатынын атап өтті.