«Әріптесін зорлады» деп айыпталған семейлік полицей жұмыстан қуылды
«Әріптесін зорлады» деп айыпталған семейлік полицей жұмыстан қуылды
Фото көрнекілік үшін ©tyumen-news.net
405
оқылды

Әріптесін зорлады деп айыпталған семейлік полицейдің үстінен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті хабарлады. «Полиция қызметкері жәбірленуші бойжеткенмен бұрыннан таныс. Сотқа дейінгі тергеу аясында келтірілген дәйектер тексеріліп жатыр. Сараптама тағайындалды. Қоғам наразылығына байланысты аталған қызметкер 30 қарашада ішкі істер органынан қызметтен босатылды» делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Журналист Михайл Козачков өзінің телеграм арнасында келеңсіз оқиғаның 25 қарашада түнгі 23:00-де болғанын, Семей қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының 36 жастағы инспекторы өз көлігінде бір басқармада жұмыс істейтін, байланыс және информатизация бөлімінің қызметкері, 1997 жылы дүниеге келген, тұрмысқа шықпаған полиция сержантын зорлағанын жазған болатын. «Семей прокуратурасы 29 қарашада зорлау фактісін тіркеген. Жәбірленуші сол күні (25 қараша) полицияға арыз жазбақшы болған, бірақ Семей полиция басқармасы мен облыстық Полиция департаменті басшылығы оны райынан қайтаруға тырысқан. Олар жақында ғана Риддерде дәл осындай жағдай болғанын сылтау еткен» деп жазды Козачков. Риддер демекші, жақында әлеуметтік желілерде сондағы уақытша ұстау изоляторы бастығының қол астындағы қызметкерді зорлағандығы жайлы ақпарат тараған болатын. Мұны облыстық Полиция департаменті де растаған еді. «Қазіргі уақытта аталған факті бойынша полиция қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізуде. Ол ҚР ҚІЖК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Құқық қорғау органдарының беделін түсіретін теріс қылық жасағаны үшін тәртіп сақшысы жұмыстан шығарылды. Сондай-ақ оның тікелей басшылары және қалалық полиция басқармасының бастығы қызметінен босатылды. Бүгінде жеке құрам арасындағы заңдылық пен қызметтік тәртіп мәселелері ішкі істер органдарының қызметінде басым бағыттың бірі болып отыр. Өз қатарымызды тәртіп бұзушы қызметкерлерден тазарту үшін белсенді жұмыс істеп жатырмыз» деген-ді департамент бастығы Сағат Мәдиев.