Министр шаруаларға неге ұнамай қалды?
Министр шаруаларға неге ұнамай қалды?

Биыл Маңғыстау мен Аралда болған қуаңшылық келер жылы басқа өңірлерде қайталануы мүмкін. Елдегі шаруалар көптен бері Ауыл шаруашалығы министрлігі құрғақшылықтың салдарын жоймағанын, алдын алуға күреспей отырғанын айтып жүрген. Ақыры шаруалардың наразылығына ұласты.

Қарашөкеев отставкаға кете ме? 25 желтоқсанда еліміздің әр өңірінен жиналған 40-тан астам шаруа бейбіт шеруге шығуды жоспарлаған болатын. Дегенмен оларды 22 желтоқсан күні Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев кездесуге шақырып, мәселені ортақ талқылауды ұсынды. Шаруалар ведомство басшысымен басқосуға келісті, әйткенмен министрлік өкілдері жиынды жабық түрде өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарын қатыстырмауды ұйғарған. «Журналистер қатыспаса, біз де кездесуге келіспейміз» деген шаруалардың сөзінен соң министрлік шешімін өзгертіп, рұқсат етті. министр Шаруалар көтерген мәселе көп, бастылары – мал шаруашылығына бөлінетін субсидияның аздығы, жайылым жер мен мал азығының тапшылығын шешу. Мал азығы демекші, даудың ушығуына Қарашөкеевтің күз басында айтқан сөзі де себеп. «Жағдай реттеліп, мәселелер шешіліп келеді. Биыл малға беретін екпе шөп алқабы 3,2 млн гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. Малға жем ретінде берілетін дақылдардың егіс алқабы – 2,6 млн гектар. Бұл көрсеткіштер мал азығын даярлау жоспары елде 98 пайызға орындалғанын көрсетеді. Мал азығымен қамтамасыз ету мәселелері министрлік пен облыс әкімдіктерінің тұрақты бақылауында», - деген еді министр. Бірақ шаруалардың пікірі мүлде басқа арнада. Мәселен, маңғыстаулық шаруа Әділбек Сағындықов қуаңшылықтың зардабы үдемесе, тыйылмағанын айтады. министр – Біріншіден, Маңғыстау өңірінде мал әлі де қырылып жатыр. Жағдай реттелеме деп едік, керісінше ушығып барады. Көктемде тұяқ қалмай ма деп қорқамыз. Мән-жайды министр келіп білмесе, шындығы жоғарыға айтылмай отыр. Екіншіден, өлген малдың статистикасын қайта шығарсақ. Себебі әр жерде әр түрлі ақпарат айтылады, әкімдік «1,5 мың мал қырылды» дейді, ал басқа жауаптылар 3 мың, кейде 5 мың деп айтып жүр. Шындығында бұдан да көп. Тіркелмеген малды санаққа қоспайтынын білеміз, алайда әркім әртүрлі жорымас үшін есепті нақтыласақ. Оның үстіне «4 мың мал қырылғаны – қалыпты жағдай» деген Қарашөкеев мырзаның сөзін түсіне алмадық. Үшіншіден, мал азығына қатысты жағдай реттелген жоқ. Маңғыстауда 1 рулон шөп 18,5 мың теңге тұрады. Мысалы, мен азғантай малыма жемді есептемеген күннің өзінде, 1 айда тек шөп алу үшін 550 мың теңге шығындап отырмын, - дейді шаруа. Бұдан бөлек, Сағындықовтың айтуынша, жергілікті мұнай компаниялары қызметкерлеріне беретін тағамның етін шетелден алдыртады екен. Ал өңірдегі шаруалар мал өткізетін жер таппай жүр. Егер осы мәселе жөнге түссе, компаниялар да, шаруалар да артық шығынға батпайтын еді. Рас, Маңғыстаудағы хәл қиын. Мамандар өңірдегі жайылымдық жерлердің 80 пайызы жарамсыз қалғанын хабарлады. Жасанды жаңбыр жауғызып, жайылымды көгертеміз деген дәме де құр қалды. Енді елдің оңтүстік өңірінде қуаңшылық басталуы мүмкін. Шаруалар министрге «егер бұл мәселелерді шешіп, алдын алмасаңыз, отставкаға кетіңіз» деп отыр. министр Министр қар жауғанын күтіп жүр Ал Ауыл шарушылығы министрі Ербол Қарашөкеев келер жылдан бастап «бәрі жақсы болады» дегенге сендірді. Осыған дейін Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен жүздескенін айтқан ол, қаңтарда резервтен ақша бөлгізу үшін Қаржы министрлігіне хат жазып, орынбасарын өңірге аттандыратынын жеткізді. Әңгімені басқа арнаға бұрғысы келді ме, ведомство басшысы шаруалардан «өңірлеріңізде қар жауып жатыр ма?» деп сұрады. Солтүстік пен Шығыс, Ақмола мен Батыс Қазақстан облысын айтпағанда, қазір өзге өңірлердің көбінде қар түспеген. Бұдан соң министр Ветеринария комитетіне өлген малдың есебін қайта жүргізуді тапсырды. Заң жүзінде мұнай компанияларын тікелей басқара алмайтынын айтып, мәселені Энергетика министріне хабарлайтынын жеткізді. министр Агросаясатта кемшілік көп Шаруалардың тағы бір сұрары – қиын кезеңді еңсеру мақсатында алдағы 5 жылдық кезеңге жоба әзірлеу. Әйтпесе қазіргі қарқынмен түк те өзгермейді. Ақтөбелік шаруа Марлен Баймағамбетов субсидия бөлуден бастап, заңнамада да қателік көп екенін баяндады. – Біріншіден, Ветеринария саласына жергілікті әкімдіктен тыс қосымша құзыр берген жөн. Ветеринарлар жағдайды білсе де, көп нәрсені ашуға жергілікті биліктің кедергі келтіретінін жеткізді. Жалақысы аз. Сосын қалай мал амандығын сұраймыз? Екіншіден, субсидия беруде кемшіліктер өте көп, механизмдерін қайта қарасақ. Әкімдіктер шаруалармен жөнді жұмыс істемейді. Үшіншіден, министрлік салаға қатысты заң әзірлеу кезінде шаруалармен неге ақылдаспайды? Заңда қарама-қайшы тұстар көп. Ұсыныс айтамыз, бізге ұнайтындай етіп басқа заң жобасын көрсетеді де, таяғанда мүлде өзге заңдарды алға тартады. Заңгерлеріміз бар, заң әзірлеуші тұлғалармен отырып, кеңесуге мүмкіндік берсеңіздер, - деді Баймағамбетов. Министр жиыннан кейін оңаша заң әзірлеушілер мен шаруалардың басын қосуға келісті. Алдағы уақытта қандай да бір өзгеріс енгізілер алдында, шаруаларды шақыртатынын айтты. Әйткенмен көкейдегі күмән толық сейілмеген тәрізді. Шаруалар жағдайдың реттелетініне толық сенбейді.

                                                                         Мадияр Төлеу