Вакцина алмаған оқушылар мен студенттер қалай оқиды?
Вакцина алмаған оқушылар мен студенттер қалай оқиды?
Мессенджерлерде Өскеменде колледждердің бірінде вакцина алмаған бүкіл студенттер қашықтан оқыту форматына көшіретіні туралы ақпарат тарап жатыр, – деп хабарлайды Stopfake.kz. Осыған ұқсас тағы бір хабарламада теміртаулық мектепте үшінші тоқсанда COVID-19-ға қарсы екпе алмағандарды сабаққа жібермеу үшін балалар мен ата-аналар туралы мәлімет жинап жатқаны айтылған. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев бұған қатысты пікірін білдірді.
– ШҚО білім басқармасы басшысының айтуынша, аталған факті анықталғаннан кейін колледж директорымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде вакцина алмаған студенттерді қашықтан оқытуды ұйымдастыру туралы бұйрық жойылды. Бүгінгі таңда бұл – облыстағы мектептер мен колледждерде орын алған жалғыз факті, – деді Ержан Байтанаев.
Сондай-ақ, оның айтуынша, екпе алмаған оқушыларды қашықтан оқыту форматына ауыстыру туралы хабарламалар ойдан шығарылған және негізсіз.
– Қазақстан Республикасының және Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитария дәрігерлерінің қаулыларында егілмеген оқушыларды білім ұйымдарына жіберуге тыйым салу туралы талап жоқ. Бұл ретте ҚР бас мемлекеттік санитария дәрігерінің 2021 жылғы 20 қазандағы №46 қаулысының 5-тармағына сәйкес Денсаулық сақтау басқармасы Білім басқармасымен бірлесіп, вакцинаның қажетті көлемін есептеу үшін тізімдер жасай отырып, КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жататын адамдар туралы деректерді алдын ала жинауды (ақпараттандырылған келісімді ескере отырып) қамтамасыз етуі тиіс, – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі.