«Nur Otan» партиясының Ақмола облысы бойынша Жол картасы аясында «Бақытты отбасы» жобасының орындалуы Саяси кеңес бюросының отырысында қаралды. Айта кетейік, «Бақытты отбасы» партиялық жобасы көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған. Ақмола облысы бойынша аталған жобаны жүзеге асырудың Жол картасы 3 бағыттан тұрады. Бұл – отбасы мен балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық шаралар, отбасы мен балаларды құқықтық қорғауды қамтамасыз ету және отбасы институтын нығайту. Осыны жүзеге асыру бойынша 40-тан аса іс-шара қарастырылған. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан маңызды іс-шаралардың бірі – инклюзивті білім беруді дамыту. 2025 жылға дейін облыста инклюзивті білім беруді қолдау бойынша 103 ресурстық кабинет ашу жоспарланған. Биылғы жоспар 100% орындалып, 8 ресурстық кабинет ашылды. Сонымен қатар №1 және 4 арнайы мектеп-интернаттарының жанына қосымша ғимараттар салу жұмыстары қолға алынған. Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуы үшін жағдай жасау мақсатында автокөліктер сатып алу жұмысы да жоспарлы жүзеге асырылуда. Саяси кеңес бюросының отырысында партияның аудандардағы 5 аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасарлары жобаның орындалуы бойынша есеп беріп, отбасы мен балалардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша қолға алынған шараларды тілге тиек етті. Мәселен, Жарқайың ауданында көпбалалы 261 отбасы бар, 6 бала жетім және 8 бала ата-ана қамқорлығынсыз қалған, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған 44 отбасы тіркелген. «Бақытты отбасы» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында ауданда партия жанынан жұмыспен қамту, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау және отбасы, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау бойынша аудандық қоғамдық кеңес құрылып, жұмыс істеуде. «Е-Халық» ААЖ-да отбасылардың әлеуметтік карталарын өзектендіру бойынша жұмыс жолға қойылған. Аудан бойынша шұғыл және дағдарысты жағдайдағы отбасылар жоқ. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтағы отбасылардың саны да жыл санап азаюда. Жалпы, Жол картасы аз қамтылған отбасыларды тікелей қолдаумен қатар, өмірлік мәселелерін өздері шеше алатындай жағдай туғызып, тұрмысының одан ары төмендеп кетпеуінің алдын алуды қарастырады. Бұл ретте биыл 2,7 мыңнан астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек берілді. Сонымен қатар оқыту, шағын несие беру, аз қамтылған отбасылардың балалары үшін грант тағайындау да «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бюро отырысында кәмелет жасқа толмағандар арасында қылмысты азайту, балаларға қосымша білім беру мәселесі де қаралды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Саяси кеңес бюросының күн тәртібінде партияның Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында «Nur Otan» фракциясы депутаттарының 2022 жылға арналған азаматтарды қабылдау кестесі қабылданды. Сондай-ақ Саяси кеңес бюросының 2022 жылға арналған перспективалық жұмыс жоспары қаралды.