2024 жылы Семейдегі сынақ полигонын радиациядан тазартудың жаңа жобасы басталуы мүмкін. Жоспар бойынша бүлінген жердің беткі қабатындағы топырақ сүріледі. Яғни, 100 мың текше метр топырақ арнайы жерге көміледі немесе сақталады. Бұл жайлы «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасын талқылау кезінде айтылды. Жаңа ережені Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев таныстырды. Айтуынша, Семей полигонының аумағы үш облыс жерінде жатыр. Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кедергі келтіреді. Радиациялық аймаққа тұрғындар еркін кіріп-шығып жүр. Аймақта 139 шаруашылық бар екен. Оның 70-ке жуығында адам тұрады, көбі малшы. Бұған қоса, жүйелі тексеру жүргізілмегендіктен, жер тиімді пайдаланылмай келеді. Осыған байланысты заң жобасы әзірленген. Талқылау барысында депутаттар толықтыру қажет тұстарды атады. – Заң жобасы бойынша радиациямен жоғары деңгейде зақымданған учаскелердің шекаралары анықталып, оператордың құзырына берілмек, сол аумақтарда жалға, жекеменшікке берілген учаскелер бар ма? Егер ондай жер учаскелері анықталған жағдайда оларды қайтару механизмдері қолданыстағы заңдарда қарастырылған ба? Жалпы, ядролық полигонға қатысты жер учаскелері заң жобасында, Жер кодексінде және қосымша заңдарда қаралған ба? Осы сұрақтарды терең зерттеп, қажет болса заң жобасына енгізуіміз керек, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.
М.ХАҚНАЗАР