Әскери ынтымақтастық шартын мақұлдады
Әскери ынтымақтастық шартын мақұлдады
140
оқылды
Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мә­жілістің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ын­тымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Сөйтіп, екі ел арасындағы әскери ын­тымақтастықтың жаңа кезеңін бастайтын шарт ресми түрде күшіне енуге бір табан жақын­дай түсті. Ал депутаттар бұл шарттан бөлек, бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Енді соларды рет-ретімен қарап, талқыға салады. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Қа­зақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау мемле­кеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сыртқы қауіп-қатерлерге қарсы тұру мүддесінде қос елдің әскери ведомстволары арасын­дағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. Аталған шарт­тың нормалары мем­лекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүд­десінде әскерлерді қолдануды бірлесіп жоспарлау және өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қа­тер­лер мен қауіптерге қарсы іс-қи­мыл бойынша әскери ынтымақ­тастықты жүзеге асыруға, сондай-ақ екі ел арасындағы әскери ын­тымақтастықтың басқа бағыттары бойынша өзара іс-қимыл жасауға бағытталған. Шарт жедел және жауынгерлік даярлық, бітімгер­шілік қызмет, әскери білім және ғылым, әскерлердің қызметі және оларды жан-жақты қамтамасыз ету, екіжақты нормативтік-құқық­тық базаны жетілдіру, мәдениет, спорт сияқты салаларда және әскери ынтымақтастықтың басқа да бағыттарында әскери ынтымақ­тастықты жүзеге асыруға мүм­кіндік береді. Бір сөзбен айтқанда жалпы сипаты бар құжат. Біздің білуімізше, Ресей әскерилері жалға алатын 8 млн гектардан астам аумақты құрайтын әскери полигондар, оларда түрлі қаруды сынау, Байқоңырдан ұшырылатын азаматтық және әскери мақ­сат­тағы зымырандар қалдығының құлайтын аймағы жөніндегі ке­лісімдер басқа құжаттармен реттеледі. Сонымен қатар жалпы оты­рыста Палата комитеттері Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы кодексіне байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы, атқару­шылық іс жүргізуді жетілдіру мә­селелері бойынша түзетулер енгізу туралы және инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері туралы заң жобаларын жұмысқа алды. Оты­рыс барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жоба­сына Сенат енгізген өзгерістермен келісті.