«Апат айтып келмейді» дейміз. Әйткенмен, адам өмірін жалмап жатқан апаттардың алдын алу үшін амал етуге болар еді. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин биыл 11 айда атқарылған жұмыс туралы ел алдында есеп берген болатын. Осы жиында ведомство басшысы елде болған жарылыстардың жайын сөз етті. Министрдің айтуынша, биыл орта есеппен әр ай сайын мыңнан астам төтенше жағдай тіркелген. Нақты айтар болсақ, 11 айда 12 055 төтенше жағдай болыпты. Құтқарушылар 11 233 адамды апаттан аман алып қалған. Өкініштісі сол, қаза тапқандар да жетерлік. Жамбыл облысы, Петропавл мен Шортандыдағы жарылыстан 27 адам мерт болды. Жалпы, былтырғыға қарағанда апат салдарынан зардап шеккендер 5,5 пайызға көбейген. 2021 жылы 1 736 адам (былтыр – 1 645) зардап шеккен. Қаза тапқандардың саны 14,5% пайызға өскен. Биыл 838 адам (2020 жылы – 732) көз жұмды. Оның ішіндегілерін атап айтар болсақ, газ баллоны жарылып, Нұр-Сұлтанда – 2, Петропавлда 2 адам қаза тапты. Ақмола облысы Шортанды ауданында 6 адам, оның ішінде үш бала қайтыс болды. Ал Жамбыл облысындағы әскери қоймада өрт шығып, соңы жарылысқа ұласқан кезде 17 адам қаза тапқан.