Дара
Дара
291
оқылды
Жанболат Аупбаев... Ілгеріректе талантты жазушы Дидахмет Әшімханов ғалым-ұстаз Темірбек Қожакеев жайлы мақаласын: «Темірбектер көп, Қожакеев – біреу», – деп атаған еді. Сол сияқты бүгінде Жанболат көп болғанымен, Аупбаев – жалғыз деген сөзді қадап айтуға тура келіп тұр. Өйткені бұл фамилия естілгенде  көзі қарақты оқыр­манның елең етпейтіні жоқ. Мұның өзі қалың қауымның оған деген сый-құрметінің белгісі. Олай болса, журналист әріптесіміз, студент кезімізде ҚазМУ-да бірге оқып, бірге бітірген курстас досымыз жұртшылық жүрегіне қандай жол тауып, олардың ізгі ілтипатына қалай бөленді? Енді соның себебін іздеп, сырына үңіліп көрейік. Мамандығына деген адалдық үлгісі. Мұны мынадай нақты мысалдармен түсіндіріп айтуға болады. Оның алғашқысы әріп­тесіміздің ат ауыстырып мінбей, 48 жыл бойы тек бір салада жұ­мыс істеп келе жатуы. Кезінде ел­гезектігіне, тындырым­дылы­ғы­на, табандылығына қарап би­лік орындары Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетіне сек­тор меңгерушісі, Алматы қала­лық әкімдігіне баспасөз хатшысы, Парламент Сенаты Төра­ғасы­на кеңесші, Президент Әкім­шілігіне топ жетекшісі қыз­меттеріне шақырған. Ондай жерлерге барса, жағдайының жақсы болатыны белгілі ғой. Бірақ солардың бәрінен бас тартқан. Журналистика саласында қалуды жөн деп тапқан. Сол ұйғарымды ол әлі күнге дейін дұрыс санайды. Және өте жақсы шешім екенін біледі. Нәтижесі, баспасөзіміздің бір деген білікті өкілі атанғанында. Өз мамандығына деген адал­дық­тың екінші үлгісі – оның осы журналистика саласындағы жұ­мыс баспалдақтарын асығыс-үсігіс аттап емес, бірін қалдырмай ретімен басып өткені. Редак­циядағы әр қызмет, әр лауазым­ның қыр-сырын үйреніп барып, байыппен жоғарылағаны. Оны мына тізбеден толық көз жеткізуге болады. Журналистика факультетінің студенті – стажер – әдеби қызметкер – аға корреспондент – бөлім меңгерушісі – жауапты хатшының орынбасары – жауапты хатшы – бас редактордың орынбасары – бас редактордың бірінші орынбасары – бас редактор – АҚ вице-президенті. Бұдан мынадай қорытынды жасауға болады. Ол оның ұлттық, отандық баспа­сөзіміздегі меритократия тәрті­бін қатаң сақтап, соның өмірдегі өнегелі үлгісін көрсеткен нағыз кәсіби маман екені. Жазуға деген адалдық үлгісі. Мұны бір-ақ мысалмен айтар едік. Ол әріптесіміздің «Лениншіл жас», «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстанда» жұмыс істеген кездерінде бұрын ел көп білмеген, баспасөзімізде жазылмаған тың тақырыптарды тауып, тек сол саламен шұғылданғаны. Көп газет тілшілері саяси іс-шаралар мен науқаншыл ұрандардың жетегінде кетіп, шөпті де, шөңгені де қаузап жүргенде, ол өмірдегі өзгеше тақырыптарды талғап, талдап жазуымен ерекшеленді. Бұл оның қасиетті жазу өнеріне деген құрметін, адал­дығын білдіреді. Ал олар не еді десек: соғыс кезіндегі таң­ғажайып тағдырлы қазақтар, бейбіт өмірдегі сирек мамандық­ты игерген қандастарымыз, республикамыздағы табиғат әлемінің құпиялары. Біз бұл бағыттан оның өзгеге ұқсамай­тын өмір сүру формуласы – белгілі бір салаға ғана мамандану тәсілін көріп-білеміз. Кезінде оған  ешкім мән берген жоқ. Ал қазір журналистика жампозының жоғарыдағы жолының жемісті болғанын мойындаушы көп. Соның айқын дәлелі – жастар жағының бүгінгі таңда міне, осы бағытқа қарай батыл бет бұр­ғанында. Адамгершілік, қайырым­дылық үлгісі. Газетте жұмыс іс­те­ген жарты ғасырға жуық уақыт ішінде Жанболат ретіне қарай біраз адамдарға көмектесті. Жәр­демдесті. Қиналғандарға қол ұшын берді. Дағдарғандарды дұрыс бағыт- бағдарға салды. Редакцияға келіп шаруаларын айтамын деушілерге есігі ашық болды. Сөйтіп, жұрттың риза­шылығына бөленді. Осылардың өзі адамгершілік пен қайырым­дылықтың үлгісі дер едік. Мә­селен... 1994 жылғы желтоқсан айы. Алматыдағы Қазыбек би мен Фурманов көшелерінің қиы­лысын­дағы «Халық кеңесі» газетінің редакциясы. Осы басылымда бас редактордың орынбасары болып қызмет істейтін біздің әріптестігіміздің бөлмесіне 16-17 жастардағы жеткіншек жасқаншақтай кірді. Аяз сорған саусақтарын әрең икемге келтіріп, портфелінен оқушы дәп­терін алып шығады. Әлем тілдері университетінің 1-курсында оқи­тын ол өлең жазады екен. Солардың бір тобын бас редак­тордың орынбасарына бір күдік, бір үмітпен ұсынды. Ол студент­тің тырнақалды дүниелерін зер сала оқып шығып, 1 өлеңіне 3 леп белгісін қояды. Сөйтті де: «Мына туындыңды ертеңгі нөмірден күт. Газетке шығады», – деді нық сеніммен. Жеткін­шектің жанары қуаныштап жалт етті. ...Арада 7 жыл өткен. Астанадан Алматыға Қазақстан Жазушылар одағының кезекті съезіне қатысуға келген біздің кейіпкерімізді үзіліс кезінде ашаң жүзді жас жігіт қуып жетті. «Аға, – деді ол аптыға. – Мен сізге қарыздармын». «Не үшін?» «Сіз менің өлеңімді республикалық баспасөз бетіне тұңғыш жарыққа шығарған адамсыз. Есіңізде ме, «Халық кеңесі» газеті... Сонда менің бір өлеңім арқылы жолымды ашқансыз. Сол үшін сізге рақмет!» Осы сөздерді айтқан жас ақын алдындағы ағасына қалың­дығы пышақтың қырындай шағын жыр жинағын ұсынды. Кітап мұқабасына  Ante meridiem  атты атау мен Дәурен Берікқажы деген автордың фамилиясы жазылыпты. Бұл жігіт қазір елге танымал ақын. 4-5 кітаптың иесі. Ағылшын, орыс тіліндегі мульт­фильмдерді қазақшаға тәржіме жасайтын мықты аудармашы. ...Сол 90-жылдардың ортасы. Парламент органы – «Халық кеңесі» газетінде ҚазМУ-дың соңғы курсында оқитын 2 студент «жарты ставкамен» жұмыс істеп жүрді. Оның бірі – қараған­дылық Қауысов, ал екіншісі – атыраулық Сейітмұхамедов. Бір күні  Қауысов Жанболаттың бөлмесіне келіп кірді де курстасы Сейітмұхамедовтің үйленгенін, жас отбасының қиналып жүрге­нін айтты. «Материалдық көмек берейік. Аз да болса жәрдем, демеу ғой», – деді бас редак­тор­дың орынбасары. Бірақ байқай­ды, жағдай мұнымен түзеліп кете қоймайтын сыңайлы. Оны қызметкерінің көңілсіз қас-қабағынан байқаған әріптесіміз Кенжебекті шақырып алып, әңгімеге тартты. Сөйтсе, ол пәтер таба алмай жүр екен. «Олай болса, – деді орынбасар, – қала шетіндегі Экспедиция деген кентте менің саяжайым бар. Ондағы үш бөлмелі кірпіш үй ішін­де пеш те, электр нүктелері мен су да бар. 300 метр төменірек­тегі орталық көшеден қалаға қарай әр 15 минут сайын автобустар ағылып жатыр. Міне, кілт! Ұнатсаң, соған барып кіріп ал. Ештеңеңнің керегі жоқ. Есіңді жиғанша тегін тұра бер. Тек үй төңірегін таза ұстап, өртке жол бермесең болды. Мына сөзді естіген Кенжебекте ес қалмады. Қуанғанынан Экспедициядағы бас редактор орынбасарының саяжайына сол күні-ақ көшіп алды. Бұл оның жалғыз өз отбасына ғана емес, сыбай-салтаң жүрген  курстасына да оқу бітіргенше баспана болды. Сөйтіп, арада бесінші жылға аяқ басқанда Кенжебек Жанболат ағасын және оның ауылдан қалаға немерелерін көруге келген қарт әкесі Әлихан ақсақалды саяжайға қонаққа шақырады. Сондағы дастарқан үстінде жас жігіт келіншегі екеуі еңбекақыларынан ақша жинас­тырып, осындағы бақшаға картоп егіп, одан түскен тиын-тебендерін де соған қосқандарын сөз етті. Ең соңында осы кенттегі Ресейге көшкен көп орыстың бірінен жалғыз бөлмелі коммуналды пәтер сатып алып, баспаналы болғанын айтты. «Бұған қол жеткізген мына саяжай. Сол үшін де мұндағы үйге, сол үйдің иесі сіздің балаңызға рақмет айтамыз, ата!» – деді. Қария Кенжебектің сөзіне риза болып: «Қарға тамырлы қазақпыз ғой, қарағым. Бәріміз бір-бірімізге туыспыз. Жалғыз балам сені жат санамай, жәрдемдессе, сен де бұдан былай бұған серік болуға тырыс», – деп батасын берді. Сол Кенжебек Сейітмұхамедов қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі. Үш ұл-қыз өсіріп отырған үлгілі отбасы. Республика шекара әскерлерінің органы – «Отан сақшысы» газетіне бас редактор болып, отставкаға шықты. Қазір – бизнес өкілі. Бір сәтке ойланайықшы. Жоғарыдағы мысалдар арқылы, сіздерге біздің айтайын дегеніміз не дейсіздер ғой, құрметті оқыр­ман?! Ол адамгершілік үлгісі мен қайырымдылықты тек дәулетті бай-бағыландардың ғана жасамайтыны. Бұл тек бақуатты бизнесмендердің ісі де емес. Сөз етіліп отырған мәселені, сондай-ақ руханият иелерінің, солардың ішіндегі журналистика саласы өкілдерінің де өмірлік өнеге ретінде оған атсалысуын айту еді. Жанболаттың жоғарыдағы ісі – соның бір көрінісі. Журналистика жанрларын­дағы шеберлік үлгісі. Біріншіден, ол өз мақалаларына тартымды тақырып қоя білетін тапқыр­лығы­нан бірден байқалады. Осы алғырлық оқырмандарды кейіп­керіміздің кез келген материалына назар аудартпай қоймайды. Өзіне бірден тартып алады. Сенбесеңіз сөз етіп отырған автор қаламынан туған әр жыл­дарғы кейбір туындыларының тақырыбына үңіліп көріңіз. Олар: «Өзгеге ұқсамайтын өмір», «Қарақағаз» келсе де... тірі қал­ған», «Бірінші Петр» фильміндегі Қойлыбай», «1942 жыл. Қазақ даласы. Құмға құлаған «Юнкерс», «Маршал мемуарындағы Мәденов», «Раритет»... Міне, кейіпкеріміздің қызықты, ішіне сыр бүккен жұмбақ тақырыптары осылай жалғасып кете береді. Осыны көргенде журналис­тика ғылымындағы «перевернутая пирамида» деген ұғым еске түседі. Бұрындары публицис­тика­лық жанрлардағы шығарма­ларда алдымен кіріспе, сосын бірден-бірге ауысу кезеңдері немесе даму компоненттері жалғасатын. Одан кейін туындыны жинақтау, яғни қорытын­дылау кезек күтіп тұрса, қазіргі ұшқыр уақыттың аталмыш сала­ға енгізген жаңалығы – айтатын ойың, жасар қорытындың тақы­рыпта тұру керек. Олай болмаған жағдайда оқырман ішектей шұбатылған мақаладан бас тартып, басқа басылымға ауысып кетеді. Біздің Жәкең Алла берген дарынының арқасында, шығар­машылық ізденістері нәтиже­сінде, міне  осы биіктікті ерте­ден-ақ еңсеріп, бағындырған. Екіншіден, автор шеберлігі мақаланы жазған кездегі әр туындыны күтпеген детальмен, кездейсоқ оқиғамен бастап, сол материалдың соңын да сондай өзгеше жайтпен аяқтауынан айқын көрінеді. Бұл мақаланы жаттандылықтан сақтайды. Құр­ғақ, ұзын сонар, бірсарынды баяндауға ұрындырмайды. Сөй­тіп, оқырманды жалықтырмауға, мақаламен танысуға, ынталы­лық­ты арттыруға толық жағдай жасайды. Әрі елді шаршатпайды, материалға жанды қозғалыс беріп, жұрттың уақытын ысырап етуден құтқарады. Оған кейіп­керіміздің «Кешігіп жеткен даңқ», «Дебют», «SOS белгісі»,  Terro inkognito , «Ас!», «Авто­маттың атасы» мақалалары анық дәлел бола алады. Үшіншіден, автор шеберлігі өзі жазған мақалаларына жаңа форма табуға, туындыны тың архитектоникалық схемамен алып шығуға деген ұмтылысынан ерекше көзге түседі. Осы орайда мынаны есте ұстау керек. Жалпы, кез келген мақаланың ком­позициялық формасы журна­листің алдына қойған мақсатына орай құрылады. Оның көздеген ойы негізінен сол пішін арқылы жүзеге асады. Сөйтіп, форманың сәттілігі – мақаланың тартым­дылығы деп ұғу керек. Шығар­маның пішіні оның «сырт құ­рылысы», тек формасы деп тү­сіну дұрыс емес, оның мазмұнға тікелей қатысты екенін естен шығармауымыз керек. Немесе ол шығарманың «сырт түрінің» симметриясы ғана емес, сонымен қатар  ішкі сырының да гармониясы», – дейді академик Зейнолла Қабдолов. Ондай кезде қаламгерге үлкен, кіші деген нәрсе жоқ. Шығармасының өзгеше, дара болып көрінуі үшін журналистика жанрларына жататын материалдарына ол әдебиет пен драма­тургиядағы, кинодағы барлық элементтерді тиімді пайдалануға тырысады. Олар сценарий үлгісіндегі эпизодтық суреттер, пьесадағы қысқа да нұсқа диалогтер, стенограммалардың кульминациялық тұсындағы көріністер, тіпті болмаса баяғыда жарияланған мақалаларының соңына жылдар өткен соң барып, сол кейіпкерінің кейінгі тағдырынан хабар беретін «кинорезюме», «стопкадр» сияқты 5-6 сөйлемдік «авторлық анық­тама» беруі дер едік. Бұлардың бәрін мақала иесіне: «Сен осылай істе», – деп ешкім міндеттемеген. Бұл – кәсіби журналистің инстинкті түрдегі шығарма­шылық жауапкершілігі. Ал өз кезегінде ол шеберлік атты ерекшелікке алып келгені анық. Мұны айғақтайтын әріптесі­міздің «Номад», «Құбылаға қара», «Бәйге аты мүсінін жасырады» мақалаларындағы фор­малық ізденістерді айтуға болады. Автордың журналистік шы­ғар­ма­шылығындағы төртінші шеберлік үлгісі оның орыстілді аға буын өкілдерінің публицис­тикалық мақалаларын ана тілі­мізге адам қызығатындай нәрлі де сөлді сөйлемдермен жұп-жұмыр етіп аударған еңбегінен байқалады. Уақыттарыңыз болса, ақын Олжас Сүлейменовтің қара сөзбен орысша жазған «Құс күні», «Қайыңды дала», «Шо­қан», жазушы Сәтімжан Сам­баев­тың «Абай», өлкетанушы, патша офицері Петр Красновтың «Тянь-Шянь тауларының баурайында», «Известия» газетінің кеңестік дәуірдегі көрнекті өкілі Юрий Аксютиннің «Сұр арлан жортқан соңғы күз» туынды­ларының біздің кейіпкеріміз кітаптарындағы тәржімелерін оқып көріңізші. Өкінбейсіз. Аудармашы шеберлігіне қанығып, риза боласыз. Журналистика саласы жұ­мысындағы принциптілік үлгісі. Принцип, принциптілік деген сөздерге бұл жерде біз анықтама бермей-ақ қояйық. Оны көзі қарақты жұрт былай да жақсы біледі. Интернетте, энциклопедияларда бұл ұғымға қатысты анықтамалар жеткілікті деп ойлаймыз. Сондықтан кейіп­керіміз­дің төл мамандығы сала­сын­дағы принциптілігі неде дегенге келетін болсақ, ол былай. Автордың өзі жұмыс істеген, нанын сол жерден тауып жеп жүрген басылымға ғана мақала жазатыны. Бұл  – өмірлік ұста­нымы. Принциптілігі. «Лениншіл жаста» 14 жыл қызмет атқар­ды. Өзіне тапсырылған күн­делікті жұмыстардан басқа өмірге келтірген үлкенді-кішілі қызық, ойлы мақалаларының бәрі сонда шықты. Кейіннен «Ақиқат» атанған «Қазақстан коммунисі» журналында да солай болды. Онда 5 жыл жүрген кезде жазғаны сол басылым беттерінен ғана көрінді. «Халық кеңесінде» жұмыс атқарған 5 жылда да осы бағытынан таймады. Ең керемет, сүбелі мақала­лары осы газеттің абыройын арт­тырды. Ал «Егемен Қазақ­стан­дағы» өткен 20 жыл ішіндегі өмірге келтірген туындылары оқырмандардың көз алдында екені белгілі. Өткен 48 жыл ішінде қазақтілді қай басылым автор шығармаларына құда түспеді десеңізші. Рас, 2-3 газет-журналға интервью берген кезі болды. Бірақ олардан мақала жазуға тапсырыс алмады. Кейіпкеріміз ұстанған прин­циптің тағы бір түрі ол – мақалаға жеткілікті мәлімет, дерек жинап бітпейінше, ондағы кездесіп қалатын дүдәмал жайттарды то­лық анықтамайынша сұлбасын жасағанмен, негізгі жазуды бастамайтыны, оны игеруге асықпайтыны. Мұндай ұстаным руханият әлеміндегі шығарма­шылық иелерінде болған. Бірақ өте сиректігімен есте қалып, ерекшеленген. Оның қайта­ланбас мысалдары деп ақын С.Шевельеваның «Сәуірмен сырласу» атты шағын өлеңін 1939 жылы бастағанмен, оқтын-оқтын орала отырып, 1969 жылы аяқтағанын, О.Сүлейменовтің «Арғымақтар» атты атақты 6 шумақ жырын 1959-1961 жылдары қайта-қайта түзеп, 2 жылда бітіргенін, ал М.Әлімбаевтың «Естай – Қорлан» поэмасын 1962 жылы қолға алып, оған 1968 нүкте қойғанын айтуға болады. Біздің кейіпкеріміз де өзінің дүниелеріне осындай принциппен қарайды. Нәтижесі – көңілді баурап алатын толыққанды туынды, орындалуы барлық көркемдік, деректілік деңгейін­дегі талапқа жауап беретін се­німді шығарма. Оған автор қаламы­нан туған бір ғана шығар­маны айтсақ, соның өзі жеткілікті. Ол – «Ажалға аттанғандар» атты мақалалар сериясы. Оған кейіпкеріміз 2006-2016 жылдары көрші елдерге қайта-қайта іссапарға аттанып жүріп, тура 10 жыл уақытын жұмсаған. Оның жемісі – толыққанды деректі шығарма. Сонымен, Жанболат Аупбаев деген есімнің көпшілік көңілінде жақсы жақтарымен қонақтап қалып қоюының себебіне, шы­ғармашылық сырларына аз-кем үңілгендей болдық қой деп ойлаймын. Ол көп еңбектің, ұзақ ізденістің нәтижесі екені анық. Өйткені публицист шығар­машылығының қиыншылығы жайлы айтылған ойлардың, жазылған мақалалардың көп­шілігі мынаған саяды. «Журна­лис­тің жазушыдан өзгешелігі сол – ол факті мен фактінің арасында еркін қимылдап, бұларға құдды бір жан бітіре билеп жүргендей әсер қалдыруы керек», – дейді атақты публицист Борис Полевой. Ал бұл оңай шаруа емес. Кейіпкеріміз, міне осыған қол жеткізген кәсіби журналист. Иә, Жанболат өмірдің өзін­дей ғып жазудың шебері. Оның еңбектері сонысымен де құнды. Өйткені онда қоспа жоқ. Таза. Аупбаевтың туындыларын оқып шыққанда мөлдір бұлақтың кәу­сарына қанғандай бола­тының, таудың саумал самалын сіміре жұтқандай әсер алаты­ның– сон­дықтан. Мүмкін бұл Жанболат­тың тумысының тазалығына, тамаша отбасында өскенінде шығар. Оның ата-анасы, туған әпкесі де сондай жандар екеніне талай көзіміз жеткен. Ал атамекені Аспантау ше?! Оның шырқау шыңы Хан Тәңірі тұнық әлемнің, етегіндегі Нарын­­қол тамаша табиғат көрі­нісінің символы. Сондай жер мен елде өскен – біздің курстас.

Намазалы ОМАШЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері