«Құрметті» журналист
«Құрметті» журналист
300
оқылды
Бұқара мен билік арасындағы алтын көпір болып жүрген әріптестеріміздің ең­бегі лайықты бағалана бермейтіні ешкімге жасырын емес. Сонда да болса жер­дің шетінде, желдің өтінде тәулікпен санаспай, бірі оқырманның, бірі көрер­мен мен тыңдарманның талғамына сай тұшымды дүние ұсынуды кәсіп ет­кен журналистер қауымының жігері жасыған емес. Тәуелсіздік күні қарсаңында Қостанай өңірінен жеткен сүйінші хабарға ақ­парат саласының төңірегінде жүргендердің құлағы елең етті. Astana  те­леарнасының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Заңғар Санай «Құр­мет» орденімен марапатталыпты. Көп жағдайда орталықтан әрі аспайтын мұндай құрметтің шалғай өңірдегі тілшіге көрсетілуі расында тосын жағдай. Есесіне марапат шынайы иесін тапты дестік бірауыздан. Өйткені оның есім-сойы көзі қарақты те­лекөрерменге жақсы таныс. «Заңғар Санай. Қостанай облысы» деп аяқталатын сюжеттерінің әрқайсысында көпшіліктің кө­кейінде жүрген өзекті мәселелер кө­теріліп жатады. Бұқараның базынасын би­лікке жеткізуді борышы санайтын әріп­­­тесіміз тілшілік кәсіпке адалдық та­ныту­да журналистикаға баулыған ұстаз­дары­ның айрықша еңбек сіңіргенін ай­тады. – Мен білім алған Ахмет Байтұр­сын­ұлы атындағы Қостанай мемлекеттік уни­­­верситеті сол кездегі журналистік бі­лім берудегі жетекші өңірлік оқу орын­дары­ның бірі еді. Анамның ақыл-кеңесі­мен журналистика мамандығын таңдап, уни­верситет табалдырығын аттаған ал­ғаш­қы күннен тілшіліктің жілік майын іш­кен атпал азаматтардың тәлім-тәрбие­сін көрдім. Олардың қатарында Жанұзақ Аяз­бекұлы, Сәлім Меңдібаев, Нағашыбай Мұ­қатов, Серікбай Оспанов, Ілияс Бай­тұр­сын сияқты шығармашылық пен оқы­­­тушылықты қатар алып жүрген жан­дар болды. Факультет деканы Гүлнәр Асан­­­баевадан да үйренгенім көп. Халық ақы­ны Әсия Беркенованың бастамасымен уни­верситет базасында ашылған өнер сту­диясы мен жастар театры журналисти­ка­дағы алғашқы қадамымды нықтады, – дейді кейіпкеріміз. Көп журналист сынды тырнақалды туын­дылары университеттің газетіне жария­лаған Заңғар еңбек жолын «Жас өр­­кен» жастар журналынан бастаған. Университет пен редакция арасында жү­ріп, қаламы мен қарым-қабілеті қатар ұш­талған талапты жас сол кездегі «Қа­зақ­стан-Қостанай» телеарнасы бас­шы­лары­ның көзіне түседі. Телеарнадағы қызмет жо­лында да өз ісінің нағыз шеберлерімен жо­лы түйісті. Алғашында жаңалықтар қыз­метіндегі редактор болып, облыстың қо­ғамдық-саяси, әлеуметтік-эконо­ми­к­а­лық өміріндегі елеулі сәттерді телекөрер­мен­ге алғашқылардың бірі болып жеткізіп тұрды. Тәжірибесі толыса келе авторлық бағ­дарламаларға да ауыз салды. Онысы да сәтті шықты. «Күй құдіреті», «Күй та­ри­­хы хақында» аталатын бағдар­лама­лары көрермен қауымның көзайымына айнал­ды. Жас журналистің әзірлеген сюжеті «Қа­зақстан» ұлттық телеарнасы ме­рей­тойының 50 жылдығына орай «Дидар» ай­мақтық фестивалінің қазылар алқа­сы­ның да көңілінен шығып, гран-приді қан­­жығасына байлады. – «Қазақстан-Көкшетау» телеарна­сын­да 3 жылдай жұмыс істеп, теле­жур­на­лис­тиканың қыр-сырына қанықтым. 2008 жылы «Астана» телеарнасы облыс­тар­дан меншікті тілшілер қосынын аша бастады. Телеарнаның редакциясына ха­барласып, Қостанай облысындағы мен­шікті тілшілік қызметті атқаруға ниет та­ныттым. Басшылық та қарсылық біл­дірмеді. Керісінше, бар мүмкіндікті жасап бер­ді. Міне, 14 жылға жуықтап қалды, тіл­шілік қызметімді абыроймен атқарып ке­ле жатырмын, – дейді З.Санай. Журналист қызметі ағымдағы ақпа­рат­ты таратумен шектелмейді. Қолына қа­ламын қару еткендерге артылатын жауап­кершіліктің жүгі тым ауыр. Әсіресе, ай­мақтарда әділдік іздегендер барар жері, басар тауы қалмағанда республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілерін жағалайды. 20 жылға жуық журналистік қызме­тін­де Заңғар Санай да Қостанай облысын­да­ғы қордаланған сан түрлі мәселені кө­­терді. Оның бірі аудан, қала әкімдігі, ен­­ді бірі облыс әкімі мен министрлер дең­гейінде шешімін тауып жатады. Тіпті, Заң­ғардың бір сюжеті Президенттің на­зарына ілініп, ондағы мәселені шұғыл рет­теуді Мемлекет басшысының өзі об­лыс әкіміне тапсырған. Сондағысы ор­ман­дай орыспен қоңсы отырған өлкедегі ана тілдің жайы еді. – Қостанай қаласында жалғыз қазақ -тілді бастауыш мектеп бар. Қала әкімдігі дәл осы №24а мектеп-гимназиясын жауып, ондағы педагогикалық ұжым мен оқу­шыларды қаланың басқа бөлігіндегі ғимаратқа көшіру туралы шешім шы­ғар­ды. Әлбетте, ата-аналар әкімдіктің бұл ше­шіміне наразылық білдірді. Түсірілім то­бымен оқиға орнына жетіп, ата-ана­лардың жанайқайын республикалық те­леарна арқылы жеткіздім. Кейіннен мә­се­леге Мемлекет басшысының назары ауып, жауап­тыларға Қостанайдағы қазақ мек­теп­терінің жағдайын жасау туралы тап­сыр­ма берді,– дейді Заңғар Санай. Ана тілімен бірге қала шаруашылығын ұйым­дастырудағы өткір әлеуметтік мәсе­ле­лер де қырағы журналистің назарынан шет қалған емес. Сапасыз жүргізілген жөн­деу жұмыстарынан кейін жауын жау­са, шатырдан сорғалаған су мезі еткен тұр­ғын үйдің бірінің мәселесі сюжетіне ар­қау болды. Сюжет эфирге шыққан соң зей­неткерлер мен ауған соғысының ар­дагерлері тұратын үйдің мәселесімен қала билігі шындап айналысты. Шатырды жөн­деу жұмыстарын қайта жүргізді. Тұр­ғын­дар сонда телеарна тілшісінің тын­дырым­ды тірлігіне дән-риза болған. Енді бірде Заңғар редакциялық тап­сыр­мамен аграрлы өңір диқандарын тол­ғандырған мәселенің себеп-салдарын білу­ге тырысты. Шетелден әкелген тех­ни­калары үшін баж салығы дұрыс төлен­бе­ген деген желеумен миллиондап айып­пұл арқалаған шаруалардың уәжі не­гіз­сіз емес екен. Олар келтірген дәлелдерді ті­зіп, Мемлекеттік кірістер комитетіне жол­дады. Кейін шулы іс сотта қаралды. Судья да шаруаларға айыппұлдың негізсіз салынған деген шешім шығарды. Жатса, тұрса бас ауруына айналған айыппұлды төлеуден құтылған шаруалар да журна-лис­тің арқасынан қағып, алғысын жау­дырды. Осылайша, халықтың алғысын ар­қалаған әріп­­­тесіміздің ұзақ жылғы еңбегі еленіп, ұлық мереке қарсаңында «Құрмет» орде­ні­мен марапатталып отыр. Бұл сөз жоқ, тәу етер тәуелсіздігімізді баянды ету жо­лын­да тер төгіп жүрген тілшіге шы­найы құр­меттің белгісі.

Ш.АТЫХАНҰЛЫ