Бұқара мен билік арасындағы алтын көпір болып жүрген әріптестеріміздің еңбегі лайықты бағалана бермейтіні ешкімге жасырын емес. Сонда да болса жердің шетінде, желдің өтінде тәулікпен санаспай, бірі оқырманның, бірі көрермен мен тыңдарманның талғамына сай тұшымды дүние ұсынуды кәсіп еткен журналистер қауымының жігері жасыған емес. Тәуелсіздік күні қарсаңында Қостанай өңірінен жеткен сүйінші хабарға ақпарат саласының төңірегінде жүргендердің құлағы елең етті. Astana телеарнасының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Заңғар Санай «Құрмет» орденімен марапатталыпты. Көп жағдайда орталықтан әрі аспайтын мұндай құрметтің шалғай өңірдегі тілшіге көрсетілуі расында тосын жағдай. Есесіне марапат шынайы иесін тапты дестік бірауыздан. Өйткені оның есім-сойы көзі қарақты телекөрерменге жақсы таныс. «Заңғар Санай. Қостанай облысы» деп аяқталатын сюжеттерінің әрқайсысында көпшіліктің көкейінде жүрген өзекті мәселелер көтеріліп жатады. Бұқараның базынасын билікке жеткізуді борышы санайтын әріптесіміз тілшілік кәсіпке адалдық танытуда журналистикаға баулыған ұстаздарының айрықша еңбек сіңіргенін айтады. – Мен білім алған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті сол кездегі журналистік білім берудегі жетекші өңірлік оқу орындарының бірі еді. Анамның ақыл-кеңесімен журналистика мамандығын таңдап, университет табалдырығын аттаған алғашқы күннен тілшіліктің жілік майын ішкен атпал азаматтардың тәлім-тәрбиесін көрдім. Олардың қатарында Жанұзақ Аязбекұлы, Сәлім Меңдібаев, Нағашыбай Мұқатов, Серікбай Оспанов, Ілияс Байтұрсын сияқты шығармашылық пен оқытушылықты қатар алып жүрген жандар болды. Факультет деканы Гүлнәр Асанбаевадан да үйренгенім көп. Халық ақыны Әсия Беркенованың бастамасымен университет базасында ашылған өнер студиясы мен жастар театры журналистикадағы алғашқы қадамымды нықтады, – дейді кейіпкеріміз. Көп журналист сынды тырнақалды туындылары университеттің газетіне жариялаған Заңғар еңбек жолын «Жас өркен» жастар журналынан бастаған. Университет пен редакция арасында жүріп, қаламы мен қарым-қабілеті қатар ұшталған талапты жас сол кездегі «Қазақстан-Қостанай» телеарнасы басшыларының көзіне түседі. Телеарнадағы қызмет жолында да өз ісінің нағыз шеберлерімен жолы түйісті. Алғашында жаңалықтар қызметіндегі редактор болып, облыстың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріндегі елеулі сәттерді телекөрерменге алғашқылардың бірі болып жеткізіп тұрды. Тәжірибесі толыса келе авторлық бағдарламаларға да ауыз салды. Онысы да сәтті шықты. «Күй құдіреті», «Күй тарихы хақында» аталатын бағдарламалары көрермен қауымның көзайымына айналды. Жас журналистің әзірлеген сюжеті «Қазақстан» ұлттық телеарнасы мерейтойының 50 жылдығына орай «Дидар» аймақтық фестивалінің қазылар алқасының да көңілінен шығып, гран-приді қанжығасына байлады. – «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасында 3 жылдай жұмыс істеп, тележурналистиканың қыр-сырына қанықтым. 2008 жылы «Астана» телеарнасы облыстардан меншікті тілшілер қосынын аша бастады. Телеарнаның редакциясына хабарласып, Қостанай облысындағы меншікті тілшілік қызметті атқаруға ниет таныттым. Басшылық та қарсылық білдірмеді. Керісінше, бар мүмкіндікті жасап берді. Міне, 14 жылға жуықтап қалды, тілшілік қызметімді абыроймен атқарып келе жатырмын, – дейді З.Санай. Журналист қызметі ағымдағы ақпаратты таратумен шектелмейді. Қолына қаламын қару еткендерге артылатын жауапкершіліктің жүгі тым ауыр. Әсіресе, аймақтарда әділдік іздегендер барар жері, басар тауы қалмағанда республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілерін жағалайды. 20 жылға жуық журналистік қызметінде Заңғар Санай да Қостанай облысындағы қордаланған сан түрлі мәселені көтерді. Оның бірі аудан, қала әкімдігі, енді бірі облыс әкімі мен министрлер деңгейінде шешімін тауып жатады. Тіпті, Заңғардың бір сюжеті Президенттің назарына ілініп, ондағы мәселені шұғыл реттеуді Мемлекет басшысының өзі облыс әкіміне тапсырған. Сондағысы ормандай орыспен қоңсы отырған өлкедегі ана тілдің жайы еді. – Қостанай қаласында жалғыз қазақ -тілді бастауыш мектеп бар. Қала әкімдігі дәл осы №24а мектеп-гимназиясын жауып, ондағы педагогикалық ұжым мен оқушыларды қаланың басқа бөлігіндегі ғимаратқа көшіру туралы шешім шығарды. Әлбетте, ата-аналар әкімдіктің бұл шешіміне наразылық білдірді. Түсірілім тобымен оқиға орнына жетіп, ата-аналардың жанайқайын республикалық телеарна арқылы жеткіздім. Кейіннен мәселеге Мемлекет басшысының назары ауып, жауаптыларға Қостанайдағы қазақ мектептерінің жағдайын жасау туралы тапсырма берді,– дейді Заңғар Санай. Ана тілімен бірге қала шаруашылығын ұйымдастырудағы өткір әлеуметтік мәселелер де қырағы журналистің назарынан шет қалған емес. Сапасыз жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін жауын жауса, шатырдан сорғалаған су мезі еткен тұрғын үйдің бірінің мәселесі сюжетіне арқау болды. Сюжет эфирге шыққан соң зейнеткерлер мен ауған соғысының ардагерлері тұратын үйдің мәселесімен қала билігі шындап айналысты. Шатырды жөндеу жұмыстарын қайта жүргізді. Тұрғындар сонда телеарна тілшісінің тындырымды тірлігіне дән-риза болған. Енді бірде Заңғар редакциялық тапсырмамен аграрлы өңір диқандарын толғандырған мәселенің себеп-салдарын білуге тырысты. Шетелден әкелген техникалары үшін баж салығы дұрыс төленбеген деген желеумен миллиондап айыппұл арқалаған шаруалардың уәжі негізсіз емес екен. Олар келтірген дәлелдерді тізіп, Мемлекеттік кірістер комитетіне жолдады. Кейін шулы іс сотта қаралды. Судья да шаруаларға айыппұлдың негізсіз салынған деген шешім шығарды. Жатса, тұрса бас ауруына айналған айыппұлды төлеуден құтылған шаруалар да журна-листің арқасынан қағып, алғысын жаудырды. Осылайша, халықтың алғысын арқалаған әріптесіміздің ұзақ жылғы еңбегі еленіп, ұлық мереке қарсаңында «Құрмет» орденімен марапатталып отыр. Бұл сөз жоқ, тәу етер тәуелсіздігімізді баянды ету жолында тер төгіп жүрген тілшіге шынайы құрметтің белгісі.
Ш.АТЫХАНҰЛЫ