Алматы облысында 43 жастағы шетел азаматын ұрлап кеткендер ұсталды, – деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Ұрланған ер адам жанармай құю бекеттерінің бірінде хат қалдырып, көмек сұрап үлгерген. Желтоқсанның 23-інен 24-іне қараған түні Алматы облысының полицейлеріне Жамбыл облысындағы әріптестерінен ұрланған адамды алып келе жатқан Honda Elysion көлігін ұстау туралы тапсырма түсті. Белгілі болғандай, Қордайдағы автобекеттердің бірінде белгісіз ер адамның өзін ұрлап кеткенін айтып, көмек сұрап жазған хаты табылды.
"Автомобильдің маркасы мен мемлекеттік нөмірі автобекеттегі камера арқылы анықталды. Біздің аумаққа ұстау шарасы ұйымдастырылды. Патрульдік полиция қызметкерлері Honda Elysion көлігі келе жатқан Алматы-Бішкек тас жолын күзетуді күшейтті. Нәтижесінде, әлгі көлік Жамбыл облысындағы Самсы ауылы маңында көзге түсті. Иномарканың ішінде 5 ер адам болды. Солардың біреуі 43 жастағы шетел азаматы болып шықты. Ол өзін ұрлап кеткенін айтты. Ұсталғандар жақын маңдағы полиция бөліміне жеткізілді", – деді Алматы облысы ПД патрульдік полиция комбаты Ерлан Мұхамедяров. "Олар мені ұрлап кетті, мен қорқамын", – деді шетелдік тәртіп сақшыларына.Қазір ұсталғандар Жамбыл облысына жеткізілді, адам ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатыр. Бұған дейін Бахрейнде 36 бойжеткенді жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген 16 адам сотталғанын жазған болатынбыз.