«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы аясында Шымкент қаласының тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылған болатын. Осыған орай Шымкент қаласындағы «Достық» тұрғын алабына электр желісін тарту үшін биыл маусым айында құрылыс жұмыстары басталды. Мердігер мекеме «Жолсерік» ЖШС осы кесімді мерзім ішінде 310 электр бағанасын орнатып, 14 шақырым электр желісін тартты. Бүгінде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, нәтижесінде 234 абонент сапалы электр қуатымен қамтылды. Қазір «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС әр үйге жеке есепшот ашып, электр желісіне қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде 100-ден астам үй электр жүйесіне қосылды. Қалған тұрғынжайларды желіге рет-ретімен қосу қарастырылған. Жалпы, 2021 жылы Шымкент қаласында екі қосалқы стансада және жеті елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, 21,3 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылды. Нәтижесінде, мегаполисті электр қуатымен қамту көрсеткіші 97 пайызға жетті.