«100 бизнес-жоба»: «сұлу» статистика азаймай тұр
«100 бизнес-жоба»: «сұлу» статистика азаймай тұр
173
оқылды
Биыл Тараз қаласындағы «тың» өзгерістер талайды тығы­рыққа тірегені  жасырын емес. Жыл басында «Қақпасыз қала» жобасы мекемелер мен ұйымдарға қырғиша тисе, «сақалды құрылыс» пен «қызық сызықтағы» нысандардың иелері де зар жылады. Енді, міне жыл соңында «100 бизнес-жоба» бастамасы  бастау алып, шенділердің шақшадай басын шарадай қылды. Жобаның негізгі мақсаты – шаһар шетіндегі шалғай алқап­тардан кәсіпкерлік нысандарын ашып, әлеуметтің әлеуетін арттыру. Бастаманың бағдары айқын бол­ғаны­мен, жауаптылар жобаның басты міндетін түсінбегендей. Олай дейтініміз, Тараз қаласы  әкімінің орынбасары Дәулет Әбілқайыр­овтың басшылығымен құрылған  жұмыс тобы  шаһардың «Шалғай Қарасу», «Құмшағал», «Шөлдала», «Қант зауыты», «Барысхан», «Солнечный» алқап тұрғындарының сұранысын ескере отырып, шалғай елді мекендерге қажетті 100 бизнес- жобаның тізімін жасаған. Соған сәйкес, бүгінде 100 жобаның 45-і жүзеге асқан. Алайда бұл қандай жобалар? Әрі олар шын мәнінде шалғай алқаптардан ашылған ба? – Шеткі аудан болған соң  ең әуелі мал шаруашылығын дамыту және бордақылау үшін 19 жоба әзір­ледік. Сонымен қатар сауда орта­лық­тары мен дүкендер, жылы­жайлар ашу, құрылыс материал­дарын шығару, наубайхана, бала­бақ­ша, техникалық-жөндеу орта­лық­тары, тігін цехы, дәріхана, монша, спорт алаңшалары, сұлулық салоны, оқу орталықтары, қоймалар (жемшөп сатуға), банкоматтар орнату, автотехника сату орталық­тары, сонымен қатар пластик өнімдерін қайта өндеу цехы, жиһаз өндірісі, кофехана, жанар-жағармай стансаларын ашу жоспарланған. Аталған 100 жобаның 14-і тұрғын­дардың ұсынысымен қолға алынса, 22-сі «Бастау-Бизнес» қысқа­мерзімді онлайн оқыту арқылы жүзеге асады. Төртеуі аукционда (жер мәселесі) болса, екі жоба кә­сіп­керлердің қаржылық жағдайына байланысты орындалмаған. 13 жоба бойынша кәсіпкер несие алуға өтініш жолдады. Сонымен қатар қарашада екінші деңгейлі банк­термен жиналыс өткізіп, мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін 31 жоба ұсынылды. Ол тізімде жер мәселесі, субсидия, инфрақұры­лымды дамыту және басқа бағыт­тағы жобалар бар. Енді соның ішін­де 11 жобаға қолдау көрсетіл­мек, – дейді қала әкімінің орын­басары Дәулет Мақсұтұлы. Әрине, жанға жылу беретін ақпарат. Алайда іске қосылған жобалардың мекенжайына қарасаң, дені қала орталығынан ашылған. «Шалғай» деген сөзге үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Мұндай көзбояушылықты қала әкімі  Ержан Жылқыбаев әкімдікте өткен жиын­да қатаң сынға алды. – Облыс орталығынан бизнес нысандар онсыз да ашылып жатыр. 100 бизнес-жобаның негізгі мақсаты – шалғай алқап тұрғындарының әлеуетін арттыру. Сондықтан қаланың орталығында ашылған кәсіпкерлік нысандардың санынан «сұлу» статистика түзе бермей, нақты жұмысты көрсетіңіздер. Мәселен, жоба аясында 22 саяжай сынды алқаптар неге қамтылмай отыр?, – деп шаһар басшысы сауалын төтесінен қойды. Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Дәулет Мақсұтұлы шалғай алқап­тардан кәсіпкерлік нысандар ашу үшін тұрғындардың мүлік құны банкке кепілдікке қоюға жетпей жатқанын алға тартты. Яғни, әкім­діктегілер шалғай аудандардағы нысандарды банк кепілдікке алмай­тын­дықтан, аты «шалғай» болғаны­мен, жобалардың затын  «жақын»  етіп, қала ішіне қарай бұрып жібе­ріпті. Әрі билік өкілі ретінде банк­термен келісімге келуге ұмтылғаны да байқалмайды.  Шама­сы, «әдемі статистика жасал­ды, сол жетеді» деген сыңайлы. Бірақ Тараз әкімі  мұндай көзбояу­шылыққа жол бер­мейтінін  де айтып қалды. Оны уақыт көрсетер. Айтпақшы,  Таразда осы  жоба аясында әзірге 404,7 миллион теңгеге 45 жоба жүзеге асып, нәти­же­сінде 216 адам жұмыспен қамты­лыпты. Ал қалған 55 жоба келер жыл­дың еншісінде деседі.  Оны да көрерміз.

Жамбыл облысы