Елде екі қолға бір күрек таппай жүрген жандардың онсыз да көп екенін білеміз. Ол да бір қоғамның мәселесі, алдын алмаса асқына берер кеселі. Алдағы жылы елімізде жұмыссыздар қатары біршама көбейетін болды. Жұрттың көкейінде сауал туындары сөзсіз. Неге, не себеп? Мәселеге үңіліп көрсек.
Жоба жабылады
Таяуда Атырау облысындағы Теңіз кенішінде жұмыс істейтін 39 мың адамның 2022 жылы жұмыстан қысқартылатыны хабарланды. Аз емес, шамалап қарасақ, бір ауданның халқына тең. Жұмысшылар кен орнындағы «Келешек кеңею» жобасының аяқталуына байланысты жұмыстан босайды екен. Жалпы, Теңіш кенішінде атыраулықтар ғана емес, еліміздің әр түкпірінен мыңдаған адам қатынап жұмыс істейді. Мысалы, жұмыссыз қалғалы тұрған 39 мың адамның 17,5 мыңы (45 пайызы) атыраулық екен. Басым бөлігі өзге өңір тұрғыны. Сондықтан бұл тек бір облыстың емес, бүтін республиканың еңбек нарығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Кеніште 2022 жылдың алғашқы 3 айында 7 мың жұмысшы (3 мыңы атыраулық) қысқартылады. Мыңдаған отбасында қаржылық мәселе шығады. Ал жергілікті билік мәселеге қатысты көңілге қонымды жауап берген жоқ. Алғашында Атырау әкімдігі «12 мың атыраулыққа жұмыс тауып береміз» деп жауап берген. Біздіңше, сырғытпа жауап. Жұмыссыз қалған мамандардың талабына сай қызмет орнын тауып бере алмауы мүмкін. Неге маман деп отырмыз, себебі кеніштегі жоба құрылысына қатысқандардың арнайы біліктілік деңгейі бар, алдын ала саласын оқыған қызметкерлер. Көбінде білім деңгейін дәлелдейтін Agip куәлігі бар. Жоғары жалақы алған. Енді не істемек? Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілқасымов «жұмыссыздық болмайды» деп сендіріп отыр. – Қысқарған жағдайда мемлекеттік бағдарламалар бар. Мұнай-химия кешені саласында инвестициялық жобалар бар. Енді іске асатын жобаларды атап өтуге болады. Соның аумағында құрылыс кезінде 20 мыңға жуық халықты жұмыспен қамтимыз, – дейді Әбілқасымов. Жергілікті биліктің жоспары қалай іске асары белгісіз. Ал Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев 39 мың адамның жұмыссыз қалуын «табиғи процесс» деп бағалапты. Ведомство басшысы алдағы уақытта тағы зауыт салу үшін жұмыс күші қажет болатынын айтқан. «Жобаның басталып, аяқталатыны табиғи процесс. Жобалар жалғассын десек, елдің инвестициялық тартымдылығын қолдау қажет. Жергілікті атқарушы биліктің және Үкіметтің міндеті – жұмысынан босайтын адамдарды жұмыспен қамту. Келесі жылы Атырау облысында полипропилен шығаратын зауытты іске қоспақшымыз», – деді салаға жауапты министр. Энергетика министрлігі зауыт салумен қатар, Қазақстандағы мұнай өндіру көлемін де арттырмақ екен. Мәселен, 2030 жылға қарай Қашағанда қара алтынды өндіру 86-дан 104 миллион тоннаға дейін жетпек. Екі жылдан кейін Теңізде «Келешек кеңею» жобасы аясында мұнай 12 миллион тоннаға артық өндіріледі. Дәл осы жобада жаңағы айтқан 39 мың адам қызмет етеді. 2023 жылы жоба толық аяқталуы тиіс. Бірақ атыраулық шенділер жұмыссыз қалғандардың ішінен өз тұрғындарына қызмет тауып берер, ал өзге өңірден келіп жұмыс істеген 21,5 мың адам қайтпек? Осы сауал жауапсыз күйінде қалып тұр.Онсыз да жұмыссыздар көп еді
Биыл Қазақстанда жұмыссыздар саны былтырғымен салыстырғанда екі пайызға артқан. 2021 жылдың алғашқы жартысында жұмыссыз халықтың саны 451,3 мың адам болды. Пандемиядан бері бұл бағытта оң өзгеріс болмай тұр. Ал жұмыссыз тұрғыны көп өңірлер көшін Алматы (облыс пен қаланы қосқанда 102,3 мың жұмыссыз) мен Түркістан облысы (42,6 мың жұмыссыз) бастаған. Республика бойынша ең жақсы көрсеткіште тұрған Солтүстік Қазақстан мен Атырау облысын қосқанда 30,7 мың адам жұмыс таппай, сабылып жүргенін аңғарамыз. Алаңдауға тағы негіз бар, себебі мамандар қалада да, ауылда да жұмыссыздық деңгейі теңескенін айтып отыр. Елімізде жұмыс орны жоқ па, әлде маман тапшы ма? Бұл бөлек сауал. Соңғы жылдары адамдар жаңа технологияларды меңгеріп, мықты маман атанбаса, жұмыссыздар қатары көбейе беретіні айтылып жүр. Себебі адам істейтін істі автоматтандыру арқылы жүзеге асыра беретін заман келді. Қазақстанға бұл үрдіс кері әсерін тигізе ме? Жаңа технологиялар адамзатты жұмыссыз қалдыра ма? Адамдар жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу жолында аянбай жатыр. Қазір адам өмірін жеңілдетіп, тиімділікті арттыру үшін автоматизация, роботизация, жасанды интеллект тәрізді үрдістер таралды. Адам атқаратын кез келген қызметті роботтар жасай алады деген дәме бар. Тіпті, жасанды интеллект арқылы роботтарға мақала жаздыруға мүмкіндік туды. Үй жинап, балаға күтуші болған роботтар, ақылды техникалар – ғылымның тенденциясына айналды. Соның әсерінен адамзатта қорқыныш пайда болғаны рас. «Жаппай роботизация жүрсе, адамның қажеті болмай, жұмыссыз қалуы мүмкін» деген ой айтылады. Қазақстанда да алпауыт кәсіпорындар бұрын бірнеше адам атқаратын жұмысты автоматтандыру арқылы оңай жүзеге асыра бастағанын естіп жатамыз. Яғни, бізде «осы үрдістерден зиян бар ма, жұмыссыздар қатары көбеймей ме?» деген сауал туындайды. Ал EduNavigator жобасының жетекшісі Ғизат Маханов қорқуға негіз жоқ екенін айтып отыр. – Жаңа технологиялар адамзатқа ылғи үрей тудырады. ХХ ғасырдың басында Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін осындай үрей көп болды. Жасанды интеллект, роботизация басталғаннан кейін адамдар тағы да «жұмыссыздық болады, жұмысымызды алып қояды» деп алаңдап жүр. Мәселеге пессимистік көзқараспен қарасақ, кемшілік бар. Үреймен айтылатын болжау көп. Бірақ «жұмыссыздық және технология» деген дүниеде ешқандай болжаулар дәл орындалмаған. Ал реалистік тұрғыдан қарар болсақ, автоматизация, роботизация жұмыссыздық тудырмайды. Еңбек нарығы және экономика өте күрделі. Еңбек нарығында жұмыс шектеулі емес, «100 жұмыс орны бар, оның 50-ін робот алып қойса, 50 адам жұмыссыз қалады» деу жөн емес. 50-ін роботтар алып қойса, қосымша тағы 50 немесе 100 жұмыс орны пайда болады. Мысалы, бір зауыт роботты өндіріс процесіне енгізсе, сол зауыттан шыққан өнім нарықта арзан бағамен сатылады. Бұл қаржы жағынан халыққа тиімді. Артылған ақшасын ел басқа салаға, қызметке жұмсайды. Мәселен, біреудің қалтасында 5 мың теңге артылса, ол оны баласын оқытуға жұмсаса, педагогтерге сұраныс артты деген сөз. Яғни, роботицазия жұмыс орындарын алып қоймайды, көбейтеді, – дейді маман. Маманның айтуынша, жаңа технологиялардан еңбек нарығына байланысты қорқыныш болмауы тиіс. АҚШ-та жасанды интеллект пен роботицазия өзге елдермен салыстырғанда аз да болса көш ілгері. Бірақ соның өзінде процесс әлсіз. Бірақ Жапония мен Оңтүстік Кореяда роботизация керемет дамыды. Роботтар барлық саланы жайлаған. Дегенмен жұмыссыздық деңгейі төмен, жұмыс орындары керісінше көбейіп, мамандарға сұраныс артқан. Осы тұста қазақстандықтар Кореяға ағылып, жұмыс істеп жүргенін еске салайық. Роботизация дамыған елде жұмыс күшіне сұраныс көп. Демек, роботизациядан қорқу – пайдасыз нәрсе. – Ал Қазақстанда роботизация өте қымбат. Оны жасау, енгізу, күрделі бизнес процестерінде қолдану қиын әрі шығыны мол. Ірі өнеркәсіптер болмаса, жаңа технологияға орта және кіші кәсіптің тісі батпайды. Сондықтан елімізде бүгін-ертең салалар мен мамандықтарға байланысты өзгерістер болатынына сенбеймін. Оның үстіне, пандемия кезінде әлем елдеріндегі бизнес жаңа инвестицияларды кідіртіп қойды. Жаңа жобаларға ақша құю азайды. Ал роботизация – сондай жобаның бірі. Бизнестер тек барын сақтап қалып, шығын шығармауға тырысып жүр. Бірақ әр адам, әр маман өзгерістерге дайын болуы қажет. Егер роботизация үдерісі белең алса, адамдарды жаңа бір салаға бейімдеу мемлекет пен компаниялардың мойнында. Тек жеке бастың мәселесі емес, – дейді Маханов. Қорыта айтсақ, біз еліміздегі күрделі мәселенің тағы да ушыға түсуі мүмкін екенін айтқымыз келді. Бұл тұста өзге елдерде дамып жатқан үрдістерді тілге тиек етуіміз бекер емес. Алдағы 10 жылда, бәлкім 30-40 жылда салалар мен мамандықтар құбылып жатса таңғалмаймыз. Егер қоғам оған дайын болмаса, жұмыссыздық тағы жол тосады.