Бар ақшаны игермеді
Бар ақшаны игермеді
218
оқылды
Жылдағыдай биыл тағы да бюджеттің біршама қаражаты игерілмей қалды. Бұл өзі жыл сайын қайталанатын әдетке айналып  бара жатқанға ұқсайды. Әлбетте қаржының не себепті игеріл­мей қалғаны жайлы уақыты келгенде тиісті құрылым жетекшілері мен әкімдер есеп беріп,өзуәждерін айтар. Біз бюджет қаражатын биыл қай салаға жауапты министрліктер мен облыстар игермегеніне назар аудардық. Жыл сайын қайталатантын «дәстүрдің» себебіне үңілуге тырыстық.  Қаржы министрі Ерұлан Жа­маубаевтың сөзіне сүйенсек, рес­пуб­ликалық бюджеттің шығысы – 99,4 пайызға, жергілікті бюджет­тің шығысы 95,8 пайызға ат­қарыл­ған. Республикалық бюджеттің шы­ғыс бөлігі 13 трлн теңгені құ­рап, мұның 81 млрд теңгесі жара­тыл­маған. Бұл соманың 15 млрд тең­гесі үнемделгені, сонда нақты иге­­­рілмегені – 66 млрд теңге. Қар­жыны ұқсатпаған салалардың қа­та­рында Цифрлық даму, ин­но­ва­ция­лар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігі, Индустрия және инф­ра­құрылымдық даму министр­лігі, Мәдениет және спорт ми­нистр­­лігі, Ауыл шаруашылығы мен Ішкi iстер министрліктері тұр. Жергілікті бюджеттің шығысы 8 трлн теңгенің үстінде, мұның 327 млрд теңгесі игерілмеген. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Түркістан, Ал­маты облыстарында көп қаржы игеріл­мей қалған. Бюджет қаржысының толық иге­ріл­­меуіне нақты көрсетілген қыз­мет­тер көлемі үшін ақы төлеу, орын­­далған жұмыс актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қаржыландыру жос­парына өзге­ріс­тер енгізу қажет­ті­лігі себеп болған.

Министрліктер қаржыны неге игере алмай жатыр?

Бір қызығы, «Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдырады» деп сенген Цифр­лық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі қаржыны игермегендердің көшбасында тұр. Жалпы, бұл мифтің шындыққа үйлеспейтінін жалпақ жұрт былтырдан бері біле бастаған. Пандемия кезінде білім жүйесінен бастап бірталай сала онлайн режиміне көшкенде «Цифрлық Қазақстан» туралы дақпырттың құр жай ғана «қызыл сөзден қуырдақ қуырған» далбаса екеніне көзіміз әбден жеткен. Оған біздің жүйе дайын болмай шықты. Оқушылар сабаққа онлайн қосы­ла алмай, сигнал аулап «тауға шығып, көл жағалап» кетті. Енді 2020 жылы онлайннан опық жесек те, биыл сол кемшіліктер түзеліп қалар деп үміттеніп едік, онымыз тағы ақталмады. Қазір республикада 1 200-ден астам ауылда интернет жоқ. Оны айтасыз, ірі қалалардың көптеген шағынауданның өзінде интернет желісі баяу жұмыс істейді. Сонда министрлік интернетке жалғанбаған немесе сигналы нашар елді мекендерді қалай цифрландыр­мақшы болған? Ал енді осы келеңсіздіктерді жойсын деп берген бюджет ақшасын ұқсата алмауын қалай түсінеміз?! Бір түсінгеніміз, министр Бағдат Мусиннің биылдыққа «Сберді» мақтаудан басқаға қолы тимеген сияқты. Бюджет қаржысын игермеген, басынан дау-дамай арылмаған тағы бір мекеме – Ербол Қарашөкеев басқарып отырған Ауыл шаруашылығы министрлігі. Жыл он екі ай бойы бір толас таппаған азық-түлік тапшылығы, жаз-күз айларындағы қуаң­шылық, республика өңірлерін жайлаған жұт, мал басының қырылуы, жемшөп же­тіс­пеушілігі елдің еңсесін басып, эконо­ми­камызды екі өкпеден қысып деміктіріп-ақ тұр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы келеңсіздіктердің бәрін ескерсе керек, биыл күзде өткен Үкіметтің екінші кеңейтілген отырысында ведомствоның бұрынғы басшысы Сапархан Омаровты жұмыстан босатқан болатын. Бірақ оның орнына келген Ербол Қарашөкеевтің де жарытып бірдеңе бітіргенін көре қойған жоқпыз. Ол аптыққан жұртты сабасына түсірудің орнына «агроөнімдерге қатысты азық-түлік бағасының өсуін тоқтата алмаймыз, өнім келер жылы да қымбаттай береді, себебі бүкіл әлемде бәрі қымбаттап жатыр» деп одан бетер дүрліктіріп қойды. Сондай-ақ 2021 жылға арналған бюджет бағдармаларын орындамаған­дардың «қара тізімінде» Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Мәдениет және спорт, сосын Ішкі істер министрліктері бар еке­нін естірттік, ел арасында бұл ведомс­тво­ларға да айтылып жатқан сын аз емес. Бы­лайғы кезде «біздің қолымыздан индус­трияны, инновацияны дамыту емес, көл-көсір той-тома­лақтар, мәдени жиындар өткізу, ескерткіш­тер орнату ғана келеді» деп пұшайман болып жүр едік, енді қарасақ, сол жиын-той­дың өзін жетісіп ұйымдастыра алмаған екен­біз. Әйтпесе, қаржыны игермеге­н­дердің қатарында Мәдениет және спорт министрлігі жүрер ме еді?! Әлбетте, пан­демияға байланысты жоспарланған көп­теген халықаралық форум мен түрлі дең­гей­дегі жиналыс-жиын өтпей қалды. Бюджет қаржысының игерілмеуіне осы фак­тор да әсер еткені белгілі. Бірақ қазына­ның ақшасы жиын-тойға шашу үшін емес, сала-сала бойынша нақты жоба­ларды жүзеге асыру үшін қарасты­рылатынын ескерген жөн.

Үш жылдық бюджет тиімді ме?

Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергенов бюджетті бекіткенде, ең алдымен сауатты жоспарлауға, қаржыны үнемдеуге басты назар аудару қажет екенін айтады. Оның ойынша, бүгінгідей экономиканың тұрақсыздық жағдайында үш жылдық бюджетті бекіту тиімсіз. – Бюджет үш жылдық мерзімге арналып жасалғанымен, жыл сайын нақтыланып, оның параметрлері бір жылға бекітіледі де, қалғанын депутаттар тек индикативтік, яғни үлгі, нобай түрінде қабылдайды. Бұдан келер жылдың бюджеті алдында әзірленген жобамен сәйкес келмей жатады. Кейбір бағдар­ламалардың орындалу-орындал­мауына қатысты күтпеген жағдай болып жатады. Бұл бағдарламалардың сапалы нәтиже беруіне кері әсерін тигізеді,– дейді Жаңабай Алдабергенов. Мынадай құбылмалы заманда үш жылдық экономиканы болжаудың өзі өте қиын. Былтыр мұнай бағасы толқып тұрған шақта, әсіресе тым құлдырап кеткен кездері ел бюджетін қалай жоба­ларымызды білмей дағдарғанымыз есте. Сол кездері атқарушы билік өкілдері «біз тоғыз айдың қорытындысы шыққаннан кейін ғана сатқан мұнайдың түсімнен қанша пайда, қанша шығын көретінімізді есептеп барып, нақты жауабын айта ала­мыз, бір айдың есебімен болжам жасау қиын» деген болатын. «Елдің экономика­лық ахуалы тұрақсыз. Мұндай жағдайда бюджетті жоспарлауды қысқа мерзімге бағыттаған жөн, үш жылдық бюджетті бекіту өзін-өзі ақтамайды», – деп сөзін түйіндеді экономика ғылымының докторы Ж.Алдабергенов. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, тағы басқа құзырлы органдар бюджеттің игерілмеуіне қатысты мәселеге өте-мөте назар аударуы тиіс. Жергілікті әкімдерден әлеуметтік-эконо­микалық даму болжамы талап етілуі тиіс. Аудан-аймақ әкімдері әр тоқсан сайын стратегиялық жоспармен жұмыс істеп, бюджеттің орындалуы нақты бақылауға алынуы қажет. Ол туралы қаржыгер Арман Мусин былай дейді: – Бюджеттен әр салаға қаржы бөлінеді. Кейде бұл ақша 10-15 жылға кепілден­дірілген қайтарыммен беріледі. Бірақ нақ­тылық қажет болсын десек, бұл қар­жыны тек жеке-жеке бір жылға есептеп беріп отыру керек. Бізде бюджеттің шығыс бөлігіне үнемі өзгерістер енгізіліп тұрады. Алдымен үш жылға есептеп аламыз да, кейін бөлінген қаржы діттеген жеріне жетпей қалады немесе орта жолда «желініп» кетеді. Сол себепті қандай да бір жоба бойынша бекітілген ақша сомасы кейін бірнеше рет өзгеріп, қосымша шығындарды көбейтіп жіберуі мүмкін,– дейді қаржыгер. Рас, бізде бір жылда бюджет екі-үш рет нақтыланып отырады. Кей жобаларға бөлін­ген қаржы тіпті еселеніп кетуі де ғажап емес. Ал 3 жылда қаншама өзгеріс болады, әлемдік нарықтағы баға құбылады, мұндай жағдайда үш жылдық бюджеттің қаржысын игере алмау, әйтпесе бөлінген соманың жетпей қалуы – заңды. Оның үстіне, бізде шенеуніктерді бюджет қар­жысын тиімді пайдаланбағаны үшін емес, игере алмағаны үшін кінәлайды. Сол себепті «қаржыны қайтсек те игерсек болды» деп, орынды-орынсыз шашатын, арзанқол дүниеге жұмсап жіберетін әкімқаралар мен байбатша шенеуніктер көп. Бұл мәселені де назардан тыс қалдырмаған абзал.

Қолды болған ақшаны қайдан іздеу керек?

Бюджет қаражатының игерілуіне қатысты біраз түйткілдің шетін шығардық, енді қазынаның қалтасы мен өзінің қалтасын шатастырып алатын шенді-шекпенділер туралы да бірер сөз арнай кеткен жөн шығар. Біздің халықтың санасында кез келген министр, кез келген әкім, бюджетке қарасты кез келген ірілі-ұсақты мекеме-ұжымның басшыларының бәрі ұрлайды деген күдік бар. Бұлай деуге себеп те жоқ емес. Қарапайым жұрт ми­нис­трлер мен әкімдердің үрлеп ішіп, шай­қап төгіп жүретінін талай көрген. Мәселен, биыл қазан айында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік қызметкерлердің шетелдегі тұрғын үйле­рінің, ақша мен көліктерінің санын айтты. Осы ақпаратқа сүйенсек, әлемнің 26 елін­де қазақстан­дықтардың 666 жылжымайтын мүлкі тіркелген. Оның 436 нысаны Ресейде, 44-і Біріккен Араб Әмірлігінде, 38-і Түркияда көрсетілген. 49 шет мем­лекетте 1 030 жеке тұлғаға тиесілі 1 198 көлігі тіркелген. Сондай-ақ ел азамат­тарының 691 млрд теңге ақшасы шетелдік банктерде жатыр. Әсіресе, АҚШ-та, Швейцарияда және Ресейде көптеген қазақстандықтың банк шоттары ашылған. Сонда бұл кімнің ақшасы? Әлбетте, ха­лықтың қаржысы емес екені анық. Оның бәрі бірдей бизнес өкілдеріне тиесілі емес екені тағы белгілі. Бұл сән мен салтанаттың елеулі бөлігінде мемлекеттік қызметте жүрген шенді-шек­пеннің де үлесі бар екенін ешкім жоққа шы­ғара алмайды. Сондықтан қолды бол­ған бюджет қар­жысының бір ұшын шетелдерден іздеген орынды.