Цифрлық теңге «келе жатыр»
Цифрлық теңге «келе жатыр»

Сең қозғалды! Цифр­лық теңгені айналымға енгізу жө­ніндегі пилоттық жоба тесттік сынақ кезеңіне келіп жетті. Бұл туралы таяуда Баяндама (White Paper) жариялаған Ұлттық банк хабар­лады. Сонымен бірге жаңа бастама туралы тұжырымдама да таныс­тырылды. Биыл басталған жоба қар­жы нарығы қатысушы­ларының, сарапшылар қауымдас­тығы мен ха­лықаралық серіктес­тердің атса­лысуымен даяр­ланған екен. Сонымен цифрлық валютаның бола­шағы қандай бол­мақ? Ол не үшін керек?

Уыстауға келмейді, жылыстатуға көнбейді

Баяндамашылардың айтуынша, Цифрлық теңге қаржы технологияларын кең таратуды тездетуге, қаржы қызметімен аймақтарды қамтуға, төлем индустрия­сындағы инновацияны ынталандыруға және қазақстандық қаржы секторының ха­лықаралық дәрежедегі бәсекеге қабі­леттілігін арттыруға септік етпек. Сынақ мерзімінде жаңа қаржы құралы эмиссия мен таратудан бастап сауда жасау, атөлем жіберу секілді өмірлік циклдің барлығынан өткен. Сол кезеңде оның меншік құқын токендеу, офлайн режимде сауда жасау, анонимдік баптау, жеңіл интеграциялану сияқты, тағы да басқа пайдалары анықталған. Мәселен, ЦТ токен түрінде мобильді құрылғыда сақталады, оны толықтай қадағалау оңай. Интернет жоқ кезде де сауда жасауға болады. Транзакция детальдары есеп алмасуға қатысушылардың барлығынан да таса сақталады, токендерді шектеуге болады, қозғалысын қадағалау жеңіл. Жобаны жасауда Швеция, Сингапур, Канада, Еуроаймақ, АҚШ, Швейцария, ОАР және тағы басқа елдердің озық тәжірибелері басшылыққа алынған. Әйтсе де, оны сынақтан өткізу әлі де жал­ғаспақ. Құжатта цифрлық теңгенің эко­но­микаға, қаржылай тұрақтылыққа, ақша-несие саясатына ықпал ету деңгейі бағала­нып, реттеу талаптарын жетілдіре түсу моделі ұсынылған. Енді келесі кезең 2022 жылдың шілде айында қолданысқа қабыл­дауға сәйкес келетін нұсқасы дайын бол­мақ. Онда экономикалық және реттегіштік зерттеу, технологиялық параметрлерді бағалау, тұтынушылардың тәртібін сан және сапа жағынан сипаттау, сараптамалық талдау жұмыстарының нәтижесі айқын­дала түспек. Приоритетте ұлттық төлем қызметін тұтынушыларға тигізетін қоры­тынды әсерін анықтау тұр. Ұлттық цифр­лық валютаны айналымға енгізу туралы шешім келер жылдың аяғында нақты қа­былданатын болады.

Несие мен төлем операциялары қымбаттай ма?

Сонымен, жаңа бастаманы сынаушы­лар да табылып отыр. Өзінің Kursiv.kz сайтындағы авторлық бағанында CEO Freedom Holding Corp холдингінің негізін салушы Тимур Турлов мұндай төлем жүйе­сін ұйымдастырудағы бірнеше шешуші аспектіге назар аудартып, оның макроэко­номикалық қаржы тұрақтылығына қауіп әкелуі мүмкін екенін айтқан. «Бұл қазіргі екі деңгейлі банк жүйесінің орнына бір деңгейлі төлем жүйесін алып келуі ықтимал. Яғни, ортадағы банктер кетіп, клиенттер тікелей Ұлттық банктен шот ашуға ұмтылатын болады. Мысалы, қа­зіргі дәстүрлі жүйеде сіздің карточ­каңызда немесе есепшотыңызда жатқан ақшаны сақтау және транзакциялау – оны берген банктің міндеттемесі болса, ол банк банкротқа ұшыраған жағдайда сіз ол ақ­шаңызды керек кезінде немесе толықтай пайдалана алмай қалуыңыз мүмкін. Ал әмия­ныңыздағы қолма-қол ақша – Ұлттық банктің міндеттемесі. Оған ондай қауіп жоқ. Ертең цифрлық теңге шыққан кезде пайда іздеген клиенттер ортадағы банктік алымдардан қашып, әрі сенімді сақтау орнын іздеп, біржолата ҰБ-ға көшіп кетуі мүмкін. Оның үстіне, регулятордың оларға арзан әрі тиімді қызмет көрсетерлік мол мүмкіндігі бар. Цифрлық теңге – қол­ма-қол ақшаның алыстан есептесе алмау, шын ақша екенін тексеру мүмкіндігінің жоқтығы, инкассацияға шығындалу, қой­мада сақтау, банкноттар басып шығару секілді көптеген кемшіліктен ада», – дейді Тимур Турлов. Маманның айтуынша, екінші деңгейлі банк клиенттерінің мұндай бос айналымда жүрген есеп айырысу ақшасының көлемі шамамен 3,97 трлн теңге екен. Ұлттық банктен шот ашуға мүмкіндік берілер болса, бірінші кезекте осындай сома екі деңгейлі нарықты тастап шықпақ. Оған қоса, ұзақмерзімді салымда жатқан ақ­шаның бір бөлігі де регулятордың есеп­шотына жол тартуы ықтимал. Бүгіннің өзінде ЕДБ-лар ҰБ-да сақтап отырған жалпы резерві 6 трлн теңге десек, екінші деңгейлі банктердің резерві азайып қал­мақ. Коммерциялық банктердің шығыны мұнымен шектелмейді. Жалпы алғанда, цифрлық теңгенің енгізілуі коммерциялық банктерді ликвидті қаражатының көп бөлігінен және кірісінің 40%-ынан қағады. Оған елімізде банк секторында табыс табу біркелкі емес екенін қосыңыз. «Кірістен қағылған банктер оның ор­нын толтыруды бірінші кезекте транзак­цияларға салатын комиссияларын қым­бат­татудан бастауы мүмкін. Ал оның ба­сым бөлігі қарапайым азаматтар жасайтын ұсақ аударымдардан тұратынын ескерсек, салмақ халықтың қалтасына түседі. Қазақстанда бір айда жалпы сомасы 9,2 трлн теңге шамасында болатын 651 млн транзакция жасалады. Бұл жылына 110 трлн теңге деген сөз. Аударымдарды өңдеу комиссиясы транзакция сомасының орташа 0,35%-ын құрайды десек, бұл шамамен 44 теңге. Ал күніне екі аударым жасаған әрбір қазақстандық бір айда 2 800 теңге шығын тартпақ. Тұтынушылар бү­гінде бұл қызметті ақысыз пайдаланып жүр­генін ескерсек, бұл қалтаға бататын шы­­ғын болмақ», – дейді бапкер. цифрлық теңге Сонымен, банктер тек транзакция ко­мис­сиясымен шектеліп қалмай, кез келген қызметіне комиссия қосуы ықтимал. Бұл клиенттердің қадағалау аз қолма-қол ақ­шаға ойысуына алып келіп, қара базардың дамуына ықпал етуі мүмкін. Ал мемлекет салық түсімдерін жоғалтпақ. Түптеп кел­генде мұндай қадам күллі қаржы ин­дустрия­сының моделін «инвестициялық банкинг» сипатына айналдырады. Яғни, салымдарын мерзімінен бұрын алу мүм­кіндігінен айырылған клиенттер оған белгіленетін төмен сыйақы мөлшерлер­месіне көнуге мәжбүр болмақ. Бұл кезде несие мөлшерлемесі жоғарылай түспек. Сонымен, несие мен төлем операциялары қымбат, депозит арзан заман тумақ. Көптеген компания айналым ақша үшін инвестицияға қол жеткізе алмай банкрот боп жабылуы да мүмкін. Ұлттық банктің монополиялық пәрмені арта бермек. Бұл Кеңес кезіндегі орталықтандырылған жал­ғыз желілік қаржы жүйесін еске түсіреді.

ЦТ криптовалюта немесе стейблкойн емес

Сонымен, бұл айтылған пікірдің жауабы да көп күттірген жоқ. Былайша айтқанда, жаңашылдықтың қыр-сыры сараланған жақсы пікірталас болды. Тимур Турловқа «Цифрлық теңге туралы тұжырымдаманың» авторларының бірі Олжас Төлеуов жауап берді. Бізге берген сұхбатында ол, бірінші кезекте Орталық банктердің шығаратын цифрлық валю­талар майнинг жолымен жасалмайтынына назар аудартты. Түпкі және жалғыз эми­тент өзі болғандықтан Ұлттық банк цифр­лық теңгені дербес «токен» түрінде шы­ғарады. «Токен» дегеніміз – әріптер мен сандардан тұратын ұзын код. Сол код ар­қылы әрбір цифрлық теңгенің идентифи­ка­циясы жасалады. Мысалы, қағаз ақша­ның бетінде сериясы болады десек, сол нөмірді шартты түрде «токен» деп атауға болады. «Біріншіден, цифрлық теңге дегеніміз криптовалюта немесе стейблкоин емес. Ол – қолма-қол және қолма-қол емес қар­жы құралдарының қатарында қарастыры­ла­тын фиатты теңгенің, яғни құнын шы­ғарушы мемлекет қамсыздандыратын ұлттық валютаның үшінші формасы. Екіншіден, оны эмиссиялау оған дейінгі екі түрі сияқты түпкі әрі жалғыз эмитент Ұлттық банктің тікелей міндеті. Сондық­тан да ЦТ – қолданыстағы фиатты ақша­лар­дың баламасы емес, заңды төлем құ­рал­­дарын тек толықтырушы. Үшіншіден, цифрлық теңгені енгізу мен оның бары­сында жүзеге асырылатын эмиссия кезінде Ұлт­тық банк Қазақстанның төлем жүйесін мо­нополиялап алады деген топшылау шын­дыққа жанаспайды. Өйткені регуля­тордың төлем сегментіндегі нарық қатысу­шыларымен бәсекелестікке түсетін еш­қандай да ниеті жоқ. Цифрлық теңгенің басты мақсаты – ақшаның қосымша цифрлық формасын ұсыну арқылы нарық­қа арналған қажетті инфрақұрылымды құру», – дейді Қазақстан Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Төлеуов. Маманның айтуынша, егер бір клиент 100 мың цифрлық теңге қажет етіп, өз банкіне сұраныс жіберетін болса, ол банк Ұлттық банкке тапсырыс береді екен. Ұлттық банк сондай көлемдегі ақшаны екінші деңгейлі банктің резервіндегі ақ­шаға айырбастайды. Яғни, қолма-қол ақшаны алып, орнына токендерді эмиссия жасайды. Ондай айырбас кезінде ақша көлемі өзгермейді, тек ақшаның құрылы­мы ғана өзгереді. «Соңғы баяндамада біз Цифрлық тең­гені енгізудің экономикаға қатерін бүге-шігесіне дейін бөлек тарауда қарастырдық. Сондықтан да егер клиенттер есепшотын­дағы бүкіл ақшасын аламын десе және ол әрекеті қаржы жүйесіне қауіп әкелетін болса, онда Ұлттық банк оны ерекше жағдай («цифрлық қашу») деп бағалап, тәуекелді азайту мақсатында директивті (әмірлі) түрде оның саны мен қозғалысын шектей алады. Қолма-қол ақшаға келер болсақ, Цифрлық теңге енгізілген шақта ол ең бірінші кезекте қолма-қол ақшаға ғана айырбасталатын болады. Мұндай М0-дік ақша массасы елімізде 2,9 трлн теңге. Сондай-ақ Тимур Турловтың кел­тіріп отырған дәйектері бұрыннан да анық жайт. Сондықтан да біз Цифрлық теңгені енгізбес бұрын оның оң және теріс әсер­лерін әбден зерттеп аламыз. Осы мақсатта келер жылға бірқатар қосымша экономи­калық зерттеу тағайындалған», – дейді Олжас Аязбиұлы. Төраға кеңесшісінің айтуынша, сырт­тағы қолданушылар үшін оны қолдан жасау да, жойып жіберу де мүмкін емес. Өйткені оны жасайтын да, жоятын да – Ұлттық банк. Ал кибершабуылға келетін болсақ, бұл жағына үлкен маңыз берілген. Цифрлық теңге технологиялық жағынан да, заңнама жағынан да кешенді түрде қорғалатын болады. Ендеше бүгінде елді елеңдетіп отырған бұл бастама өмірімізге қандай өзгерістер алып келетінін алдағы жылдың аяғында-ақ сезіне бастайтын боламыз.