Студенттің білімі сын көтермеді
Студенттің білімі сын көтермеді
© коллаж: Елдар Қаба
259
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысындағы колледж студенттерінің жалпы пән­дер бойынша білім сапасы аса мәз емес. Бұл жайт биыл Солтүстік Қазақ­стан облыстық Білім саласында сапа­ны қамтамасыз ету департаменті жүр­­гізген оқу жетістігі мониторингі нә­­тижесінде белгілі болды. Биыл қараша айында республика бойынша алғаш рет техникалық және кәсіп­тік білім беру ұйымдарында студенттердің оқу жетістігіне мониторинг жүргізілді. Солтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан төрт колледжді де бұл мони­торинг айналып өтпеді. Тайынша агро­бизнес колледжінде, Тимирязев ауыл шаруа­шылық-техникалық колледжінде, Новои­шим ауылшаруашылық-техникалық кол­леджінде және Петропавл құрылыс-эко­номика­лық колледжінде жүр­гізілген шара­ның нәтижелері көңіл көн­шітерліктей емес. Жалпы, «Білім туралы» заңға сәй­кес, тех­никалық және кәсіптік білім беру ұйым­дарында жалпы білім беретін пәндерді, кәсіптік модульдерді немесе жалпы кәсіптік, арнайы пәндерді меңгеру деңгейін бағалау мақсатында мониторинг жүргізіліп тұрады. Осы жолғы бағалау мониторингі жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілген екен. Оның аясында Ұлттық тестілеу орталығы білім беру ұйымының бейініне қарай жалпы білім беретін үш міндетті пәннен, яғни қазақ тілі, мате­матика, Қазақстан тарихы және бір таңдау пәні бойынша тест тапсырмаларын ұсын­ған. Берілген тапсырмалар бойынша 75 ұпай жинау мүмкін болғанымен, республика бойынша орташа көрсеткіш – 24,8-ақ ұпай. Ал солтүстікқазақстандық студенттердің көрсеткіші бұдан да төмен – небәрі 20,4 ұпай ғана. Бүгінде осы мониторинг нәтижелері Ы.Алтынсарин атындағы академияда жан-жақты зерделенуде. Оның қорытындысы бойынша академия ұжымы әдістемелік ұсынымдар әзірлемек. Солтүстік Қазақстан облыстық Білім басқармасының басшылығы бұл мәселеден хабардар. «Иә, біздің студенттер төмен білім көрсеткіштерін көрсеткенін білеміз. Бұл – біздің алғашқы тәжірибеміз. Әрине, көрсет­кіштерді жақсартуға тырысамыз. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко.

ЖҰМЫСШЫҒА ЖАЛПЫ ПӘНДЕР ҚАЖЕТ ПЕ?

Алайда бүгінде жұмысшы мамандарға жалпы пәндерді білу қажет емес деген пікір де бар көрінеді. Әсіресе, кәсіпкерлер жұмысшы мамандар әдебиетші болуы немесе математиканы жақсы білуі міндетті емес деп санайды. Оларға жұмысқа қабыл­даған адамы белгіленген міндеттерін ат­қарса, тар бейінді маман болса жетеді. Сондықтан маман даярлау бағдарламасынан жалпы пәндерді алып тастау туралы ұсыныс жасап жүргендер де баршылық. «Бұл тұрғыда қазір белгілі бір шайқас жүріп жатыр. Біз, білім беру саласының мамандары, бұл пікірмен мүлдем келіс­пейміз. Бүгінде бұл мәселе Үкімет дең­гейінде шешілуде. Жастар білімді болуы керек деп санаймын» деген пікірін білдірді Владимир Сергеевич. «Өрлеу» АҚ облыстық филиалының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Алма Мырзалинова білімі төмен жастар ертең колледжді тәмамдаған соң жоғары оқу орнына түсе алмайды деп алаңдаушылық білдіреді. «Республикалық көрсеткіштен де төмен нәтиже көрсеткен студенттер ертең қалайша жоғары білім алмақшы? Жалпы пәндерді олар бірінші курста өтеді. Жоғары оқу орнына түсерде сол алған білімі талап етіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын аяқтаған соң жастар жо­ғары оқу орнына түсіп, білімді де білікті ма­ман болып шыққанын қолдаймын. Алай­да мынадай білім көрсеткішімен олар жо­ғары оқу орнында оқи алатынына кү­мәнім бар», – деді Алма Жәкімқызы. Алайда Владимир Ткаченко «Біздің басты міндет – жұмысшы кадрлар даярлау. Ал оларды жоғары оқу орнына түсуге даяр­лау мақсатын көздеп отырған жоқпыз», – дейді. Оның айтуынша, маман даярлауда ең­бек нарығының сұранысы ескеріледі. Кә­сіп­орындар мен салалық басқармалардың өтініштері ескеріліп, тапсырыстары қабыл­данады. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақ­тау, басқару және құқық, ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар, инже­нер­­­­лік, қайта өңдеу және құрылыс, қызмет көрсету салаларына қажеттілік көп екен. Биыл колледж түлектерінің 70 пайызы жұмысқа орналасыпты. Владимир Ткаченко бұл рес­пуб­ликалық көрсеткіштен жоғары екенін айтады.

МАМАН ТАПШЫ

Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында педагог мамандардың жетіспеушілігі – өткір тұрған мәселе. Тәжірибелі профессорлық-педагогикалық құрам қартайып, зейнет демалысына шы­ғып жатыр, ал жас мамандар жоқтың қасы. Колледж оқытушыларын даярлаудың да түйткілі көп.Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында сабақ беру үшін мұғалімнің арнайы және педагогикалық жоғары білімі болуы керек. Ондайлар сау­сақ­пен санарлық. Солтүстік Қазақстан облыстық Білім саласында сапаны қам­тамасыз ету департаментінің басшысы Айнагүл Сұрағанованың айтуынша, заң бойынша педагогикалық қызметке алғаш кіріскен және тиісті бейіні бойынша кәсіптік білімі бар тұлға педагогикалық қайта даярлаудан өтуі, яғни мамандық бойынша бұрыннан бар білімдерін толықтыруы, педагогика, психология, оқыту әдістемесі бойынша білім алуы тиіс. Тіпті, шаштараз даярлайтын маманнан да жоғары педагогикалық білім талап етіледі. Мұндай қайта даярлау курстары жоғары оқу орнында ғана жүргізіледі. Ал жоғары оқу орны белгілеген мерзім мен төлемақы олардың көңілінен шыға бермейді. бірін­шіден, колледж оқытушыларының еңбек­ақысы аз, екіншіден, сабақтан қол үзіп, 500 мың теңгеге дейін төлемақы төлеп, 6-8 ай оқитын мүмкіндіктері жоқ.  Сондықтан «Nur Otan» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан универ­ситетімен бірлесіп, осы мәселені шешу жолдарын қарастыру ұсынылды. Атап айтқанда, колледждерде арнайы пәндерден сабақ беретін оқытушыларға арналған жеделдетілген факультативтік курс ашу қажет. Алайда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Жанар Таласпаеваның айтуынша, жоғары оқу орнындағы біліктілікті арттыру курстары сабақ жүргізуге құқық бермейді. Тек қайта даярлау курстарын тәмам­дағандардың  оқытушылық қызметпен айналысуға құқығы бар. Ал әртүрлі ма­мандық иелерінің басын бір аралық топқа енгізіп, педагог етіп шығаруға біліктілік талаптары мен бекітілген стандарттар мүмкіндік бермейді. Облыстық Білім басқармасы басшысы­ның орынбасары Владимир Ткаченко «бұл мәселеде, әсіресе ауылдық аймақтардағы жергілікті атқарушы органдар да мүдделі болуы керек» деген пікірде. Мәселен, жоғары білімді мамандарды көтермелеп, тұрғын үймен қамтамасыз етуі керек деген ұсыныс жасады. Әрі колледждер де ма­териал­дық-техникалық базасы, оқулық­тар­мен қамтылуы, зерт­ханасының болуы сияқ­­ты барлық талапқа сай болуы тиіс. Өкінішке қарай, Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету облыстық депар­таменті жүргізген профилактикалық бақы­лау нәтижесінде үш колледжде білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талап­тарының бұзылғаны анықталды. Яғни, бақылаумен қамтылған Аққайың ауданы­ның аграрлық колледжінде, Новоишим ауылшаруашылық-техникалық колледжінде және Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде оқу-жұмыс жоспары үлгілік оқу жоспарына және техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты­ның талаптарына сәйкес келмейтін болып шықты. Осыған орай Солтүстік Қазақстан облыстық Білім саласында сапаны қамта­масыз ету департа­ментінің басшысы Айна­гүл Сұрағанова нормативтік-құқықтық актілер үнемі жаңар­тылып отыратындықтан, облыстық Білім басқармасы оқу жоспар­ларын әзір­леуге орталық­тандырыл­ған көмек көрсетуі тиіс деген пікір білдірді. Өз бейініне сай келмейтін мамандықтар ашып,  «Әлін білмеген әлектің» кейпін киіп отырған колледждер де баршылық. Қолда­ныстағы заң бойынша мұндай мамандықтар бойынша екі жыл бойы білім бермеген колледждер лицензиясын қайтаруы тиіс. Айнагүл Ағыбайқызының мәліметінше, соңғы екі жыл ішінде 80-нен астам біліктілік бойынша лицензия қайтарылған. Соның ішінде, мәселен агротехникалық кол­ледждердегі   дене шынықтыру  пәнінің мұғалімі, тігінші, шаштараз, іс жүргізуші, педагогикалық колледждегі аудармашы, суретші-модельер, визажист, бармен сияқты мамандықтар бар.  Жуырда ашылған ландшафттық дизайн, аңшылық сияқты мамандықтардың да болашағы бұлыңғыр деген пікір бар. Қалай болғанымен де, еңбек нарығы жылдам өзгеріп отыратындықтан, мектептер де бейіндік жұмысын  жетілдіре түсуі керек.

Солтүстік Қазақстан облысы