«Ауру болсаңдар неге жалпы білім беретін мектепте оқисыңдар?» - ШҚО-да мектеп директоры қатаң сөгіс алды
«Ауру болсаңдар неге жалпы білім беретін мектепте оқисыңдар?» - ШҚО-да мектеп директоры қатаң сөгіс алды
Сурет: depositphotos.com
292
оқылды

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Үржар ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп директоры қатаң сөгіс алды. Бұл туралы Білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Мектеп директоры эмоцияға беріле сөйлеген жазбасы желіде тараған соң кешірім сұрады. Алайда, педагогикалық этиканың бұзылуына байланысты ШҚО әкімдігінің білім басқармасы мектеп директорын қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдады. ШҚО білім басқармасы педагогикалық этика нормалары мен ережелерін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру әңгімелерін өткізді", - делінген министрліктің таратқан ақпаратында.
Ал мектеп директорының вакцина алмаған 11-сынып оқушыларына дауыс көтере сөйлеген 9 минуттық аудио жазбасы әлеуметтік желілерде кең тарады.
Аудио жазбадан мектеп директорының «Сендер өз-өздеріңе кедергі жасап отырсыңдар. Ыңғай ауру балалар біздің ғана мектепте ме? Сау бала жоқ менде. Елу бір мектептің 49-ы бітіріп тастады. Алып болды түгелі. Неден қорқып отырсыңдар сендер? Сендерді өлімге апаратын менің басым екеу емес, балалар! Сендерге келердің алдында ойланып келдім. Мен екі университет, бір колледж бітірген адаммын. Вакцина алғандар өліп қалған жоқ. Отыр ғой алдарыңда. ...Сынып жетекшісін адам ғұрлы санамайсыңдар. Не менің медсестраларымды тыңдамайсыңдар. Мені мектеп директоры ретінде сыйлауға болады ғой. Міне, оқыңдар. «Момышұлы мектебі ғана түк істемей отыр» деп басшым күнде жазады. Сонда не деп барам? Менің балаларым түгел ауру деймін бе? Ауру болсаңдар неге жалпы білім беретін мектепте оқисыңдар? Онда ауру балалар оқитын мектепке барыңдар» , - деген сөздерін естуге болады.
Аудио жазбада мектеп директорының оқушылармен жеке-жеке сөйлескені байқалады. «Саналарың төмен. Менің алдыма әлі талай келесіңдер. Сол кезде көрсетемін» деп доқ көрсетеді әңгіме арасында. Мектеп директоры осы жағдайға байланысты Үржар аудандық Білім бөлімінің басшысына жазған түсініктемесінде:
«20 желтоқсан күні 11 «б» сынып оқушыларына үзіліс кезінде вакцина бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында 14 кабинетке кірдім. Мектеп медбикелері Дүйсембаева, Шарипова, тәрбие ісінің меңгерушісі Аңдасоваға 2 күн бұрын оқушылар немқұрайлы қарап, сөздеріне құлақ аспаған. Алдымен вакцинаның маңыздылығы туралы түсініктеме бердім, бірақ балалардың мысқылдап күлгендігін байқадым. Сол кезде жұмыс барысында эмоцияға салынып, ашуға бой алдырдым. Оқушылар менің сөзімді ұялы телефонға жазып алыпты. Кешкі сағат 22:00-де аудиожазбаны ватсап желісінен көрдім, жүрегім ауырып, қатты күйзеліске түстім. 21 желтоқсан күні оқушыларым өзара бір-бірімізден кешірім сұрадық», - деп жазады.