4 баланы өрттен аман алып қалған Олег Пирогқа облыс әкімі алғыс айтты
4 баланы өрттен аман алып қалған Олег Пирогқа облыс әкімі алғыс айтты
Фото: Facebook Александр Цой
343
оқылды
25 желтоқсанда Қостанай қаласындағы "Садовод" саяжайы аумағында  өрт болған еді. 5 сынып оқушысы Олег Пирог отқа оранған  үйден төрт баланы аман алып шығып, құтқарып қалды. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ерлігі үшін 5 сынып оқушысына алғыс айтты және грамота мен бағалы сыйлықтар тапсыру мақсатында қабылдауына шақырды. «Қымбатты достар! Қостанай қаласындағы "Садовод" саяжай қоғамының аумағында 25 желтоқсанда болған жазатайым оқиға туралы барлығы оқыған болар. Бесінші сынып оқушысы Олег Пирог өртеніп жатқан үйден төрт баланы құтқарды. Ертең Олегті осы ерлігі үшін жеке алғыс айтуға, грамота мен бағалы сыйлықтар беруге шақырдым. Сондай-ақ, осындай батыл және нағыз адал азаматты тәрбиелеген ата-анасына ризашылығымды білдіремін. Жарайсың, Олег!», - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында. 25 желтоқсан күні таңертең төтеншеліктерге өрт туралы хабар келген. №22 орта мектептің 5 сынып оқушысы Олег Пирог бұл уақытта көшеде ойнап жүрген. Түтін шығып жатқанын байқаған ол өрт сөндірушілердің келуін күтпестен терезеден үйдің ішіне кіріп, балаларды құтқарып қалды.