«Кездесу мен қоштасу» қойылымының премьерасы өтті
«Кездесу мен қоштасу» қойылымының премьерасы өтті
1,095
оқылды

Күні кеше Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық академиялық драма театрында Александр Володиннің «Қоштасқым келмейді» пьесасы бойынша сахналанған «Кездесу мен қоштасу» қойылымының премьерасы өтті.

Режиссері қазіргі қазақ театры кеңістігінде аты шығып жүрген Данияр Базарқұлов. Жалпы Данияр әрдайым әлеуметтік тақырыппен қызығатындығын оның алдында қойған спектакльдерінен де байқап жүрміз. Ол заманауи, аударма шығармаларға батыл барып, өзін, қазіргі жастарды толғандыратын сұрақтарға жауап іздеуде. Енді міне Сыр өңірінде Володиннің пьесасы арқылы қазіргі жастардың сүю, үйлену, ажырасу сынды қоғамның үлкен әлеуметтік мәселесін көтерді. Тіпті қойылымда қазіргі еліміздегі ажырасулардың статистикасынын көрсетуінің өзі ойландырады, шошытады. Басты кейіпкерлер Катя мен Митя бір бірін жақсы көрсе де балалық па, қызулық па сөзден сөз шығып, ақыры ажурасуға бел буады. Ажырасқан күннің өзінде баратын жерлері болмағандықтан бір пәтерде, ары қарай бір бірінің көзіне күйік болып өмір сүріп жатады. Енді екеуі ерлі зайыпты болмаса да күндері әлі бір біріне қарайды. Өйткені соттың бір парақ қағазымен тағдыр шешілмейді, судьяның қол қойып, мөр басуымен махаббат өшпейді деген идеяны режиссер алға тартқан. Катя мен Митяның өтіп жатқан оқиғасының қасында сегіз тағдыр, сегіз ажырасқан жұптарды көреміз. «Сүймеймін», «мінезіміз жараспады», «көзіме шөп салды», «басқа әйелі бар», «ішеді», «соғады» деген сөздердің артында қаншама тағдыр, қаншама кездесулер мен қоштасулар жатыр. Д.Базарқұлов театрдың суретшісі Нұркен Қалымбетовпен бірлесіп сахнаны вокзал ретінде шешкен. Сахнаның төрінен көрермен залының ортасына дейін поездың рельстері жатыр. Бұл адамның тағдыры болса, вокзал – өз бақытын іздеген, не жоғалтқан, кездесіп не қоштасып жатқан жандардың өмірі. Күту залындағы орындықтар, экран арқылы хабарланып жатқан поездардың келу‑кету кестесі, чемодан ұстап әрлі берлі жүгіріп жүрген адамдар көрерменді бірден вокзалдың атмосферасына әкеледі. Режиссер тарапынан өмірді вокзалға теңеуі өте дәл табылған метафора. Тіпті ажырасып жатқандардың рельстің екі жағында жүруінің өзінде үлкен мән жатыр. Олар енді бір бірімен бола алмайды, әрқайсысының жолы енді бөлек. Судьяның сахнаға алдындағы арбасын поездың дауысына салып даңғыр дұңғыр шығаруының өзі, жүріп жатқан өмірді, алдына келген қаншама тағдырларды суреттегендей. Ал, вокзалдың алаңында әнші жігіттің (Нұрсұлтан Төреәлі) композитор Ғазизхан Шекербеков қойылымға арнайы жазған әндерін орындауы көтеріліп отырған тақырыпты тереңдетіп, көркемдік жан бітіріп, лирикалық сарын берген. премьера Режиссер автордың идеясын нақты көрсету ниетімен ажырасқанның түбі жалғыздыққа жеткізетінін де көрсеткісі келді. Жалғыздықтың символы ретіндей судья мен өз пәтерінде кезінде апайынан бөлек тұру үшін қабырға тұрғызып, енді оны бұза алмай жүрген әйел бейнелері арқылы шығарады. Суыққанды судьяның кейде адамшылық қасиеттірі жылт етіп байқалып, ажырасқандарды қайта қосуға үміттенеді. Актриса Зарина Кенжеәлі өзінің дәрменсіздігін, шығарып отырған өкімдерінің мағынасыздығын, ешқашан ешкімді татуластыра, құтқара, көмектесе алмайтынын түсінген сахнасы нанымды шыққан. Жиналған шашын босатып жіберіп, қолыңдағы темекісін тартып не үшін өзінің өмірін осындай жұмыс үшін құрбан қылғанын түсінбегенін психологиялық толғаныспен жеткізеді. Дегенмен де, актрисаға әлі де болса іздене түскені дұрыс. Өйткені жас судьяның ішкі тебіренісін, адамдардың тағдырына деген алаңдаушылықты басым көрсетіп жіберген. Дәл сондай, әйел – Зәуре Көздібаева жалғыздығын, дәрменсіздігін көрсету мақсатымен сахнада күйгелек іс‑қимылдармен жеткізуі қисынсыз. Бірақ, авансценадағы микрофонға жақындап, адамдардың не үшін қоштасатыны туралы ой қозғауы, оны қарапайым дауыспен, көрерменмен сырласқандай үнмен айтуы кейіпкерінің ішкі жан‑дүниесін, уайымы мен қайғысын нақты көрсетті. Митя мен Катяның махаббаты да актерлердің ойынында күңгірт шыққан. Бір‑біріне ынтық жандардың көңіл толғаныстарын әлі де болса тереңдете түсу керек. Тек бір мизансценада Катя – Жауһар Еркінова мен Митя – Санат Жүзбай арасындағы сезім оты байқалды. Катя кітап оқып отырған кезде Митя оның қасына барып, халін сұрағанда, бүкіл әлемде екеуінен басқа адам қалмағандай бір‑біріне үңіле қарап қалған құпия сәттті режиссер өте әдемі шешкен. Екеуінің арасында өшпеген махаббаты қайта лаулайын деген кезде Митяның телефонына Иринаның қоңырау соғуы сол әдемі, ғажайып сәттің өшіп, бірден басқа қалыпқа ене қалған Митяның әрекеттері қарапайым да шынайы шықты. Дегенмен де, бұл кейіпкерлердің сахналық өмірбаяны әлі толыққанды ашылмаған. Сол сияқты қалған актерлерге де образ жасауда әлі іздене түсуі қажет. Тек Никулиндер отбасын бейнелеген Ұғым Баймаханов пен Айгүл Байдалиеваның ойынынан шынайылық нышаны айқын байқалды. Жиырма жыл отасқан әйелін тастап, өзінің жастық шағындағы махаббатына оралмақшы болған Никулин – Ұ.Баймаханов көп сөйлемесе де  бүкіл түрінен өз ойынан қайтпайтын, нақты шешім қабылдаған, өмірінің соңғы жылдарын сүйіктісімен өткізіп, бақытты болғысы келетіні көрініп тұрды. А.Байдалиеваның Никулинасы көз жасын тартып тұрып сөйлеуі, бәріне көнген адамды, бар болмысымен ішкі трагедияны жақсы жеткізе алды. Мироновтар (А.Көшімбаев пен А.Дүйсенқызы), Беляевтар (С.Абдразақов пен А.Тулеуова), Козловтар (Б. Амангелдиев пен М.Сәбитова), Кирилашвилилер (А.Оразалиев пен Б.Қали), Шумиловтар (А.Әзімбай менМ.Абишева), Ирина (Г.Берікбай), Валера (С.Бисенәлиев), Ларисаның анасы (Ғ.Боранбаева) сахналық бейне жасаудағы  процесті, таным дәлділігін тілеп тұр. Орындаушылар бұлардың ішкі әлеміне жете барлап,  әр сөздің мағынасын түсініп, ашу, оның өзіндік ырғағын, үнін, интонациясын табу керек. Автордың идеясын ашудағы режиссерлік ой‑тұжырым мен түсінік,  жүйелеу  айқын болғанменен актерлердің кейіпкер даралығына, көркемдік сипатына мән беріп, ізденіс жұмыстарына молырақ көңіл бөлген дұрыс. Режиссер «Кездесу мен қоштасу» деп тақырыбына лирикалық сарын беріп, финалында жастарға үміт сыйласа да қойылым ойландырады. Ащы шындығымен, бетке тіке айтуымен. Адам үшін махаббат нені білдіреді, ол үшін отбасы қандай? Қайсы сезім күштірек – достық па, махаббат па? Адам бірнеше рет сүйе ала ма? деген сұрақтарға жауап іздейді. Театрға келген көрермен бір күліп, бір жылап отырып кейіпкерлерге жанашырлық танытып қана қоймайды, спектакльдің мазмұнын өздерінің өміріне, жеке қарым-қатынасына түсіріп қарайды. Тұтас алғанда кейбiр бiрлi-жарым олқылықтарына қарамастан бұл спектакль Қызылорда театрының табысы, жастар өнерi барынша айқын көрiнген спектакль.

Анар Еркебай, театртанушы