Түркістан облысында полиция қызметкерлері корпоративте отырған бір топ шенеуніктің үстінен түсті
Түркістан облысында полиция қызметкерлері корпоративте отырған бір топ шенеуніктің үстінен түсті
Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Кентау қаласындағы мейрамханалардың бірінде түсірілген видео жарияланды. Видеода қызметкерлердің карантин талаптарын бұзып, корпоратив ұйымдастырғаны айтылады.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның жаңажылдық кеш ұйымдастырылмасын деген сөзіне қарсы болған Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев мырза. Ауданның мектептерінде бастауыш сыныптарға әліппемен қоштасуға болмайды, бірақ Р.Жолаев мырза өзіне қарасты барлық аудан басшыларын жинап, Кентау қаласында жаңажылдық кешті тойлауы масқара емес пе? Құрметті ағамыз Өмір Шыныбекұлы, бұл қаншалықты дұрыс?", – деп жазды видео авторы.
Видеодан корпоративтік кештің үстінен түскен полиция қызметкері мен кейбір қонақтар бетін жауып, сыртқа қашып жатқанын байқауға болады. Бұл видеоға қатысты Түркістан облыстық Полиция департаменті пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, 23 желтоқсан күні сағат түнгі 22.45 шамасында Кентау қаласының полиция бөліміне ер адамнан хабарлама түскен. Ол өзін қоғам белсендісімін деп таныстырып, қаладағы мейрамханалардың бірінде жаңажылдық кеш өтіп жатқанын, карантин талаптары бұзылғанын айтқан. Содан кейін оқиға орнына тәртіп сақшылары барған. Ғимаратта адамдардың жиналғаны, арақашықтықтың сақталмай, карантин талаптарының бұзылғаны анықталған. Полиция қызметкерлері аталмыш факті бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша материалдар толтырып, санитарлық дәрігерлерге жіберген. Тиісті шешімді енді солар шығарады.