Мемлекеттік қызметшілерге жұмыстан бос уақытта қосымша табыс табуға рұқсат беретін норма енгізіледі. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істер агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова мәлімдеді, – деп жазады baribar.kz.
"Бүгінде ондай норма жоқ. Бірақ болашақта оны заңға кіргізуді ойластырып жатырмыз. Мысалы, жұмыстан бос уақытта айналыса алады. Дәл қазір заңнамада жоқ. Бірақ оны дайындап жатырмыз", – деді Анар Жайылғанова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.Осы орайда тілшілер нақты қандай қосымша жұмыспен айналысуға рұқсат берілетінін сұрады.
"Жоқ, кәсіпкерлікпен емес. Қосымша басқа да жұмыстар болады ғой. Мысалы, жұмыстан бос уақытта такси жүргізуші болып жұмыс істегісі келеді. Отбасын асырауға қосымша қаражат қажет болса, соған рұқсат беру үшін заңнамаға өзгерістерді дайындап жатырмыз. Бірақ ол әлі қабылданған жоқ. Ал кәсіпкерлікпен айналысуға болмайды", – деп нақтылады Анар Жайылғанова.