Солтүстікте субсидия алу қиын

Солтүстікте субсидия алу қиын

Солтүстікқазақстандық шаруаларға субсидия алу оңай емес. Мемлекеттің қолдауына қол жеткізу үшін оларға талай табалдырықты тоздыруға тура келеді. Жуырда тағы бір шаруа суб­сидия алу үшін басын тауға да, тасқа да соғып, кәсіпкерлер палатасының қолдауы арқасында ғана мәселесін шеше алды. Зерделеу барысында облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы оған субсидия беруден негізсіз бас тартқаны белгілі болды. Қызылжар ауданының Шаховс­кое ауылында тұратын жеке кәсіпкер селекциялық және мал басын асылтұқымдандыру жұ­мыстарына бюджет субсидия­сын сұрап, біраз сергелдеңге түсті. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы оның ветеринарлық есеп нөмірі жоқтығын алға тартып, субсидия беруден бас тартқан. Кәсіпкердің сүт фермасы онша ірі емес. Сон­дықтан мұндай ұсақ шаруа­шы­лық­тарға ветеринарлық есеп нө­мірі берілмейді. Мұндай нөмірді ветеринарлық бақылау қызметі өз өнімін шетелге экспортқа шығара­тын ірі шаруашылықтарға ғана береді. Ал өнімін ішкі нарықта са­татын кәсіпкерлерге мұндай нө­мір тіпті қажет емес екен. Өз фер­ма­сында мал басы онша көп бол­ма­ғандықтан, ол бұл талапты артық деп санап, облыстық кәсіп­керлер палатасына жүгінді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы­ның кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнін­дегі кеңесінің төрайымы Инесса Қуан­ова­ның айтуынша, 2019 жылғы 15 нау­рызда қабылданған асыл­тұқым­ды мал шаруа­шылығын дамыту­ды, мал шаруа­шылығының өнімділігін және өнім сапа­сын арттыруды субси­дия­лау ережелерінде агроөнеркәсіп кешенінің субъектісінде есеп нөмірі болуы керек деген талап жоқ. «Бұл талап етті және етті-сүтті асыл­тұқымды бұқаларды сатып алатын шаруа­ларға қатысты қолданылады. Ал бізге жүгінген жеке кәсіпкер асыл­тұқымды ұрғашы ірі қара өсірумен айналысуға, яғни аналық сиырлардың басын көбей­туге бел буып отыр. Қалай ойлайсыздар, бұқа мен сиыр өсірудің айырмашылығы бар ма? Әлде агро­өнеркәсіп кешеніне де гендерлік саясат енгізіліп, енді ірі қараның барлығы тең саналатын болған ба?», – дейді Инесса Зейноллақызы.

«ДОМБЫРАМ НЕ ДЕЙДІ, МЕН НЕ ДЕЙМІН?»

Осы ережені әзірлеген Ауыл шаруа­шылығы министрлігінен келген жауап­та ірі қара малдың асылтұқымды аналық мал басымен жұмысты субсидиялау бағыты бойынша есептік нөмірдің болуы жөніндегі талап реттелмегені түсіндіріл­ген. Алайда жазбаша тол­тырыла­тын өтініш формасында вете­ринар­лық есептік нөмір көрсетілуі тиіс жол бар. Сондықтан Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының өкілі Жасұлан Уәлбеков бұл жол мін­детті түрде толтырылуы тиіс деп түсін­дірді. «Егер өтініштің формасындағы осы жол толтырылмай қалса, біздің басқарма субсидия бере алмайды. Қа­был­данған шешім үшін түбінде ми­нистрлік емес, басқарма жауап береді. Сондықтан кәсіпкер біздің шешіммен келіспесе, сотқа жүгінсін», – деді ол. Отставкадағы судья Инесса Қуа­нова­­ның түсіндіруінше, сотқа жүгінудің де өз тәртібі, мерзімі бар. «Бұл оқиға бойынша сол мерзім – небәрі бір ай өтіп кеткен болатын. Басқарма маманы соны біле тұра, сотқа жүгінуге кеңес беріп отыр. Өтінім формасы да шала-шарпы әзір­ленген. Түптеп келгенде бұл басқарма өті­нім формасы емес, мемле­кеттік қызмет көрсету стандартын бас­шылыққа алу керек», – дейді. Кәсіпкерлер палатасындағылар осы мемлекеттік орган мамандарының құзір­еттілігі туралы мәселе қоятын кез келді, әйтпесе олардың шамадан тыс сақтығын қалай түсіндіруге болады деп санайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінен келген жауапқа сүйенсек, субсидиялар алуға арналған мемлекеттік қызмет стан­дарты бойынша кәсіпкердің өті­нішін қанағаттандырмауға екі-ақ себеп бар. Яғни, өтініш берушінің  құжаттары дұрыс болмаса және көрсетілетін қыз­метті алушы белгіленген критерийлерге сәйкес келмесе ғана оған субсидия берілмейді. «Кәсіпкер белгіленген критерий­лерге сәйкес келіп тұрғандықтан, тек есептік нөмір үшін оны субсидиядан шетқақ­пайлау дұрыс емес деп санаймыз. Себебі есептік нөмірі жоқ шағын және орта шаруашылықтар мен ауыл шаруа­шылығы кооперативтері де субсидия алуға құқылы екенін түсіну керек. Олар­­дың барлығында дерлік есептік нөмір жоқ», – дейді Инесса Қуанова.

ШАҒЫМ АЗ ЕМЕС

Кәсіпкерлер палатасындағылар өті­ніш берушіге Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментке жүгінуге кеңес берді. Ондағылар Ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары басқар­масының әрекеті қаншалықты заңды екенін анық­тауы керек. «Егер басқарма мамандары­ның әрекеті заңсыз деп танылса, лауа­зымды тұлғалар жауапкер­шілікке тартыл­уы тиіс. Себебі кәсіпкер солардың кесі­рі­нен субсидиясын уақы­тылы ала алма­ды», – дейді Инесса Зей­нол­лақызы. Мемлекеттік қызмет істері жөнін­дегі облыстық департамент басшысы­ның орынбасары Жанат Жұмабаев Ауыл шар­уа­шылығы және жер қаты­настары бас­қармасы мемлекеттік қызмет көрсетумен айналысатын­дықтан, бұл мәселені қарас­тыратынын жеткізді. Бірақ ол үшін ресми жүгінуі керек. Жанат Жұмабаев мемле­кеттік орган жауапкершілікті өз мойнына алудан қорқып, кәсіпкердің өтінімін қанағаттандырудан негізсіз бас тартып отыр деген пікірін білдірді. Ауыл шаруашылығы министрлігінен келген жауапта: «Есептік нөмірлер бо­йынша мәліметтер болмаған кезде, бірақ шаруашылық ереженің  екінші қосым­шасында көрсетілген шарттарға сәйкес келсе, жоғарыда көрсетілген субсидиялау бағыттары бойынша өтінімдер қанағат­тандырылуға жатады. Жоғарыда баяндал­ғанның негізінде, жемшөп бағасының өсуіне әкеп соққан қолайсыз ауа райы жағ­дайын, құрғақ­шылықты ескере оты­рып, ауыл тұрғын­дары арасында әлеу­меттік шиеленісті жеңілдету мақсатында жоғарыда атал­ған түсініктемені назарға алуды сұрай­мыз», – деп тайға таңба басқандай жазылған. Соның өзіне құлақ аспаған облыстық басқарма кәсіпкерді жайдан-жай сергелдеңге салды. Ол облыстық кәсіпкерлер палатасының  араласуымен ғана өз мәселесін шеше алды. Палата­дағылар Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасын­дағыларға мемлекеттік қызмет көрсету ережелері мен стандартын, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінен келген жауапты басшылыққа алу қажет­тігін көзге шұқып көрсетіп, өтінімдерді қанағаттандырудан заңсыз бас тарту тәжірибесін тоқтатуды талап етті. Солтүстік Қазақстан облысы кәсіп­кер­лер палатасының кәсіпкерлер­дің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедер­гілерді азайту бөлімінің бастығы Айдос Кеңбейіловтің айтуынша, об­лыс­­тық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы түптеп кел­генде өз қателігін мойындап, кәсіпкерге қайтадан өтінім беру туралы ұсыныс жасады. Екінші рет берілген өтініш қанағаттандырылды. Айдос Кеңбейіловтің айтуынша, кәсіпкерлер палатасына субсидия сергелдеңіне тап болған кәсіпкерлерден келіп түсетін шағымдар өте көп. Соңғы жарты жыл ішінде солардың бесеуі оң шешімін тапқан. Арасында негізделген бас тартулар да болған екен.

Солтүстік Қазақстан облысы