Кодекс бар, бірақ кінәлі жоқ
Кодекс бар, бірақ кінәлі жоқ
© коллаж: Елдар Қаба
516
оқылды
Соңғы жылдары суицид­ке баруының себебін түсін­діріп, өмірмен қош айтысар алдында өліміне кінәлі адам­дардың атын атап, тү­сін түстеп хат жазып қал­ды­ра­тындар көп. Бірақ «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бо­йынша қозғалған қыл­мыстық істерде айып­талу­шыны ар алдында айып­­ты қылып, жасаған ісі үшін жауапкершілікке тарт­қызу қиын. Адамды ажа­лына асықтыруға психоло­гия­лық және физикалық тұрғыда ықпал ет­кендердің әрекетінен қылмыстық құрам табу үшін қандай дәлел керек? Қылмыстық кодекстің 105-ба­бында «Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгез­дiк­пен қарау немесе оның адами қадір-қа­сиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп жазылған.

Алакөзбен қарау да жеткілікті

Алматы қаласы Психикалық ауытқу орталығының психиатры Мейрамкүл Сма­ғұлқызы сау адам ешқашан ұрып-соққаннан, қорлық көргеннен өзін өлімге қия салмайтынын айтады. Суицид жасай­тын адамның 100 пайызында алдымен өзін-өзі өлтіру туралы ой келеді. Ал осы ойдың адамға түрлі себеппен келетініне мән берілуі қажет. «Бір адамның бала кездегі «трамвасы» болады, бала босанудан кейінгі күйзелісте жүрген әйелдер бар. Не болмаса, психологиялық ауытқушылық тұқымда болуы мүмкін. Оған әр адамның тұлғааралық мінезіндегі қасиеттері әсер етеді. Әр нәрсенің себеп пен салдары бо­лады. Сондай оймен жүрген адамға суицид жасау үшін мылтықтың шүріппесін бас­қан­дай уақыт қана керек. Суицид жасауды жос­пар­лап жүрген адамға сөз түгілі, ала­көзбен бір қарағанның өзі жетіп жатыр. Өзіне-өзі қол жұмсап өлген адамдардың жақын­да­рымен сұхбат жүргізу арқылы зерттеу жүр­гіздім. Мысалы, бір оқушы «бәтең­кең­нің бауын байлап келмейсің бе?» деген мұғалімнің бірауыз сөзін көтере алмай, қорасына барып асыла салған. Қазір мұғалімді кінәлап жатыр. Шынында, ол ой сол адамның сөзінен бұрын пайда бол­­ған. Мұғалімнің сөзі тұтанып тұрған от­ты жандыра салған. Ал Қызылорда об­лы­сында 11-сыныптың оқушысына өз ана­сы «Түнде де телефон шұқылап отыра­сың» деген сөзі үшін суицид жасаған. Сон­дықтан өлгісі келіп жүрген адамға кез келген сөз сылтау болады. Сол үшін өзін-өзі өлімге итер­ме­легендердің әрекетін дә­лелдеу қиын», – дейді Мейрамкүл Смағұлқызы. Намы­сың­ды таптап, қанша қиындық көріп жатсаң да, ойыңда өзіңді-өзің өлуге деген ой ту­маған болса, екінші адамның ауыр сөздері әсер етуі екіталай. Маманның айтуынша, нақты сол сөз ол адамның суицид жасауы­на әсер етті дегенге келісу қиын. Сол үшін суицид жасағандардың ісіне жазықтыны іздеуден бұрын жақын жанның жан жа­расына көңіл аударған абзал. Психиатр айтқандай, себепсізден-себепсіз екі күн сабаққа келмеген баланың да, әдеттегіден қарағанда әрекеті өзгерген адамдарды суицид туралы ойынан арылғанша бір психолог үнемі қасында болып, психоло­гиялық ем жүргізу керек.

Ұдайы қорлау оңашада жүзеге асырылады

Адвокат Мәди Мырзағараев өзін-өзі өлтіруге дейін апарғанын дәлелдеу үшін өлімге итермелеген адамның тарапынан ұдайы қатыгездік жасағанын анықтау маңызды деп отыр. Айтуынша, кейде адамның қадір-қасиетін қорлайтын әрекет жүйелі түрде жүзеге асырылып отырған жағдайдың өзінде оның әрекетін дәлелдеу қиын. «Мысалы, күйеуі әйелін ұрып-соғады, қадір-қасиетіне тіл тигізеді, әйелі тығырыққа тірелгенде өзіне қол сұғуы мүмкін. Бірақ бұл қоғамдағы, әсіресе қазақ қоғамында отбасының жабықтығынан ашылмайды. Бір отбасының ішінде не бо­лып жатқанын, олар қалай күн көріп, қарым-қатынастары қалай өрбіп жүрге­нінен көршілері мен туыстары да бейхабар болып келеді. Себебі бізде «ерлі-зайып­тының арасына есі кеткен түседі» деп есеп­тейді. Естісе де естімеген, көрсе де көр­меген болады. Керісінше, әйелі «бас жа­рылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дегенді жөн көріп, жолдасының жақсысын асырып, жаманын жасырып жүре береді. Сөйтіп, жүйкесі тозғаннан өз-өзіне қол салады. Рас, факті орын алып тұр. Бірақ суицидке жеткізуді зерттеген кезде күйеуі тарапынан ұдайы қысым көрсеткенін дәлелдеу мүмкін емес. Бұрын полицияға хабарласпайды. Сосын оның үстіндегі қорлық іздері байқалмайды. Күйеуі әйелін ұрғаны ары кетсе көршілерге өсек-аяң ретінде естіледі. Қорлық көргенін айтып беретін адам жоқ. Адамды ұдайы қорлау оңашада жүзеге асырылады. Сол үшін анықталуы қиын», – дейді заңгер. Оның сөзінше, өзіне қол салған адам хат жазып, бейнежазбаға түсіріп кеткенімен, не себепті, қандай әрекеттер оған итер­меледі, оның қандай әрекеттері жүйкесін тоздырғаны туралы ашып жазбайды. Сон­дықтан «сені кінәлап кетіпті» деп құқық қорғау органдары да, сот жүйесі де айта алмайды. Өйткені дәлел жеткіліксіз. Бір рет ұрып-соққаннан үйдің төбесінен се­кіріп кетсе, ұрып-соққан адамның әре­ке­тінде өлімге итермелеу болмайды. Себебі заңда жазылып тұрғандай, «үнемі» деген сөз тіркесі бар. Екіншіден, отбасы ішіндегі мәселелердің қоғамда белгісіз болуы, қо­ғам­ның көрмеуі дәлелдің жеткіліксіздігіне әкеледі. «Кейбір істерде марқұм мен кінәлі адамдардың хат алмасулары, хатта адам­ның намысына тиіп, қорқыту ұдайы түрде бірнеше апта немесе ай өлмесіне бол­майтын мәжбүрлі жағдайға жеткізгені дәлелденсе, жасаған әрекеті үшін жауапқа тартуға болады. Бірақ оның өзі өте сирек кездесетін іс. Орал қаласында он жылда осындай баппен іс қозғалып, зерделеніп, кінәлі адам жазасын алды дегенді осы салада жүріп естіген жоқпын», – дейді Мәди Жомартұлы.

Кiнәсiздiк презумпциясы назарға алынуы тиіс

Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотының судьясы Қуаныш Терлікбаев кодекстегі баптың орындал­мауын суицид жасаған адамдардың есiнiң дұрыстығы, психикасы, психикалық ауыт­қулары және әлеуметтік факторлардың әсер етуін жүйелі зерттеудің жоқтығымен байланыстырады. Өзін-өзі өлтіру – қандай да бір мән-жайлардың ықпалынан адам­ның өзін өмірден айыруы. Ал заңда өзін-өзі өлтіруге жеткізгені үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін бірнеше әрекет көрсетілген. Бірінші – жәбiрленушiнi қор­қыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін жеткiзу. Екінші – кiнәлi адамға материал­дық немесе өзгедей тәуелдi адамға қатысты қорқыту, қатыгездік жасау, ұдайы адамдық қадір-қасиетін қорлау жатады. «Осы жер­дегі қорқыту дегеніміз – бұл жәбірлену­ші­нің өзін-өзі өлтіруге жеткізуі. Мысалы, тұрғын үйден, материалдық көмектен, өмір сүруге қажетті қаражаттан айыру мен қорқыту, жаза берумен, адамды масқара­лайтын мәліметтерді таратумен қорқыту. Ал қатыгездік жасау– жәбірленушіге физикалық, психикалық азап келтіретін аяусыз, дөрекі әрекеті. Ол ұрып-соғу, қинау, жұмысқа мәжбүрлеу, тамақ ішуден бас тарту, медициналық көмектен бас тартуға мәжбүр ету және тағы басқа. Бір рет жасалған қатыгездік әрекетті кездейсоқ жағдайда жасалмағанын анықтамай жатып, оны қылмыстық жауапкершілікке тарту дұрыс емес. Ал адамның қадір-қа­сиетін үздіксіз қорлау – бұл жәбірленушіге ұзақ уақыт кемсітушілік көрсету. Тіл тигізу, жәбірлеу, жала жабу, таптау, негізсіз сын айту және бірнеше рет жасалатын әреке­тімен сипатталады», – дейді судья. Қуа­ныш Терлікбаевтың айтуына қарағанда, бұл бап бойынша қылмыстық іс жүргізу барысында кiнәсiздiк презумпциясы на­зарға алынуы тиіс. Өзіне-өзі қол салған­дардың 80-90 пайызы психикалық ауыт­қушылықта жүргендер. Сол үшін күдік­тінің, айып­­талушының, сотталушының кi­нәлiлiгiне сейiлмеген күмән олардың пайдасына шешілетіні түсінікті. Өйткені айыптау үкiмi болжамдарға негiзделмейді. Яғни, хатта көрсетілген, бейнежазбада ай­тылған айыптаулар бойынша куәгер болмаса, қылмыстық құрамын анықтау қиын.

Бірде-бір іс сотқа жетпеген

Кейінгі он жылға жуық уақытта ко­декстің дәл осы бабы бойынша қозғалған іске сот үкімінің оқылуы некен-саяқ. Мә­селен, Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер жөніндегі маман­данды­рылған ау­данаралық сотында 2015 жылдан бері осы баппен айыпталғандар жоқ. Күн сайын болмаса да апта сайын суицид туралы сұмдық оқиғалар болып жататын Алматы қаласының өзінде соңғы жылдары өзін-өзі өлтіруге дейін жет­кізгені дәлел­деніп, жаза арқалағандар туралы есті­мейсің. Павлодар облысында да соңғы үш жылда Қылмыстық кодекстің 105-бабымен басталған бірде-бір іс сотқа жетпеген. Бірақ бұл елімізде өзін-өзі өлтіргендердің себепсізден-себепсіз қыл арқанды мой­нына іліп, не болмаса биік­тен секіріп мерт болмағанын көрсетпейді. Мәселен, был­тыр 489 іс, ал биыл он бір айдың өзінде елімізде «өзін-өзі өлімге итермелеу» бабы бойынша 960 іс тір­келген. 7 424 қыл­мыстық іс өндірісте бо­лып, бірақ қыл­мыс құрамы анықтал­мағандықтан тоқтатылған. Яғни, Қыл­мыстық-процес­тік кодекстің 35-бабы 1, 2, 5, 6, 7, 8-тар­мақшасына сәйкес іс жүр­гізуді болғыз­бай­тын мән-жайларға кір­гізілген. Демек, қылмыстық құқықбұзу­шылық оқиғасы, іс-әрекетте қылмыстық құқықбұзушылық құрамы, жәбірленуші шағымының бол­мауынан, қылмыстық құқықбұзушы­­лық­тар туралы iстер бо­йынша жекеше айып­таушы айыптаудан бас тарту себебі есеп­ке алынған. Тағы 14-інің тергеп-тек­серу мерзімі өтіп кет­кен. Алтауы есепті мерзімде қылмыстық істері өндіріспен аяқталған құқықбұзу­шылықтар, бесеуі ғана сотқа жіберілген. Тағы бесеуі – тергеуде, біреуі Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабына сәйкес іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайға жатады. Егер рақымшылық жасау актiсi жасалған іс-әрекет үшiн жаза қолдануды жойса, со­ның салдарынан қылмыстық жауапты­лық­қа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне орай тоқталған. Көріп отырғандай, суи­цидке барғандар көп. Көп жағдайда өзіне-өзі қол салатындар өлімнен қо­рықса да, осы өмірден түңілуге дейін жет­кізгендерді соң­ғы хатында жазып қалдырып, бей­нежазба түсіріп кетеді. Алайда соңғы хатқа сүйеніп өзіне-өзі қол жұмсауға айып­тал­ғандар сотқа дейінгі тергеу кезінде қыл­мыс құра­мының бол­мауына байланыс­ты кінәсі дәлелденбейді. Өйткені бір адамның қаса­қана әрекеті екінші адамның өліміне себепші бола­тынын дәлелдеу өте қиын. Тіпті, тергеу­шінің алдында анау дүниеге аттанған адамның соңғы хатында көрсе­тілген күдіктінің марқұмға деген ауыр сөздері, адамның қадір-қасиетін қорлауды айқын көрсететін немесе қандай да бір қауіп-қатерді білдіретін бейнелер немесе аудио­жазбалар болған күннің өзінде айып­тау үкімін шығаруға жеткілікті болмайды. Әйткенмен, марқұмға бұл дүниеде көрген психологиялық және физикалық тұрғыда қысым көрсеткендер Қылмыстық кодекс­пен жазаланбаға­ны­мен, Жаратқанның сұрағынан жалтара алмайтыны ғана жа­қындарының көңіліне медет.