Электронды сигарет «эпидемиясы»
Электронды сигарет «эпидемиясы»
© коллаж: Елдар Қаба
940
оқылды
Кейінгі жылдары жасөспірімдер арасында бірреттік вейп кеселі белең алып барады. Әлі оң-солын танып болмаған жас ұрпақ электронды шылымның түтініне уланып, көктей солуда. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының 2019 жылғы зерттеулеріне сүйенсек, 11 жастан 15 жасқа дейінгі электронды темекі шегетін жасөспірім ұлдардың саны 3 есеге, ал қыздар саны 2 есеге артқан. Аталған зерттеу соңғы екі жыл бойы жүргізілмегендіктен, қазір оның жағдайы қандай екенін тап басып айту қиын. Дегенмен шылымқорлардың қатары осыдан екі жыл бұрынғы шамадан азая қоймағаны анық.

Оқушылардың вейпке құмарлығы артып барады

Әйтсе де, құны 2 мың теңгеден бастап әрі қарай қымбаттай бере­тін электронды «у» кәмелетке тол­ма­ған жеткіншіктерге емін-еркін сатылып жатқанын көз көріп жүр. Дүкен былай тұрсын, әлеуметтік желіні ашсаңыз, никотинді өнімді тәулік бойы үйіңізге тегін жеткізіп беретін пабликтерде, анонимді Telegram арналарда жүздеген жар­нама самсап тұр. Ал сатушылар тапсырыс берушінің жасын сұрап, бас қатырып жатқан жоқ. Оларға тауары өтсе болды. Осының сал­да­рынан оқу жылының басынан оқу­шылар арасында түтіні будақ­таған зиянды шылымға сұраныс еселеп артқан. Тіпті, кейбір мек­теп­терде жоғары сынып оқушы­ла­ры бас­тауыш сыныптарға элек­трон­ды те­мекінің құнына ақша қо­сып са­тып, әуестендіріп жүргені туралы сыбыстар естіліп қалып жа­тыр. Әзірге оған да тежеу табылмай тұр. – Қазақстанда электронды си­гареттердің нақты сертифи­ка­ция­лық талабы жүйеленбегендіктен, оған қатысты жауапкершілік те жоқ. Оның үстіне, жыл сайын өн­ді­рушісі белгісіз, құрамы белгісіз вейптердің саны мен түрлері артып келеді. Оған, әсіресе стандартты темекіні сатуға шектеу қойылған 21 жасқа дейінгі адамдар арасында сұраныс күшті,– дейді Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов. Оның айтуынша, нарықтағы кез келген өнім ең алдымен қауіп­сіздік талаптарына сай болуы тиіс. Бұл үшін ұлттық техникалық рег­ламент керек. Ал бірреттік вейп­тер­де ол жоқ. Электронды сигарет­тер­дің ішкі нарықта сатылып жатқа­ны­на бірталай уақыт болса да, рес­пуб­ликада оны реттейтін заң әзір­ленбеген. Сондықтан са­пасыз және контрафактілік тауар­ларды шек­тей­тін заң шықса ғана оларды ай­налымнан алып тастай алады екен­біз. Әзірше тексеруші органның зиянды немесе сапасыз өнімді тәркілеуіне заңнамалық негіз жоқ. «Бірде-бір техникалық регла­ментке сай емес, заңға қайшы ке­летін вейптер отандық нарыққа ке­ден арқылы тонналап қалай кіріп жатыр? Бұл процеске тікелей жауапты құзыретті органдар қайда қарап отыр? Орын алған жағ­дай­дың анық-қанығын зерделеп, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды сұраймыз»,– деген еді Мәди Ах­метов қараша айында Үкіметке арнаған сауалында. Ол сондай-ақ бірреттік вейп­терді зерттеп, құрамын бұқараға жария етіп, мәселенің мән-жайы анықталғанша, құзыретті меке­мелерден электронды темекіні сатылымнан алып тастауды сұра­ған болатын. «Қазір «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске Қазақстанда вейп­терді сатуға тыйым салу ту­ралы нормалар енгізіліп жатыр. Министрліктің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау ко­митеті өнімнің қауіпсіздігін мони­торингтеу шеңберінде электронды сигареттерге, оның ішінде никотин мен құрамдас компоненттердің сандық құрамын айқындау бо­йынша бірреттік вейптерге зерт­теулер жүргізіліп жатыр. Зерттеудің нәтижесі хабарланатын болады»,– дейді Премьер-Министрдің орын­басары Ералы Тоғжанов.

Зияндылығы темекіден әлденеше есе көп

Кейінгі кезде ТМД көлемінде, соның ішінде Қазақстанда жас­тардың вейп пен никпэктен зардап шегіп, улану деректері аз емес. Бұлар, тіпті қарапайым темекіден қауіпті болып шықты. Себебі олар­да никотин дозасы синтетикалық никотиннің шоғырлану көлеміне байланысты. Кейбір вейптер 300-1500 рет соруға арналған. Бұлардың барлығы бекітілген мемлекеттік стандартсыз, бақылаусыз жаса­латындықтан, онда нақты қанша никотин бары беймәлім. Мәселен, бір дана шылымда орташа есеппен 1-2 миллиграмм никотин болса, бір никпэкте оның көлемі ондаған есе асып түсуі мүмкін. Кардиолог дәрігер Дәуренбек Нысановтың айтуынша, көпшілік қолданушылар электронды теме­кінің зияны туралы ойламайды. Ойланған күннің өзінде мәселені толық түсінбейді. Электронды те­мекіні шегу кәдімгі темекіні ше­гуден зиянды емес деп ойлайды. Бірақ бұл мүлде қате пікір. «Электронды темекі – инга­ляцияға арналған жоғары дис­персті буды құрайтын электронды құрылғы. Оны никотин жеткізуші құрал ретінде де, никотинсіз хош иісті буларды (аэрозольді) жұту үшін де қолдануға болады. Бу қыз­дырғыш элемент арнайы дайын­далған сұйықтықты буландыру арқылы жасалады және темекі түтініне ұқсайды. Құрылғы әртүрлі формада, соның ішінде кәдімгі темекі шегуге немесе темекі ше­гетін түтікке ұқсас формаларда жа­салуы мүмкін»,– дейді кардио­лог дәрігер. Өндірушілер электронды те­мекіні шегу, кәдімгі темекіні ше­гу­ді тастауға көмектеседі және әдет­тегі темекіге қарағанда денсау­лыққа зияны аз дейді. Бірақ оны растайтын нақты ғылыми дәлелдер жоқ. Дегенмен Дүниежүзілік Ден­саулық сақтау ұйымының зерт­теуінше, электронды сигареттердің шегушілердің жүрек-қан та­мырлары ауруларына шалдығу қаупі жоғары. «Мұның сұйықтықтарының құ­рамындағы никотин тұтыну­шылардың когнитивтік немесе аффективті психикасына әсер етіп қана қоймай, тәуелділікке де итермелейді. Ал никотинсіз вейп (vape) сұйықтығын құрайтын ком­поненттердің ыдырауынан пайда болатын өнімдердің зиянды жақ­тары да аз емес. Мысалы, ондағы кейбір заттар жасөспірімдердің созылмалы бронхит ауруын қоз­дыруы да мүмкін»,– деп ой түйеді Дәуренбек Нысанов. Бұл синтетикалық індеттен дамыған елдер де зардап шегіп келеді. Мәселен, 2010-2019 жылдар аралығында АҚШ-та вейпингтің кең таралуы адам­дардың өкпесінің зақымдалуына және өліміне әкеліп соқтырды. Ко­ронавирус панде­миясы бастал­ғанға дейін Құра­ма Штаттарда вейп пайдалан­ғандардың «өкпенің ауыр кеселіне» шалдығуының 2 500-ден астам оқиғасы тіркелді. 50 адам қайтыс болған. Сол себепті Америкада бұл өнімді сату шек­телген. Ал Нью-Йорк штаты 2019 жылдың қыр­күйегінде бірінші болып элек­тронды темекілерге тыйым салды. 2020 жылдың бүкіл АҚШ-та элек­тронды темекілерге арналған жұ­пар толтырғыштары бар кар­тридждердің көптеген түрін сатуға тыйым салынды. АҚШ-тағы Лоуренс Беркли ұлттық зертханасының 2016 жылғы ақпарында, электронды теме­кі­лерді қолданған кезде сұйық құ­рамындағы пропиленгликоль мен глицеролдың термиялық түрде ыдырайтыны белгілі болды. Олар­дың кейбіреулері белгілі бір мөл­шерде уытты акролеин, фор­маль­дегид пен ондаған химиялық қос­падан тұратындықтан, аса қа­уіпті болуы мүмкін. Кейбір шетел­дік зерттеулерде электронды си­гареттерді шеккен кезде сілекейде формальдегид, акролеин және ме­тилглиоксаль мөлшері жоғары­лап, ДНК-ны зақымдап, қатерлі ісік пайда болатыны айтылған. Сондай-ақ электронды темекі құрылғысына арналған сұйықтағы диэтиленгликоль немесе нитро­замин сияқты улы заттар ағзаға бу арқылы түседі. Бұл өнімдердің құрамындағы химиялық заттар, ауыр металдар мен никотин жасөс­пірімдердің ағзасын біртіндеп улап, өкпені қабындырып, кейін бауыр, бүйрек пен асқазанды зақымдайды. Ағзасы толық жетіліп болмаған балалардың жүйке жүйесіне кері әсерін тигізеді. Әйтсе де, біздің елді бір қарыс құралдың құрамы әлі күнге дейін толық анықталмаған, нақты зерт­теу жоқ, никотин дозасын ешкім бақыламайды.

Өмірге аса қауіпті фактордың бірі – осы

Ресми деректерге қарағанда, елімізде 4 миллионнан аса шы­лымқор бар. Халықтың біршама бөлігі әлі күнге дейін никотинге тәуелділіктен зардап шегіп жатыр. Мамандардың сөзіне сүйенсек, темекі тарту адамның белгілі бір психикалық ақауы барлығын білдіреді. Яғни, бұл шылым ше­гушінің никотинге не психоло­гиялық, не физикалық тәуелділігі бар екенін айтады. Қазақстанда өлім-жітімге және мүгедектікке себеп болатын 10 фактордың арасында темекі тұты­ну үшінші орында екен. Олардың арасында әйелдерге қарағанда (5,7%), ерлер (35,5%) едәуір көп болды. Сондай-ақ ауыл тұрғын­дарының 16,3%-ы, қала тұрғын­дарының 22,2%-ы шылым шегетіні мәлім болды. Егер ер адам орта есеппен 17,4 жаста темекі шегуді бастаса, әйелдер 18,5 жастан әуес болады екен. Ер адамдар күніне орта есеппен 16 сигарет, әйелдер күніне орта есеппен 13 сигарет тартады. Күнделікті темекі шегу­ші­лердің арасында 57,5%-ы ояна салысымен 30 минут ішінде темекі шегетінін мәлімдеген. Бұл нико­тинге тәуелділіктің жоғары дәре­желігін көрсетеді. Шетелдік ға­лымдардың пікірінше, таңертең аш қарынға темекі шегу өкпенің немесе ауыз қуысының қатерлі ісігінің, өкпенің созылмалы обс­труктивті ауруының туындауына әкеліп соқтырады. Темекі тәуелділігінен зардап шеккендермен жұмыс істейтін жоғары дәрежелі дәрігер-нарколог Елена Хартиади қазір елімізде шылымға тәуелді адамдардың саны азаймай отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, темекі тәуелділігі созылмалы ауру болып саналады. Никотин тәуелділігін дәрі-дәрмек­термен емдеудің де бірнеше түрі бар. Бірақ темекіден арылуға кө­мектесетін дәрі-дәрмектер арзан емес. Мәселен, арнайы препарат­тар 10-20 мың теңгеден басталады. Одан да қымбаты бар. Дегенмен темекі шегетін адам, мысалы бір күнде бір қорап темекі шегуі мүм­кін, ол 500-600 теңге тұрады. Сол ақшаны 1 айға көбейтсек, емнің жалпы бағасынан кем шықпайды. «Темекі шегуді тастаудың кері әсерлері көп екені жайлы естіп жа­тамыз. Мұның барлығы әр адам­­ның ағзасына байланысты. Жал­пылай ештеңе айтуға бол­майды. Темекіні бірден тастаған адам сал­мақ қосады дегенді жиі еститініміз рас. Бірақ мұның бар­лығы ойлап табылған сөздер, ол – миф», – дейді дәрігер Елена Хартиади. Бүгінде әлемнің 35 елі вейп те­мекілерге тыйым салған, 65 мем­лекет оның сатылымы мен тұты­нуын шектейтін арнайы шаралар қабылдады. Ал Қазақстан бейқам. Қытайдан ешқандай сертифи­кат­сыз көп мөлшерде ағылып келіп жатқан электронды және бірреттік темекілерге тосқауыл қойылмаған. Мамандардың айтуынша, вейп құрамындағы никотин стандартты сигареттерге қарағанда 2,5 есе көп. Ал енді 1 грамм никотиннің бір жыл­қыны өлтіріп жібере алатын күші бар екенін ескерсек, адам ба­ласының күніне қанша «у» жұтып, денсаулығын құртып жүргенін өзі­ңіз пайымдай беріңіз.