Кейінгі жылдары жасөспірімдер арасында бірреттік вейп кеселі белең алып барады. Әлі оң-солын танып болмаған жас ұрпақ электронды шылымның түтініне уланып, көктей солуда. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының 2019 жылғы зерттеулеріне сүйенсек, 11 жастан 15 жасқа дейінгі электронды темекі шегетін жасөспірім ұлдардың саны 3 есеге, ал қыздар саны 2 есеге артқан. Аталған зерттеу соңғы екі жыл бойы жүргізілмегендіктен, қазір оның жағдайы қандай екенін тап басып айту қиын. Дегенмен шылымқорлардың қатары осыдан екі жыл бұрынғы шамадан азая қоймағаны анық.
Оқушылардың вейпке құмарлығы артып барады
Әйтсе де, құны 2 мың теңгеден бастап әрі қарай қымбаттай беретін электронды «у» кәмелетке толмаған жеткіншіктерге емін-еркін сатылып жатқанын көз көріп жүр. Дүкен былай тұрсын, әлеуметтік желіні ашсаңыз, никотинді өнімді тәулік бойы үйіңізге тегін жеткізіп беретін пабликтерде, анонимді Telegram арналарда жүздеген жарнама самсап тұр. Ал сатушылар тапсырыс берушінің жасын сұрап, бас қатырып жатқан жоқ. Оларға тауары өтсе болды. Осының салдарынан оқу жылының басынан оқушылар арасында түтіні будақтаған зиянды шылымға сұраныс еселеп артқан. Тіпті, кейбір мектептерде жоғары сынып оқушылары бастауыш сыныптарға электронды темекінің құнына ақша қосып сатып, әуестендіріп жүргені туралы сыбыстар естіліп қалып жатыр. Әзірге оған да тежеу табылмай тұр. – Қазақстанда электронды сигареттердің нақты сертификациялық талабы жүйеленбегендіктен, оған қатысты жауапкершілік те жоқ. Оның үстіне, жыл сайын өндірушісі белгісіз, құрамы белгісіз вейптердің саны мен түрлері артып келеді. Оған, әсіресе стандартты темекіні сатуға шектеу қойылған 21 жасқа дейінгі адамдар арасында сұраныс күшті,– дейді Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов. Оның айтуынша, нарықтағы кез келген өнім ең алдымен қауіпсіздік талаптарына сай болуы тиіс. Бұл үшін ұлттық техникалық регламент керек. Ал бірреттік вейптерде ол жоқ. Электронды сигареттердің ішкі нарықта сатылып жатқанына бірталай уақыт болса да, республикада оны реттейтін заң әзірленбеген. Сондықтан сапасыз және контрафактілік тауарларды шектейтін заң шықса ғана оларды айналымнан алып тастай алады екенбіз. Әзірше тексеруші органның зиянды немесе сапасыз өнімді тәркілеуіне заңнамалық негіз жоқ. «Бірде-бір техникалық регламентке сай емес, заңға қайшы келетін вейптер отандық нарыққа кеден арқылы тонналап қалай кіріп жатыр? Бұл процеске тікелей жауапты құзыретті органдар қайда қарап отыр? Орын алған жағдайдың анық-қанығын зерделеп, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды сұраймыз»,– деген еді Мәди Ахметов қараша айында Үкіметке арнаған сауалында. Ол сондай-ақ бірреттік вейптерді зерттеп, құрамын бұқараға жария етіп, мәселенің мән-жайы анықталғанша, құзыретті мекемелерден электронды темекіні сатылымнан алып тастауды сұраған болатын. «Қазір «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске Қазақстанда вейптерді сатуға тыйым салу туралы нормалар енгізіліп жатыр. Министрліктің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті өнімнің қауіпсіздігін мониторингтеу шеңберінде электронды сигареттерге, оның ішінде никотин мен құрамдас компоненттердің сандық құрамын айқындау бойынша бірреттік вейптерге зерттеулер жүргізіліп жатыр. Зерттеудің нәтижесі хабарланатын болады»,– дейді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.Зияндылығы темекіден әлденеше есе көп
Кейінгі кезде ТМД көлемінде, соның ішінде Қазақстанда жастардың вейп пен никпэктен зардап шегіп, улану деректері аз емес. Бұлар, тіпті қарапайым темекіден қауіпті болып шықты. Себебі оларда никотин дозасы синтетикалық никотиннің шоғырлану көлеміне байланысты. Кейбір вейптер 300-1500 рет соруға арналған. Бұлардың барлығы бекітілген мемлекеттік стандартсыз, бақылаусыз жасалатындықтан, онда нақты қанша никотин бары беймәлім. Мәселен, бір дана шылымда орташа есеппен 1-2 миллиграмм никотин болса, бір никпэкте оның көлемі ондаған есе асып түсуі мүмкін. Кардиолог дәрігер Дәуренбек Нысановтың айтуынша, көпшілік қолданушылар электронды темекінің зияны туралы ойламайды. Ойланған күннің өзінде мәселені толық түсінбейді. Электронды темекіні шегу кәдімгі темекіні шегуден зиянды емес деп ойлайды. Бірақ бұл мүлде қате пікір. «Электронды темекі – ингаляцияға арналған жоғары дисперсті буды құрайтын электронды құрылғы. Оны никотин жеткізуші құрал ретінде де, никотинсіз хош иісті буларды (аэрозольді) жұту үшін де қолдануға болады. Бу қыздырғыш элемент арнайы дайындалған сұйықтықты буландыру арқылы жасалады және темекі түтініне ұқсайды. Құрылғы әртүрлі формада, соның ішінде кәдімгі темекі шегуге немесе темекі шегетін түтікке ұқсас формаларда жасалуы мүмкін»,– дейді кардиолог дәрігер. Өндірушілер электронды темекіні шегу, кәдімгі темекіні шегуді тастауға көмектеседі және әдеттегі темекіге қарағанда денсаулыққа зияны аз дейді. Бірақ оны растайтын нақты ғылыми дәлелдер жоқ. Дегенмен Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінше, электронды сигареттердің шегушілердің жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығу қаупі жоғары. «Мұның сұйықтықтарының құрамындағы никотин тұтынушылардың когнитивтік немесе аффективті психикасына әсер етіп қана қоймай, тәуелділікке де итермелейді. Ал никотинсіз вейп (vape) сұйықтығын құрайтын компоненттердің ыдырауынан пайда болатын өнімдердің зиянды жақтары да аз емес. Мысалы, ондағы кейбір заттар жасөспірімдердің созылмалы бронхит ауруын қоздыруы да мүмкін»,– деп ой түйеді Дәуренбек Нысанов. Бұл синтетикалық індеттен дамыған елдер де зардап шегіп келеді. Мәселен, 2010-2019 жылдар аралығында АҚШ-та вейпингтің кең таралуы адамдардың өкпесінің зақымдалуына және өліміне әкеліп соқтырды. Коронавирус пандемиясы басталғанға дейін Құрама Штаттарда вейп пайдаланғандардың «өкпенің ауыр кеселіне» шалдығуының 2 500-ден астам оқиғасы тіркелді. 50 адам қайтыс болған. Сол себепті Америкада бұл өнімді сату шектелген. Ал Нью-Йорк штаты 2019 жылдың қыркүйегінде бірінші болып электронды темекілерге тыйым салды. 2020 жылдың бүкіл АҚШ-та электронды темекілерге арналған жұпар толтырғыштары бар картридждердің көптеген түрін сатуға тыйым салынды. АҚШ-тағы Лоуренс Беркли ұлттық зертханасының 2016 жылғы ақпарында, электронды темекілерді қолданған кезде сұйық құрамындағы пропиленгликоль мен глицеролдың термиялық түрде ыдырайтыны белгілі болды. Олардың кейбіреулері белгілі бір мөлшерде уытты акролеин, формальдегид пен ондаған химиялық қоспадан тұратындықтан, аса қауіпті болуы мүмкін. Кейбір шетелдік зерттеулерде электронды сигареттерді шеккен кезде сілекейде формальдегид, акролеин және метилглиоксаль мөлшері жоғарылап, ДНК-ны зақымдап, қатерлі ісік пайда болатыны айтылған. Сондай-ақ электронды темекі құрылғысына арналған сұйықтағы диэтиленгликоль немесе нитрозамин сияқты улы заттар ағзаға бу арқылы түседі. Бұл өнімдердің құрамындағы химиялық заттар, ауыр металдар мен никотин жасөспірімдердің ағзасын біртіндеп улап, өкпені қабындырып, кейін бауыр, бүйрек пен асқазанды зақымдайды. Ағзасы толық жетіліп болмаған балалардың жүйке жүйесіне кері әсерін тигізеді. Әйтсе де, біздің елді бір қарыс құралдың құрамы әлі күнге дейін толық анықталмаған, нақты зерттеу жоқ, никотин дозасын ешкім бақыламайды.Өмірге аса қауіпті фактордың бірі – осы
Ресми деректерге қарағанда, елімізде 4 миллионнан аса шылымқор бар. Халықтың біршама бөлігі әлі күнге дейін никотинге тәуелділіктен зардап шегіп жатыр. Мамандардың сөзіне сүйенсек, темекі тарту адамның белгілі бір психикалық ақауы барлығын білдіреді. Яғни, бұл шылым шегушінің никотинге не психологиялық, не физикалық тәуелділігі бар екенін айтады. Қазақстанда өлім-жітімге және мүгедектікке себеп болатын 10 фактордың арасында темекі тұтыну үшінші орында екен. Олардың арасында әйелдерге қарағанда (5,7%), ерлер (35,5%) едәуір көп болды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының 16,3%-ы, қала тұрғындарының 22,2%-ы шылым шегетіні мәлім болды. Егер ер адам орта есеппен 17,4 жаста темекі шегуді бастаса, әйелдер 18,5 жастан әуес болады екен. Ер адамдар күніне орта есеппен 16 сигарет, әйелдер күніне орта есеппен 13 сигарет тартады. Күнделікті темекі шегушілердің арасында 57,5%-ы ояна салысымен 30 минут ішінде темекі шегетінін мәлімдеген. Бұл никотинге тәуелділіктің жоғары дәрежелігін көрсетеді. Шетелдік ғалымдардың пікірінше, таңертең аш қарынға темекі шегу өкпенің немесе ауыз қуысының қатерлі ісігінің, өкпенің созылмалы обструктивті ауруының туындауына әкеліп соқтырады. Темекі тәуелділігінен зардап шеккендермен жұмыс істейтін жоғары дәрежелі дәрігер-нарколог Елена Хартиади қазір елімізде шылымға тәуелді адамдардың саны азаймай отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, темекі тәуелділігі созылмалы ауру болып саналады. Никотин тәуелділігін дәрі-дәрмектермен емдеудің де бірнеше түрі бар. Бірақ темекіден арылуға көмектесетін дәрі-дәрмектер арзан емес. Мәселен, арнайы препараттар 10-20 мың теңгеден басталады. Одан да қымбаты бар. Дегенмен темекі шегетін адам, мысалы бір күнде бір қорап темекі шегуі мүмкін, ол 500-600 теңге тұрады. Сол ақшаны 1 айға көбейтсек, емнің жалпы бағасынан кем шықпайды. «Темекі шегуді тастаудың кері әсерлері көп екені жайлы естіп жатамыз. Мұның барлығы әр адамның ағзасына байланысты. Жалпылай ештеңе айтуға болмайды. Темекіні бірден тастаған адам салмақ қосады дегенді жиі еститініміз рас. Бірақ мұның барлығы ойлап табылған сөздер, ол – миф», – дейді дәрігер Елена Хартиади. Бүгінде әлемнің 35 елі вейп темекілерге тыйым салған, 65 мемлекет оның сатылымы мен тұтынуын шектейтін арнайы шаралар қабылдады. Ал Қазақстан бейқам. Қытайдан ешқандай сертификатсыз көп мөлшерде ағылып келіп жатқан электронды және бірреттік темекілерге тосқауыл қойылмаған. Мамандардың айтуынша, вейп құрамындағы никотин стандартты сигареттерге қарағанда 2,5 есе көп. Ал енді 1 грамм никотиннің бір жылқыны өлтіріп жібере алатын күші бар екенін ескерсек, адам баласының күніне қанша «у» жұтып, денсаулығын құртып жүргенін өзіңіз пайымдай беріңіз.