Елорданың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы 2021 жылға арналған негізгі көрсеткіштердің өсуі туралы баяндады, – деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша негізгі көрсеткіш 1 трлн, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,8% өсіммен 1 трлн теңгеден асты. Сондай-ақ, өнеркәсіп өнімі көлемінің 14%-ға артқаны байқалады. Өңдеу өнеркәсібінде 1,1 млрд теңге сомасына өнім өндірілді. Айта кетейік, елордада өңдеу өнеркәсібінің негізгі салалары: металлургия, машина жасау, өзге де металл емес минералды өнімдер мен сусындар, тамақ өнімдерін өндіру болып табылады. Осы орайда бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 1 312 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштерден 7,7%-ға асты. Басқармада сондай-ақ карантиндік шектеулерге қарамастан, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 13%-ға артып, 161 622-ні құрағанын атап өтті. Осы жылдың қаңтар-маусымында шағын және орта бизнес (ШОБ) саласында жұмыспен қамтылғандар саны тиісінше 401,1 мың адамға дейін (11,9%-ға) өсті. Өз кезегінде, ШОБ субъектілерінің өсуі шығарылатын өнімнің 3 981,7 млрд теңгеге ұлғаюына алып келді.
"Іске асырылып жатқан шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары аясында 89 млрд теңге инвестиция сомасына 1 700-ден астам жоба мақұлданды. 2022 жылы ШОБ саласындағы негізгі көрсеткіштер бойынша өсу қарқынын сақтау жоспарланып отыр. Бұған осы жылдың қазан айында қабылданған 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба ықпал етеді", – делінген ведомство хабарламасында.