Алматыда өз-өзіне қол жұмсаған балабақша тәрбиешісі көпбалалы ана болған. 43 жасына қараған шағында көз жұмған әйелдің артында кәмелеттік жасқа толмаған бес баласы қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Балабақшада бүлдіршіндерді ұрумен аты шыққан әйелге қатысты полиция қылмыстық іс қозғаған еді. Дүйім елді дүрліктірген тәрбиешінің үстінен ҚР ҚК 140-баптың 2 бөлігімен тергеу басталып қана қоймай, жұмыстан да қуылды. Істі болған тәрбиешіге "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу міндеттерін орындамау" деген айып тағылды. Арада бір күн өткенде Б. есімді тәрбиеші суицид жасады.
"Артында бес баласы қалды. Ең кішісі үш жаста", – деп хабарлады Білім басқармасы.Ал даудан көз ашпаған "Сәби бала" жекеменшік балабақшасының Анар есімді меңгерушісі "Қанша баласы бар екенін білмеймін, сөйлесетін жағдайда емеспін", – деп қысқа қайырды. Жетісу ауданында орналасқан бұл балабақшаға 100-ден астам бүлдіршін барып жүр. Алматы қаласындағы білім саласын бақылау департаментінің мәліметінше, балабақшаларға лицензия берілмейді. Мемлекеттік мекемелерден қажетті құжаттарды жинап қана жұмыс істей береді.
"Шағым түскен жағдайда прокуратураға тіркеліп қана тексеруге шыға аламыз. Биыл жекеменшік балабақшаларды тексермедік, мемлекеттік білім беру орындарына тексеру жүгіздік. Ата-аналар бірден арызданған соң тәрбиеші тергеуге алынып, іс қозғалған. Бізге шағым түспеді, жағдайды БАҚ арқылы білдік. Балабақшаларға лицензия берілмейді. Олар санитарлық бақылау, өрт сөндіру қызметі сынды өзге де мемлекеттік мекемелерден құжаттарын алып жұмыс істей береді. Сосын бізге хабарлайды. Біз білім беру мекемелерін аттестациялаумен айналысып жатырмыз", – деді Алматы қалалық Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіндегі бөлім басшысы Гүлдана Омарова.Бұған дейін Алматыда тәрбиешінің асылып қалғанын жазған болатынбыз.