«Ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа» деп отыратын қазақ әр жаңа күннен, әр жаңа айдан, әр жаңа жылдан жақсылық күткен. Сондықтан келер жылдан көп несібе күтіп, жорамал жасау бізге жат емес. Осыны ескеріп, экономика, саясат жағынан алдағы жылға болжам жасап көрдік. Елдің сенімінде бар құмалақшыларды да назардан тыс қалдырмадық. Сонымен, 2022 жылдан не күтеміз? Жақсылығымыз мол бола ма, әлде кейбір келеңсіз жағдайға кезіге береміз бе?
Қымбатшылық жалғаса беретіндей
Алдымен елдің экономикалық жағдайына тоқталайық. Биыл жұртшылық қаржыға қатысты мәселелерге жиі тап болды. Теңге бағамы құлдырай берді. Ең қиыны – 2021 жылы көптеген саланы қымбатшылық жайлады. Азық-түліктен бастап құрылыс заттары, дәрі-дәрмек құны көтерілді. Экономист Асылбек Күздеубаев алдағы жылдың да оңай болмайтынын айтып отыр. – 2022 жылдың алғашқы тоқсанында валютамыз аса құнсыздана қоймайды. Дегенмен бірінші тоқсаннан кейін АҚШ долларына да, рубльге де шаққанда теңге бағамы құнсызданады. Себебі қазір Украина мен Ресейдің жанжалдасып отырғанын білеміз, жағдай ушықты. Осы саяси дүрбелеңдердің негізінде Еуроодақ пен АҚШ көршімізге түрлі саладағы санкцияларын күшейтеді. Бірінші рубль құнсызданады, соның теріс әсері сөзсіз теңгеге де ықпал етпек, – дейді ол. Маман азық-түлікке байланысты қымбатшылықтың да тоқтамайтынын жеткізді. Керісінше, құнның көтерілуі қарқын ала бермек екен. – Қымбатшылық – кез келген дамушы мемлекеттің экономикасында болатын құбылыс, үздіксіз процесс. Алайда бір қауіп бар, онсыз да қымбат дүниенің бағасын қолдан еселеп қымбаттатуы мүмкін. Бұл кезде халықтың күнкөріс деңгейі төмендейді. Жаңа жылға үмітпен қарау керек, дей тұрғанмен шынайы жағдайға үңілер болсақ, халықтың табысы бізде төмен. Табысы төмен болған сайын экономикадағы айналым қаржы азаяды. Оның азайғаны елдегі түрлі саланың дағдарысына әкеледі. Бірақ менің ойымша, келер жылы белгілі бір салада үлкен дағдарыс болады деп күтуге болмайды. Әйткенмен, тұрғын үй нарығындағы қымбатшылық осы жолы халыққа ауыр соғады. 2022 жылдың үшінші тоқсанында ғана тұрғын үй бағасының сәл түскенін күтуге болады, – дейді Күздеубаев. Экономист қорытынды сөзінде егер алдағы жылы мемлекет тарапынан, қаржы саласына жауапты органдар тарапынан реформа, болжамдар, зерттеулер жасалмай, нақты іс-шаралар іске аспайтын болса, экономикадан оң өзгеріс күту негізсіз екенін жеткізді.Билік халыққа жақындауы мүмкін
Бұл тұста болжам айтудан саясат саласын да тыс қалдыра алмаймыз. Елдің саяси өміріне шолу жасап, өткен-кеткенін бір түйіндеп, алдағысы қалай өрбитінін сараптап көрген жөн. Саясаттанушы Ернұр Молдашев келер жылы аса бір саяси өзгеріс болатынына сенбейді. Дегенмен билік өкілдерінің халыққа мойын бұра бастауы мүмкін екенін жеткізді. Себебі шенділердің кей кезде халықтан алыстап кеткені жайлы сөз болады. Ал сынға қалғандар бұдан бейхабар емес. – Алдағы уақытта болуы мүмкін саяси қадамдарға түрлі болжамды айта беруге болар. Бірақ алдымен мына дүниені ескерген абзал, саясаттану – екінші деңгейдегі хаостық жүйе. Саясатта нақты болжам айту мүмкін емес, тек факторларға сүйеніп қорытынды жасайды. Бірақ бір нәрсені айта кеткен жөн. Халықтың әл-ауқаты 2013 жылы біз көрген ең биік межеде болды. Қазір қоғамның саясатқа деген көзқарасы құбылып тұр. Осыны басты назарға алып, әр саладағы қарсылық пен талап ету көбейеді деп айта беруімізге болатын еді. Бірақ мемлекеттегі саяси тұлғалар одан бейхабар емес. Менің ойымша, келер жылы билік халық үшін тиімді, оңтайлы шешімдер қабылдауға талпынады. Көпбалалы аналар секілді әлеуметтің түрлі мәселесіне зер салып, шешуге талпынуы мүмкін. Ал саясаттағы құрамның өзгерісіне қатысты зерттеу жасап, анық айтып беру қиын, – деді Молдашев.«6» ала болмаса, төрт құбыла түгел болмақ
Болжам жасау жайын айтқанда нумерология ғылымына соқпай кету мүмкін емес. Нумеролог Құралай Бақытқызы 2022 жыл 6 санына дөп келіп тұрғанын айтады. Демек, жақсылық көп болуға тиіс екен. – 2022 жылды бір сөзбен логистика мен туризмнің дамитын жылы деп айтамын. Еліміз бен өзге мемлекеттерде халықаралық туризм қарыштап, экспорт пен импорттың мөлшері көбейеді. Ең әуелі елдің ішіндегі жұмыссыздық мәселесі сәл шешімін табатын тәрізді. Өйткені өнеркәсіпке көп көңіл бөлінбек. Өткен 2 жыл әскери және медициналық жыл болса, келер жылы көпшілік инновация мен инфобизнеске ұмтылады. Жыл саны 6-ға тіреліп тұр. 6 – жайлылық, комфорт, тұрақтылық саны. Адамдар ақша жинап, баспана мен жер алуға ұмтылады. 2021 жыл 5 санына тұс келген, яғни шығын көп болды. Әлеуметтік-экономикалық жағдай қазір мәз емес. Келер жылдың бірінші жартысына дейін бұл жалғасады. Ал ауыл шаруашылығына үміт арта алмаймыз. Климаттың қолайсыздығы себеп болар, жағдай орташа. Бірақ құрылыс саласы қарқын ала береді. Себебі сырт елдерден келіп, зауыт салатындар көбейетін тәрізді. Бірақ халықтың қорқуына негіз жоқ, жақсылыққа бағыт бар, – дейді ол. Пандемия басталғалы бері еліміздегі денсаулық сақтау саласына алаңдау үдегені рас. Маман биыл денсаулық сақтауда қиыншылық болмайды деп есептейді. – Коронавирусқа қатысты болжам жасау қиын. Өткен жылы денсаулыққа 13 саны түсті. Бұл – қауіп-қатер саны, жарылыс көп болды. Алдағы жылы адам шығыны аз болуға тиіс, керісінше жағдай жақсарады. Демек, жеке болжамым бойынша, вирусқа қатысты халіміз тұрақталуға тиіс, – деді Құралай Бақытқызы. Нумерологтің айтқанына сенсек, алдағы жыл көк түсті беріп тұр. Ол – табыстың түсі. Ал жастар үшін 6 саны астрология бойынша неке құрса, қате шешім болмайтын кезең. Демография мен неке саны өспек. Жалпы, жылдың энергиясы байлыққа бағытталған. «Бірақ шашпалыққа емес, жинауға дағдыланған жөн» деп қорытындылады маман.Күтпеген қуанышқа кенелеміз бе?
Құмалақшы Баян Амангелді де келер жылдың жаман болмайтынын айтып отыр. Бұрынғының «41 құмалақ сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді» дегені бекер емес болар. Әуелі анығын Құдай біледі деген ол «2022 жыл ойламаған, күтпеген қуанышқа толы болады. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кезеңді көреміз. Дегенмен бұйыртқанынан өзгесін көрмейміз», – дейді. Қорытындылар болсақ, ешкім келер жылдан жамандық күтпесі анық. Бәрі де қуанышқа кенелгісі келеді. Сұрау салып, пікірін естіген мамандарымыз жақсы өзгерістер болуы мүмкін екенін болжап отыр. Біз де жақсыға жорығанның «айтқаны болсын» деуден әрі аспаймыз.