Жасампаз жылдар жылнамасы
Жасампаз жылдар жылнамасы
368
оқылды
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тарихи өлшеммен алып қара­ғанда қас қағым уақыт. Ал азат­тығына күні кеше ғана қол жет­кізіп, ел болып, еңсе тік­теу­дің жолына түскен ел үшін 30 жыл­дың әр жылы, әр күні маңызды ше­шуші мәнге ие. Егемендіктің елең-алаңында Президент Жар­лығымен әр жылды өзінше ай­шықтау да мемлекеттің қо­ғамдық-саяси, әлеуметтік-эко­номикалық өміріне өз ізін қал­дырды.

Абай мен Жамбылды әлем таныды

Тәуелсіз Қазақстан тари­хында алғаш рет 1995 жыл Абай жы­лы болып жарияланды. Абай жылы аясында ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. 1995 жылдың 9 та­мы­зында Алматыдағы Респуб­лика сарайында Абайдың 150 жыл­дығына орай ұйымдастырыл­ған салтанатты шараға 25 елдің Мем­лекет басшысы мен Премьер-Ми­нистрі қатысты. ЮНЕСКО-ның Ұйытқы болуымен Абай тойы Қазақстаннан бөлек, әлемнің 25 елінде аталып өтті. Араға ширек ғасыр салып еліміз ұлы ойшылдың 175 жылдық мерей­тойын да өз деңгейінде атап өтті. Абай жылынан кейін 1996 жылы жарияланған Жамбыл Жабаевтың жылы да елдің руха­нияты мен әде­биетін айшықтаумен ерекшеленді. ХХ ғасыр Гомерінің 150 жылдығына орай Жамбыл мұражайы мен мавзолейі жаңғы­рып, ауылындағы мәдениет үйі мен мектеп құрылысы жүргізілді. Жамбыл Жабаев жылы қарсаңын­да Өзбекстан, Қырғыз Рес­публикасы, Түркия сияқты бауырлас елдер де Жамбыл күндерін атап өтті. Биыл да бұл игі дәстүр өз жал­ғасын тауып, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ауқымды шаралар ұйымдас­ты­рылды. Мерейтойға орай Мә­дениет және спорт министрлігінің тапсыр­масымен «Қазығұрт» бас­пасынан Жамбыл Жабаевтың 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Ақынның өмірі мен шығарма­шылығын зерттеп жүрген ғалымдар бұл еңбекті жамбыл­танудағы жаңа бағыт деп бағалады.

Тарихи әділдік салтанат құрды

Ғасырлар тоғысында әлемдік геосаясаттағы оқиғалар егемендігін қолға алып, етек-жеңін жия бас­таған елдің ұстанымдарын анық­тап, болашаққа бағдар жасауда шешуші мәнге ие болды. Президент Жарлығымен 1997 жыл Саяси қуғын сүргін құрбан­да­рын еске алу жылы деп жария­ланды. ХХ ғасырдағы Қазақстан та­рихындағы ең қасіретті оқиғаның бірі жаппай саяси қуғын-сүргін жүргізу болғаны мәлім. Тәуелсіздік алғаннан бергі аралықта 340 мыңға жуық «қызыл террордың» құрбаны ақталды. Дәл 1997 жылдан бастап жыл сайын 31 мамырда тарихқа тағзым жасалып, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннің құрбан­да­рын еске алу дағдысы қалыптасты. Төл тарихымызды ақтаңдақтан арылтып, одан сабақ алуда қыруар шаруа атқарылған Саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу жы­лынан соң 1998 жыл Қазақстан халқының бірлігі мен ұлттық тарих жылы, ал 1999 жыл Ұрпақтар бір­лігі мен сабақтастығы жылы ретін­де айшықталды.

Әлеуметтік саладағы серпін

Осынау тарихи рухани алғы­шарттардың ізін ала 2000 жыл Қа­зақстанда Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды. Тә­уелсіздіктің алғашқы жылда­рын­дағы қаржылық қиындықтарды абыроймен еңсерген елдің руха­ният пен мәдениетке көңіл ауда­руының өз себебі болды. Өз алдына отауын сайлаған азат ел эконо­микалық дағдарыспен бетпе-бет келгенде алғашқылардың бірі болып мәдениет ошақтарының есігіне қара құлып салынған-ды. Аз ғана уақыттың ішінде осы олқылықтарды жоюға Мәдениетті қолдау жылы мейлінше ықпал етті. Бір жылдың ішінде республика көлемінде 468 кітапхана, 239 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан 5 театр ашылды. Еліміздің бас қаласында Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры, Қазақ ұлттық музыка академиясы өз жұмысын бастады. Қазақстан Президенті мәдени орталығы мен мемлекеттік мұражай ашылды.

10 жылдықтағы оңды істер

2001 жылы ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығы мерейтойына Қа­зақ­стан жоғары экономикалық көр­сеткіштермен аяқ басты. Қаржы-экономика секторындағы әлемдік тенденцияға сай ұлттық табыстың жинақтау нормасы 15 пайыздан асқанда экономиканың тұрақты өсуi басталады. Ал 2001 жылы Қазақстанда жинақтау нормасы 25 пайызға жуықтаған еді. Экономикалық көрсеткіш­тер­дің түзелуі елдегі ірілі-ұсақты әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға да мұрындық болды. Әсі­ресе, ұлт саулығына айрықша на­зар аударылып, 2002 жылы Ден­саулық жылы деп танылды. Ра­сында, қолға алынған кешенді ша­ралар нәтижесінде Денсаулық жылында отандық медицинада оң өзгерістер орын алды.

Ауылдағы ахуал оңалды

2003-2005 жылдардағы Ауылды қолдау жылы да ұжымшарлар мен кеңшарлардың таратуымен кері кеткен көп елді мекендегі тын­дырымды тірліктің ұйытқысына айнала алды. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен заманда ұста­ғанның аузында, тістегеннің қо­лында кеткен ауылды, ауыл ша­руа­шылығын көтеруге көп күш жұмсалды. Тек 2004-2005 жылдар аралығында ауылдарды дамытуға 150 миллиард теңге қаржы жұм­салды. Оның сыртында ауылдағы бiлiм беру мен денсаулық сақтау ісіне, сапалы ауызсумен қамта­ма­сыз етуге жыл сайын 15 миллиард теңгеден бөлiніп тұрды. Шартты түрде 2005 жылы аяқталғанымен, ауылды дамыту мәселесі мемлекет назарынан тыс қалмады.

Тілге құрмет көрсетілді

2007 жыл тәуелсіздіктің ай­шықты белгісі саналатын қазақ тілінің қоғамдағы рөлін нығайту мақсатында Қазақ тілін қолдау жылы деп жарияланды. Бұл шешім «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының қабыл­да­нуының 10 жылдығымен тұспа-тұс келді. Қазақ тілін қолдау жылы аясында мемлекет пен қоғам өміріндегі ана тілінің беделін биік ету жұмыстары қолға алынды. Мұнан кейінгі 2008-2010 жыл­дар айшықты таңбаланбағымен олардың да елдің экономикалық-әлеуметтік дамуы көрсеткішіне зор үлес қосқаны анық.

Мерейлі мезеттер

2011 жыл Қазақстан Респуб­ликасы Президенттің Жарлығымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы болып жарияланды. Егемендіктің екінші онжылдығын еліміз толайым та­быстармен еңсерді. Тек Ұлттық банктің жиынтық резерві мен Ұлт­тық қордың көлемі 75 млрд дол­ларға жетті. Жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көрсет­кіші 11 мың АҚШ долларына артты. Қазақстан инвестициялық климаты жайлы 20 елдің қатарына кірді. Онан кейінгі 2012-2018 жылдар аралығында арнайы ат таққан айшықты жылдар болмады. Тек 2015 жылы ел көлемінде Қазақ хан­дығының 550 жылдығы, ал 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аталып өтілді.

Жастықтың оты жалындап...

2019 жылғы Жастар жылы деп жарияланып, мемлекеттік жастар саясатында көп түйткілдің түйінін тарқатуға негіз болды. Прези­дент­тік жастар кадрлық резервіне өз саласында мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік атанған 300 жас іріктелді. Олардың дені мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде басшылық қызметке тағайын­дал­ды. Сонымен бірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін 1 000 жалдамалы пәтер беру бастамасы да баспаналы болу бақытын сезінуге ниеттілерге үлкен көмек болды.

Еріктілер ерледі

Еріктілер жылы деп жария­лан­ған 2020 жыл, шын мәнінде во­лонтерлер сын сағаттағы әрекетін тәжірибе жүзінде сыналумен ерекшеленді. Жасыратыны жоқ, әлемдік пандемия тіршілік атаулы құрсау салғанда әлеуметтік көмек көрсету жауапкершілігін айқын сезіне алады. Бір жылдың ішінде 100 мыңға жуық қазақстандық ерік­тілердің қатарын толықтырып, көмекке мұқтаж жандарға қолға­быс етті. Ел басына күн туғанда ер­лікке пара-пар әрекетке барған ерік­тілердің көбі Президент Жар­лығымен «Халық алғысы» медалі­мен марапатталды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қоғам өміріне өзгеріс әкелген айшықты жылдардың тізбесі – осы. Әр жылдан жылт еткен жаңалық күтетін жұртшылыққа әне-міне табалдырық аттап, төрге озғалы тұрған 2022 жылдың да жақсылыққа толы боларына сенім мол.