Ең...Ең...Ең...
Ең...Ең...Ең...
225
оқылды

Жылдың ең үлкен қасіреті

26 тамыз күні кешкісін Жам­был облысы Байзақ ауда­нын­­дағы № 28349 әскери бө­лімі аумағында орналасқан оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Ресми дерек­терге сай, төтенше оқиғалар салдарынан 17 адам қаза тауып, бір сарбаз әлі күнге табылмай жатыр. Оны іздеу жұмыстары бір сәтке де тоқтаған жоқ. Әс­кери бөлімнің түбіндегі Қайнар шағын­ауы­лында 17 үйде 90-ға тарта тұрғын мекендейді. Аудан көлемінде 118 үй бүлінген еді. Қаза тап­қан­дардың жақын­дарына көмек ре­тінде рес­пуб­ликалық бюд­жеттен 10 мил­лион, жергілікті бюджеттен 5 миллион теңге бөлінді. Екінші деңгейлі банктердегі несиесі кешірілді. Жамбыл облысы Байзақ ау­данындағы әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасының жарылуы бүгін болып, ертең ұмытылар қор­қы­нышты түс емес екенін жұртшы­лық та ұғынды. Арыс­тағы оқи­ғадан кейін қайталанып отырған бұл апат өзге өңірдегі ағайынның да үрейін еселей түскендей. Бұл оқиға төтенше жағдайлар қыз­метіне түбегейлі талдау жүргізіп, жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін ұқтырды. Байзақтағы апат­тан кейін Қор­ғаныс министрі Нұр­лан Е­р­мек­баев отставкаға кетті.

жыл есімі

Жыл есімі

Құрмет Талапқазы – Түр­кістан об­лысының тұрғыны. Құрмет қуаң­шы­лықтан малы қырылып жатқан өңір­лерге шөп жеткізу жұмысын ұйым­дас­тыр­ды. 24 жастағы жігіт алты вагон шөп пен жо­ңышқа да­йындаған. Достары мен ерік­тілерді жинап, шөп шабуға жұмылдырды. «Ша­ғын шаруа­шылықпен ай­наласа­тындарға қиын заман туды, соған құла­зып жүрмін. Көмек бас­тап кеткеніме қуа­намын, әрине бұл мақтану үшін емес. Ата-әжелер кө­зіне жас алып, алғысын жауды­рып жа­тыр. Бірақ мен рақметін күт­пей­мін, әрбір қазақ, өз елінің аза­маты менің ісімді жасар еді. Қа­зір бәріміз жиналып, көмек­тесуге ша­қырамын», – дейді ол. Құрметтің игі ісін өзгелер де жалғап кетті. Рес­публиканың түк­пір-түкпірінен қуаңшылық жай­лаған аймақтарға шөп жет­кізді. Бұл да еріктілердің арқасы. Құр­мет Талапқазы бір сөзінде: «Қазақ­станның батысын шөп­пен қазір қамтамасыз ет­песек, қыста мал қырылады. Қыста тіп­ті ба­тыста ғана емес, оң­түс­тікте де, Қы­зы­лор­да мен Аралда да мал қы­ры­лады. Келесі жылы шөп те қым­баттайды, ет те. Қазір еттің келісі 2 мың болса, келесі жылдары 7-10 мың теңге бо­лады. Күз бен қыс келмей тұрып, шөп әзірлеуіміз керек. Әр облыстан 10-15 вагоннан жі­берсек жақсы болар еді. Қазір Түркістан мен Шымкентте Қа­зығұртқа, Қа­ратауға және Со­заққа барар жол­дағы даланы шауып жатыр­мыз. Сосын Шы­ғыс Қазақ­стан мен Солтүстік Қазақстан облы­сына шөп­ке ба­рамыз» деген екен. Са­рыағаш, Келес, Қазығұрт, Шар­дара, Же­тісай, тағы басқа аудан­дардың азаматтары да шөп да­йын­дауға білек сыбана кіріскен. Құр­меттің бастамасымен Түркістан об­лы­­сының өзінде 100 мың түктен артық шөп жиналған. Еріктілер оң­түстік жұртшы­лығының көмегін қуаң­шылық болған аймақтарға те­міржол арқылы жеткізіп берді.

үздік фильмі

Жылдың ең үздік фильмі

«5:32» – шынайы оқиғалар негізінде түсірілген тұңғыш де­тектив сериал. Елі­мізде ХХ ға­сырдың 90-жылдарында адам етін жейтін қаскөйлер болған. Бірақ кейбір кейіпкерлер ойдан шығарылған. Жамбыл облы­сын­да Тараздан 60 шақы­рым жерде Жаңатас пен Қаратау қала­ла­рында түсірілген. «5:32» – Salem social media жобасы. Режиссері – Әлішер Утев. 12 сериядан тұратын сериал көрерменнің сү­йіспеншілігіне ие болған туын­ды­лардың бірі. Атауының өзі ерекше, түсі­рілім тобы оны Құ­ран сүресіне негіздеп алғанын айтады. Әзірге сериалдың 7 се­риясы көрерменге ұсынылды. Ең алғашқы серияның YouTube же­лісіндегі қаралымы 7 мил­лион­нан асты. Режиссер Әлішер Утев­тің: «5:32» сериалын тү­сі­ретін кезде де «тақырыбы ауыр», «түсіру қиын, адамдар қара­май­ды» деп айтқандар көп болды. Бірақ мен ешкімді тыңдамаймын, бағытым бөлек. Өзіме не ұнайды, түйсігім қалай дейді, соны тү­сіремін» дегені бар. Осы тұрғыдан кел­генде, режиссердің түйсігі ал­дамаған секілді.

Токио

Жылдың ең үлкен сәтсіздігі

Токио Олимпиадасы – еліміз үшін ең сәтсіз Олим­пиадалардың біріне айналды. ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары ел спортына жан­күйер болған қауымның көңілін біраз бәсеңдетіп жіберді. Бірде-бір спортшымыз жартылай финалдан аса алған жоқ. Бар-жоғы 8 қола медальге қол жет­кізіп, рейтингте 83-орынға бір-ақ жетті. Тіпті, бұған Мем­лекет бас­шы­сының өзі ерекше назар аударған. Пре­зидент: «8 қола медаль алып, жалпы ко­мандалық есепте 83-орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қа­зақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отыр­ған мол қаражатқа сәйкес келмейді. Ұлттық құраманың Олим­пиа­дадағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді ре­формалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Бұқа­ралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұм­ты­лу қажет. Токио Олим­пиа­дасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда ха­лық үмітін ақтай­тындай нәтижеге қол жеткізу керек», – деген-ді. Қалай десек те, Токио Олим­пиадасы ел спор­тында шешімін табуы тиіс мә­селелердің бар екенін көрсетті. Бұдан түйге­німіз, келер Олимпиадаға дейін спортшыларымыз сақадай-сай болып баруы үшін жағдай жа­салуы тиіс. Мұны Мемлекет басшысының өзі де қадап тапсырып отыр.

қылмыс

Жылдың ең үлкен қылмыстық ісі

Елімізде соңғы бес жыл ішінде ауыл ша­руашылығы саласында 960 жемқор­лық қыл­мысы тіркелген екен. «Бүгінде біздің тара­пы­мыздан 62 қыл­мыстық іс қозғалып, тергеліп жатыр. Бұл іске 2 300 шаруаның қатысы бар. Осы жағ­дайды ресми түрде қа­растырар болсақ, онда олардың барлы­ғын кінәлі деп тануға болады. Қазірдің өзін­де жүздеген жаңа іс қозғап, шаруа­лар­дың ісін тоқ­тата алар едік. Бірақ олар көп жағдайда қылмыстық айла-әдістердің құр­баны болып отыр», – деген еді Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы Марат Ахметжанов. Бұл оқиға бойынша 62 қыл­мыс­тық іс тіркеліп, 16 адам қа­мау­ға алынды. Бір ғана бағ­дар­­ла­ма бойынша 80 миллиард тең­г­е бөлініп, оның 40 миллард тең­геден астамы тиімсіз игерілген. Субсидия дауы Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысы Сапархан Омаровты орынтағынан кетірді. Субсидия түрінде бюджеттен бөлінген жүздеген миллиард қаражатты ұрлаудың шын ауқымы енді ғана айқындалып жатқан секілді. Ұрлық схемасын теріс пиғыл, қара басы үшін пайдаланған фермерлердің саны 3 мыңға жуықтаған. Солай десек те, фермерлердің және биік лауазымды тұлғалардың көбі жазаланбауы бек мүмкін.

Айым БЕКТҰР