KPI жаңа полипропилен зауытының құрылысын аяқтады
KPI жаңа полипропилен зауытының құрылысын аяқтады
275
оқылды
Атырау облысындағы Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI) ЖШС-ның газ-химиялық кешенінде негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосу-реттеу кезеңі басталды.  Бұл айтулы жоба елімізде мұнай-химия кластерін қалыптастыруға жол ашты. Тәуелсіздік жылдарының несібесіне айналуы тиіс газ-химиялық кешен полипропиленнің 65 түрлі маркасын өндіруге қауқарлы. 27 желтоқсанда жаңа зауыт Теңіз кен орнынан жеткізілетін пропанның алғаш­қы партиясын қабылдады. Қараша айын­да зауытқа азот пен құрғақ сығылған ауа берілді. Шілдеде зауыт Karabatan Utility Solution ЖШС-нан басты қосалқы стан­саға электр энергиясын, кейін бастапқы тұзсыз­дандырылған, минералсызданған және техникалық суды сәтті қабыл­дады. Осылайша, зауыт іске қосу-реттеу жұмыс­тарына, іске қосу және өндіріске қажетті барлық ресурсты қабылдауды аяқтады. – Бүгін біз Теңіз кен орнынан жет­кізілетін пропанды қабылдай бастадық. Пропан кешен аумағына теміржол ар­қылы вагон-цистер­налармен жеткізіледі. Эстакадада америкалық EMCO WHEATON компаниясының саңылаусыз про­пан құю жабдығы орнатылған, ары қарай шикізатты италиялық SIAD компа­ния­­сының компрессорлары айдайды. Біз бір уақытта екі жерден 18 вагон қабылдай аламыз, барлығы 36 вагон өнім аламыз. Зауыт толық қуатына қосылған кезде күніне 72 вагон қа­былдауға болады. Теміржол эстакада­сында операторлар шикізатты құйып алады, кейін ол газ қауіпсіздігін анық­тайтын жүйемен жабдықталған про­панды сақтау паркіне айдалады. Әрі қарай пропилен алу үшін пропанды дегидрлеу қондырғысына жіберіледі. Ал полимерлеу қондыр­ғысында соңғы өнім – полипропилен алынады, – деді КРІ бас инженері Денис Козырев. Алғашқыда зауыт полипропиленнің 11 маркасын шығарады, қалғаны нарықтағы сұранысқа сай дайын­далады. KPI-дың 2022 жылға арналған өндірістік бағдарламасы Энергетика министрлігімен келісілген. зауыт құрылысы – Біздің болашақтағы жоспар­ларымыз бойынша полипропилен отандық нарық сұранысын толықтай қанағаттандырады. Бұл көрсеткіш қазір – 45 мың тонна. Өндірістік бағдарламамыз бойынша Қазақстанға 60 мың тоннасын беруді жоспарладық. Республикадағы сұраныс­тың артуына сай, ең алдымен, отандық нарықты толық қамтуға тырысамыз, – деді бас инженер. Сайып келгенде, еліміздегі тұңғыш газ-химия кешені, яғни KPI отандық нарықтағы сұранысты өтеп болған соң қалған өнімді шетелге асырмақшы. Өйт­кені одан пайда көп. Зауыт экспортпен  Қытай, Түркия мен Еуропа елдерін қамтитын болады. Жобаны жүзеге асыра отырып «ҚазмұнайГаз» ҰК» АҚ жаңа сала – көмірсутекті терең өңдеуді игере бастады. Осылайша, еліміз бен Атырау өңірі үшін жоғары экономикалық және әлеуметтік маңызы бар жаңа газ-химия саласы өз жұмысын бастап кетті. Бұл салаға салын­ған әр доллар экономикада қосымша 2-3 доллар пайда әкеледі және аралас салаларда 7 жаңа жұмыс орнын ашуға ықпал етеді. Зауыт толық іске қосылған соң кәсіпорында шамамен 500 жұмыс орны ашылады. Құрылыс барысында 29 мың тоннадан астам металл құрастырылым монтаждалып, 165 мың текше метрден астам бетон құйылды, 2,5 мың километр кабель мен 261 километр техно­логиялық құбыр желісі тартылды. Бас мердігер – қытайлық CNCEC ком­паниясы, құрылыс-монтаж жұ­мыс­тарына 40-тан астам қазақстандық ком­пания қатысты.   KPIЕлімізде мұнай-химия кластерін қалыптастыру және қосымша құны жоғары, экспортқа бағытталған өнім­дерді шығару, өнеркәсіп салаларын әртарап­тандыруға арналған полимер­лер өндірісі кешенін салу оңайлықпен жүзеге аспағаны белгілі. Тіпті, өткен жылы пандемия кезінде де зауыт құ­рылысын тоқтатпау үшін «ҚазмұнайГаз» ҰК» АҚ барлық жағдайды саралай отырып жұмыс істеді. – Құрылыстың ең қарқын алған шағында пандемия орын алып, карантин шектеулері енгізіліп, өндіруші зауыттар­дың жұмысы тоқтатылса да, біздегі құ­рылыс тоқ­таған жоқ. Үкіметтің қолдауы­мен және «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен бюджеттен аспай отырып жұмыс қарқынын сақтап қалдық, – дейді «KPI Inc.» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дамир Әшімов. Кешеннің қуаттылығы – жылына 500 мың тонна полипропилен, бұл шикізат машина құрылысында, медицина мен электротехникада пайдаланылады, қап­тама материал­дарын өндіруге, ыдыстар, желілер, тұрмыстық электроника, халық тұты­натын тауарлар, бақша және кеңсе құралдары мен ыстық су тұрбалары мен фитингтер өндіруге қажет. Пропан сақ­тайтын паркте төрт резервуар бар, олар Оңтүстік Кореядан жеткізілген. Әр резервуардың ұзындығы – 42 метр, ал сыйымдылығы – 2 500 мың текше метр. Жобаны жүзеге асыруда әлемге әйгілі озық тәжірибелі Siemens, MAN, SGS, Air Liquide, Mitsubishi сияқты компаниялар атсалысты. Қондыр­ғыларды орнату мен мамандарды оқыту кезінде Атырауға өндіруші зауыт­тардың шеф-инженерлері келді. – Зауытымыздың заманауи дамуы үшін жұмысшыларды оқыттық. Тео­рия­дан бөлек тәжірибеден өтті, ли­цен­зия иесі – америкалық компания­дан арнайы компьютерлік жаттық­тырғыш алдық. Ол компьютерде жұмысшылардың болашақ зауытта жұмыс істейтін бағдарламалары енгізіліп қойған. Қазір, міне бір жылға жуық олар зауыттың бағдарламасымен жұмыс істеп келеді, сондықтан дайын өндірісте жүргендей қолдарын үйретіп алды. Бұл компьютерлер виртуалды түрде штаттан тыс апаттық жағдайда әрекет ету, қысымды көтеру, тем­ператураны жо­ғарылату сияқты жағдайларды реттей алады, – деді Дамир Әшімов. KPI жобасында жаңа технологиялар қолданылған. Мекеме толық цифр­ландырылады. Қоймадағы операция­лар, өнімді қаптау, сақтау және авто-теміржол көлігіне тиеу жұмыстарын арнайы робо­тотехника адамның қатысуынсыз жүзеге асырады. Ал ақ­параттық технологиялық шешімдер мен корпоративтік есеп жүйе­лері бұл жұмысты мінсіз атқаруға септігін ти­гізеді. газ-химиялық кешен Кәсіпорын өкілдері зауыттың барлық экологиялық талаптарға сай екенін атап өтті. Барлық зиянды қоспалардан тазар­тылған пропан, алдымен пропиленге, кейін өндірістік тізбек бойынша поли­пропиленге айналады. Бұл процестер барысында күкірт­сутек, күкірттік ангидрид және хош иісті кө­мірсутек тәрізді зиянды заттар пайда бол­майды. Су пайдалану жағынан да эко­логиялық таза кәсіпорында техно­логиялық про­цестерге қажетті ай­налма сумен қамту жүйесі қолда­нылады. Karabatan Utility Solutions ЖШС тазарту қондырғысының ағындарды толықтай тазалау және қайта пай­далану жүйесі есебінен суды пайдалану көлемі азайып келеді. Мұнай-химия саласының ірі өкілі СИБУР компаниясымен жобаны жү­зеге асыру бойынша қол жеткен стра­тегиялық серіктестік маңызды қадам болып та­былады. Серіктес компания­ның тә­жірибе­сі мен құзыреті «ҚазМұнайГаз» компаниясына қазақстандық өнімді жаңа нарыққа шығаруға жол ашады. Еліміздегі тұңғыш біріккен газ-химия кешенінің құрылысын жүзеге асыру мерзімі ұзаққа созылғаны белгілі. Деген­мен мұнай мен газды өндіріп қана қоймай, өңдеп, экс­порттауға ерекше жағдай жасау мақ­саты қойылған ауқымды жоба өз қызметін бастады деп сеніммен айта аламыз. Бұның нәтижесін ел Тәуел­сіздігінің 40 жылдығында толық­тай көріп, ел экономикасына әсерін баға­лайтын уақыт та келері сөзсіз.

Атырау облысы