Жылдың маңызды оқиғалары
Жылдың маңызды оқиғалары
203
оқылды

Тәуелсіздікке – 30 жыл  

Биыл – ел Тәуелсіздігіне 30 жыл.  Тәуел­сіз­дік – еліміздің баға жетпес бай­лығы. 1991 жылы 16 желтоқсанда әлем карта­сын­да жаңа жас Қазақстан Рес­пуб­ликасы пайда бол­ды.  Бұл тәуелсіздік – ата-ба­ба­ларымыз қанша ға­сыр­дан бері аңсаған, ар­ман­даған азаттық еді.  Жас мемлекетті барша әлем елдері мойындап, қол­дау көрсетті. 30 жыл  – қайта жаңғырған қазақ мем­лекеттігінің, ата-ба­баларымыз аңсаған азат­тық­тың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды бе­лес. Осы уақыт ішінде еліміз біраз қиындықты ең­серіп, даму­дың даңғыл жолына түсе білді. вакцина

Жаппай вакциналау басталды

Биылғы ақпан айында республика бойынша корона­вирусқа қарсы жаппай вакциналау басталды. Екпе салу науқанының  қарқынын арттыру үшін түрлі акция өткізіле бастады. Тіпті, кейбір аймақта екпе алғандардың арасында пәтер ойнатылды. Ұялы телефондар мен тұрмыстық техника таратылды. Бүгінде вакцинаның екі бірдей дозасын алған қазақ­стандықтардың саны 8 миллионнан асты. Қазір республика бойынша ревакцинация басталған. Бала емізетін әйелдер мен 12 жастан асқан балаларға да вакцина салынып жатыр. сайлау

Парламент сайлауы – 2021

Парламент Мәжілісіне «Nur Otan» партиясы – 76, «Ақ жол»  пар­тия­сы – 12, Қазақстан Халық пар­тиясы – 10, Қазақстан халқы Ассамб­лея­сына 9 мандат бөлінді. Сондай-ақ бұл сай­лауда «Nur Otan» партиясы 71,09 пайыз дауыс жинаса, «Ақ жол» партиясы 10,95 пайыз дауыс иеленген. Сайлауға қатыс­қан­дардың 9,10 пайызы Қа­зақ­тан Халық пар­тиясына дауыс беріпті. «Ауыл» пар­тия­сы – 5,29 пайыз, ADAL партиясы  3,57 пайыз дауыс жинаған. Биыл аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, ауыл­дық округтердің әкімдері тікелей сайлау арқылы сай­ланды. Ауыл әкімдерінің алғашқы сайлауы 25 шілдеде басталды. ОСК мәліметі бойынша, сайлауға 2 297 кандидат қатысқан. құрғақшылық

Құрғақшылық қысып, мал қырылды

  Биыл еліміздің бірнеше өңірінде жауын жаумай, жер құрғап, қуаңшылық қысты. Әсіресе, Маңғыстау мен Қызылорда облысы қуаңшылықтан қатты зардап шекті. Тіпті, құрғақшылықта қалған Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Ресми мәліметке сенсек, Маңғыстау облысында 1 304, Қызылорда облысында 596 бас мал аштан қырылды. Қиналған жұрт малын аман алып қалу үшін шөбі болмаса да, қылтанақ өсетін аймақтарға қоныс аударуға мәжбүр болды. Құрғақ­шылыққа ұшыраған қос аймаққа құзыретті органдардан бұрын ел азаматтары тізгінді өз қолдарына алып, асарлатып азық дайындап, вагон-вагон шөп жөнелтті. зейнетақы

Зейнетақы жинағын жұмсадық

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап азамат­тарға қор­дағы ақшаны баспана, емдеу және инвестициялық басқаруға беруге рұқ­сат етілді. Ресми ақпарат бойын­ша, маусымға дейін 16 мың адам зей­нетақы қорындағы ақшаның көмегімен ипотека қарызынан құтыл­ған. Алайда жаңа жылдан бастап қордағы ақшаны алу шар­ты өзгере­ді. Ол бойынша қорда міндетті түрде қалуы тиіс қара­жат мөлшері шамамен екі есе ұлғаймақ. халық санағы

Халық санағы

Елімізде бұл науқан он жылда бір рет өтеді. Бұған дейінгі санақ 2009 жылы болған. Биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген науқан алғаш рет онлайн және офлайн форматта қатар ұйымдастырылды. Ұлттық халық санағы­ның алғашқы нәтижесі бойынша, Қазақ­стан халқы 19 169 550 адамға жетті. Оның 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы – әйелдер, 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 пайызы – 14-28 жас аралығындағы жастар. Сондай-ақ еліміздегі қазақтардың үлесі  70,18 пайызға жеткен. Air Astana

Air Astana Қазақстан мен шетелге ұшу жиілігін арттырды

17 желтоқсанда Air Astana Нұр-Сұлтаннан Дубайға ұшу жиілігін арттырып, аптасына 7 рейстің орнына 9 рейс орындап жатыр. Сондай-ақ 25 желтоқсаннан бастап Алматыдан Коломбоға (Шри-Ланка) ұшу жиілігі ұлғайтылды. Енді Air Astana аралға дүйсенбі мен бейсенбіден басқа аптасына 5 күн ұшады. Сонымен қатар жаңа жыл қарсаңында әуекомпаниясы Алматы мен Нұр-Сұлтан арасында қосымша рейстерді қосты. 30 желтоқсанда 2 рейс, ал 31 желтоқсанда 3 рейс енгізіледі. жарылыс

Байзақтағы жарылыс

Өкінішке қарай, өтіп бара жатқан жылды жұрт Байзақтағы жары­лыстың жарасы арқылы жадында сақтап қалды. Есте болса, 26 тамыз күні кешкі уақытта  Жамбыл облысының әскери бө­лі­міндегі коймалардың бірінде жарылыс болған еді. Салдарынан жалпы саны 17 адам қаза тауып, 100  шақты адам жарақат алды. Қа­за тапқандардың ішінде азаматтық қорғау органдарының 10 қыз­меткері, Қорғаныс министрлігінің 6 әскери қызметкері және бір әскери прокурор бар. Тағы бір сарбаз әлі күнге іздестіріліп жа­тыр. Қираған үйлер қалыпқа келді. Қаза тапқандардың жақын­дарына көмек көрсетілді. Екінші деңгейлі банктердегі несиесі кешірілді.