Атырауда жеті жыл бойы өгей қызын зорлап келген ер адам сотталды

Атырауда жеті жыл бойы өгей қызын зорлап келген ер адам сотталды
© azattyq-ruhy.kz

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жеті жыл бойы өгей қызын зорлап келген сотталушыға үкім шығарды. Бұл туралы  «Ақ Жайық» басылымы хабарлады.

Айта кетейік, Атырау қаласының тұрғыны тұрмысқа шыққан. Оның бір қызы бар болатын. Отбасылық өмірде алғашқыда бәрі жақсы болған. Бірақ уақыт өте келе отағасы қатты өзгереді. Әйелін ұратынды шығарады. Бірақ күйеуінің жылдар бойы қызына азғындық әрекеттер жасағанынан хабарсыз болады.

Тек жеті жылдан кейін ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде ғана анасы бұрынғы күйеуінің азғындық әрекетінен хабардар болады. Білген бойда дереу полицияға арыз түсіреді. Тергеу ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі (көрінеу жас балаға қатысты жасалған нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері) бойынша жүргізілді.

«Сотталушы О. жас баланың дәрменсіз күйін пайдалана отырып, қасақана аса ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасады», – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Оның кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, сондай-ақ WhatsApp-тағы видеолармен, хабарлармен толық дәлелденді. Дегенмен, сотталушы өз кінәсін мойындамады.

Прокурор 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, бірақ сот 15 жылды тағайындады. Қыздың анасы ол үкіммен келіспейтінін және оған 20 жыл мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру үшін шағымданатынын айтты.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.