Miras кеңесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу барысы қаралды
Miras кеңесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу барысы қаралды

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің киелі жерлерін жаңғырту, тарих және мәдени ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу мәселелері, сондай-ақ Қазақстандағы көне қолжазбалар мен сирек кітаптар жай-күйі Nur Otan партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесінің онлайн форматта өткен кезекті отырысында талқыланды.

Кеңеске Қазақстан Республикасы Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, тиісті министрліктер мен сала мамандары, зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар, Кеңес мүшелері қатысты. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша негізгі баяндаманы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жасап, елімізде Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша министрлік тарапынан атқарылған істерге кеңінен тоқталды.

«2021 жылы республикалық деңгейде жүргізілген жұмыстар Ботай қонысын, Берел қорғанын, Бозоқ, Бытығай, Есік, Рахат, Ақтерек, Жанкент, Қышқала қалашықтарын қамтыды. Биыл жүргізілген ғылыми археологиялық жұмыстардың қорытындылары бойынша Ұлттық ғылыми кеңеске ұсынылған есептер оң қорытындыларға ие болды. Ғылыми жұмыстардың барысында  айқындалған тың тарихи деректер Білім және ғылым министрлігі арқылы оқулықтарға, ғылыми айналымға енгізіледі», – деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, республикалық музей-қорықтардың инфрақұрылымдарын жақсарту, тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғалуы мен сақталуына, туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында 2025 жылға дейін республикалық музей-қорықтардың аумағында 8 визит-орталық салынатын болады. Сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерімен бірлесіп «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясын ілгерілету бойынша құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Номинация аясында Түркістан және Қызылорда облыстарында орналасқан Сауран, Алтын Асар, Жанкент, Сығанақ, Отырар, Яссы (Түркістан) қалашықтарын ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланған. Туризмді дамытуда көліктік инфрақұрылымның болуымен қатар, тарихи-мәдени мұраны тиімді пайдаланудың да маңызы зор деп есептейді Парламент Сенатының депутаты, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп. «Туризмді дамытуға қатысты ел Президенті Қ.Тоқаевтың жақсы бір ұсынысы ескерусіз қалды. Мәселен, Түркістанды Өзбекстандағы туристік желілермен теміржол арқылы жалғау мәселесі. Самарқан, Бұқара, Ташкент қалаларында қазір теміржол желісі өте жақсы дамыған. Осы желіні Түркістанға жалғап, тұтас бір туристік кластер кешенін жалғау туралы жақсы бастама айтқан еді. Осы жағы қаперден шығып бара жатыр. Осы ескерілсе деймін», – деді сенатор. Сондай-ақ, Сенат депутаты «Ұлық Ұлыстың» ордасы ретінде Ұлытаудың туристік әлеуетін пайдалануға жете мән беріп, бұл ретте Жошы хан кесенесін туризмді тартатын үлкен жоба ретінде қарастыруды ұсынды. Жиын барысында белгілі қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы Елбасы,  Nur Otan партиясының Төрағасы Н. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тек тарихи жерлермен шектемей, оған ауқымды көзқарас тұрғысынан қарауды алға тартты. Осы бағытта кейбір мәселелердің барын да жасырмады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы тек археологиялық ескерткіштерді зерттеу немесе реставрациялау ғана емес, оның ең басты мақсаты – рухани құндылықтар. Жаңағы айтылған әрбір объектіні насихаттау және зерттеу. Ол – біздің рухымызды тәрбиелейтін, рухымызды көтеретін объектілер, жерлер. Соларға көбірек мән берсек. Өйткені, бұл – шын мәнінде ғылыми жоба емес, жас ұрпақты тәрбиелейтін нағыз идеологиялық жоба» – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Депутат, сонымен қатар Мәдениет және спорт министрлігінің назарын өңірлерде қасиетті жерлермен айналысатын тиісті органдардың жоқтығына аударып, бұл істі бұрынғыдай табиғатты қорғау инспекциясына жүктеп, оны министрлікке қайта бағындырған жөн, сондай-ақ қасиетті, киелі жерлерге инвентаризация жасау қажет деген ұсынысын ортаға салды. Travel-блогер, журналист, кеңес мүшесі Яков Федоров та Берік Әбдіғалиұлының ұсынысын қолдап, ең алдымен тарихи маңызы зор киелі жерлерге инвентаризация жүргізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, тарихи ескерткіштерге реставрация жасауда жұмыстың сапасы ойдағыдай болмайтынына назар аударып, енді бұл іске қоғамдық бақылау жасауды ұсынды. Еліміздегі көне қолжазбалар мен сирек кітаптар мәселелері Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми кеңесшісі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Задаш Дүкенбаеваның баяндамасына арқау болды. Тарихшы ғалым қолжазбалар орталығын ірілендіру керек деп санайды. «Шалғай жатқан аймақтардағы мекемелердің қорындағы қолжазбалар мен сирек кітаптарды орталық қорына жинақтап бірорталықтандыру қажет. Себебі, алыс аймақтардағы мекемелерде сақтауға, оларды зерттеуге жағдай жасалмаған. Реставрация мәселесі де жолға қойылмаған. Сол себепті бұл көне мұралар жойылып кету алдында тұр, тіпті кейбірінде не жазылғаны да белгісіз. Сондықтан шалғайдағы мекемелерде жатқан құнды мұралардың сақталуын қамтамасыз етіп, мемлекет өз қарауына алуы қажет. Әлемнің озық елдеріндегідей рухани құндылықтарды биікке қойып, оны дәріптеп болашақ ұрпаққа аманат ету үшін Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығын халықаралық деңгейде көтеріп, ұлттық кодымызды сақтауға, рухани байлығымыз бен барымызды сақтап дамытуға жағдай жасау керек», – деді Задаш Дүкенбаева. Аталған пікірді қолдаған Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының «Реставрация және консервация» бөлімінің басшысы Сырым Ботабеков өз кезегінде елімізде қолжазбалар бойынша реставратор мамандардың маңыздылығына тоқталып, реставрациялық зертханалар үшін жоғары оқу орындарында кадрлар даярлауға жете көңіл бөлінсе деген ұсынысын жеткізді.

Басқосуды Miras қоғамдық кеңесінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан қорытындылап, жиында айтылған ұсыныстар мен пікірлерді уәкілетті органның назарға алуын ұсынды.