Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров коронавирустың «омикрон» штамы кімдерге қауіпті екенін айтты.
"Қала үш бағытқа дайындалып жатыр. Бірінші – АМСК (алғашқы медициналық-санитарлық көмек). Бізде 1200 бөлім мен 600-ден астам мобильді дәрігерлер тобы бар. Қазір мобильді топтарды ресурстық қамтамасыз ету жүріп жатыр. Үй стационарында жүргендер үшін телемедицина орталығы қосылады", – деді әкім орынбасары.Ержан Бабақұмаров Қазақстанда "омикрон" штамы жастарға үлкен қауіп төндіреді деп есептейді.
"Жастарға үлкен қауіп төнеді деп есептеймін. Жас буынның арасындағы вакцинация деңгейі өте төмен", – деді Бабақұмаров.Әкімнің орынбасары қазір Алматыда коронавирусты жұқтыру қарқынына байланысты жоспар қаралып жатқанын айтты.
"Бізде инфекциялық емес станцияларды инфекциялық станцияға айналдыру жоспары бар. Қаладағы індетті жұқтырғандардың шамамен 30-40 пайызы ауруханада емделу керек деп есептейміз. Ауруханада жатқандардың шамамен 10 пайызы "ауыр" науқастар болады. Жансақтау бөлімдерін, реанимациялық төсектерді дайындадық, жетіспейтін жерді кеңейтеміз", – деді ол.