Алматыда 4 қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар сотталды
Алматыда 4 қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар сотталды
Алматыда қаржы пирамидаларын ұйымдастырған төрт адам сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Алматы қалалық ПД Тергеу басқармасының мәліметінше, қаржы пирамидасына қатысты төрт қылмыстық іс аяқталған. Олардың қылмыстық әрекеттерінен барлығы 500-ге жуық адам зардап шекті. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 1,5 млрд теңгені құрады.
"Олардың бірі – 33 жастағы А.Лим есімді азамат, 2017 жылдың ақпанынан 2018 жылдың тамызына дейін алаяқтық мақсатта азаматтар қаражатын алып отырған. Кейін "LS ins" ЖШС құрған. Азаматтар салған қаражатты толық көлемде қайтаратынына жалған кепілдік беріп, спорттық ойындарға ақша тігу арқылы пайда көргісі келген. Ол салынған қаражат бойынша сыйақыны кез келген уақытта, түрлі тәсілмен, оның ішінде картаға, банк шотына немесе кеңсеге аудару арқылы алуға болатынын айтқан. Алданған азаматтар арызы бойынша 188 қылмыстық іс тіркелген. Жалпы келтірілген шығын - 1 440 281 000 теңге", - деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.
Алмалы аудандық сотының қаулысымен А.Лим есімді азамат 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, Тергеу басқармасында Д.Алдабергеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол әлеуметтік желі арқылы инвестициялық жоба ашылғанын мәлімдеген.
"Жоба букмекерлік кеңселерде, сондай-ақ, әртүрлі бизнес жобаға ақша тігіп, салым салу арқылы қаражатты көбейтуге бағытталған. Салымшылар 30 пайыз және 50 пайыз пайда алу үшін Д.Алдабергенова және басқа адамдардың банк карталарына ақша аударған. Бірақ олар қаражатты аударса да, пайда көрмеген. Күдікті Алмалы аудандық сотының шешімімен 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды", - деді Әбдірахманов.