Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Қадірлі отандастар! Ардақты ағайын! Міне, егемендік жылнамасының тағы бір маңызды белесіне жеттік. Ескі жылмен қоштасып, жаңа жылға қадам басамыз. Бұл – әрбір адам ерекше көңіл-күймен қарсы алатын айрықша әсерлі сәт. Біз өткен жылды қорытындылап, алдағы кезеңге жоспар жасаймыз. 2021 жыл еліміз үшін оңай болған жоқ. Дегенмен, халқымыз кез келген сын-қатерге төтеп беріп, барлық кедергіні еңсере білді. Індет кезіндегі қиындыққа қарамастан, көптеген жетістікке жеттік. Экономикамыз біртіндеп оңалып, жұрт қалыпты өмірге орала бастады. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында тиімді шаралар жүзеге асырылды. Жас ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар қауымының жалақысы көбейді. Миллионнан астам тұрғын зейнетақы жинағын баспана алуға, ипотекасын өтеуге, емделуге жұмсады. Алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Адам құқықтары саласына қатысты іс-шаралардың арнайы жоспары бекітілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жан-жақты қолдау үшін жүйелі жұмыс жүргізілді. Парламент менің бастамам бойынша реформаларды одан әрі жалғастыруға тың серпін беретін бірқатар заң қабылдады. Жалпы, әрбір салада нақты нәтижеге қол жеткіздік. Мемлекет халықтың әл-ауқатын жақсартып, елдің бәсекеге қабілетін арттыруға бар күш-жігерін жұмылдырды. Бір сөзбен айтсақ, биыл күрделі жыл болса да, толайым табысқа толы, жемісті жыл болды. Мұның бәрі – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы. Ел игілігіне қызмет етіп жүрген әрбір азаматқа осы сәтте шынайы ризашылығымды білдіремін!